Батыс Қазақстан облысында биыл 230 мың гектар алқапқа егін егілген болатын. Бүгінде егінді жинап алу үшін қызу еңбек жүріп жатыр.
– Тасқала – егін шауашылығын табыс көзіне айналдырып отырған ауданның бірі. Жыл сайын тұқым себілетін жер көлемі ұлғайып, өнімнің түсімділігі артып келеді. Себебі егін егудің ғылыми тәсілін сақтау және жаңа технологиямен жұмыс істеу диқандар жұмысын жаңа сатыға көтерді. Биыл аудан шаруашылықтары 37,3 мың гектарға тұқым септі. Қазірдің өзінде дәнді дақылдар бойынша егін орағы аяқталды. Осы жаз маусымы құрғақшылық болғанына қарамастан, жергілікті диқандар орта деңгейде өнім жинады. Мысалы, 3800 гектар алқаптағы күздік дақылдардан 6550 тонна өнім алынды. Орташа түсім әр гектарға 17,2 центнерден келді, – дейді Тасқала ауданының әкімі Алдияр Халелов.
Бұған қоса өңірде 12 440 гектар майлы дақылдар алқабы бар. Бүгінде мақсары жиналуда. Қыркүйек айының соңына қарай күнбағыс орылады.
Аудан басшысының айтуынша, 2021-2022 жылдары Тасқала ауданы егіс көлемін 60 мың гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ айналымда пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, сол жерлер жұмыс істеуге қабілетті шаруашылықтарға аукцион тәсілімен беріледі.
Тасқала ауданы шаруа қожалықтары жыл басынан бері жалпы құны 314 млн 384 мың теңгеге жаңа ауыл шаруашылық техникасын жаңартқан екен. Бұл дегеніңіз – 6 «Беларус» тракторы, 2 «Кейс» тракторы, 2 «Джон Дир» маркалы комбайны, 2 «Кейс» комбайны, 1 «Вектор» комбайны, 1 бүріккіш, 1 дискатор, 31 дәнсепкіш, 52 күн батареясы және тағы басқа 12 бірлік құрал-жабдық.
Қазіргі таңда Тасқала элеваторы тұрақты жұмыс істеп тұр. «Бұл жергілікті диқан үшін өте қолайлы. Сыйымдылығы 50 мың тонналық элеватор астықты сұрыптаудың барлық жабдығымен қамтылған» дейді Алдияр Сансызбайұлы.
Биыл құрғақшылыққа байланысты жалпы өңірде мал азығы тапшылығы сезілуде. Тасқала ауданы бойынша 88,5 мың тонна шөп дайындау жоспарланса, қазір 61,6 мың тонна шөп жиналған. Бұған былтырдан қалған 15,5 мың тонна шөпті қосқанда, жоспар 87%-ға орындалған. Мал азығын дайындау жұмысы жалғасуда.
Табиғи жағдайы жер тырмалайтын диқан қауымына барынша қолайлы Тасқала ауданында көкөніс және бақша дақылдарының жалпы егіс көлемі биыл 230 гектарға жетті. Диқаншылықтың дамуына көктемде ұжымдар мен жеке тұрғындар үшін бау-бақша ұйымдастырылуы оң әсер етті. Ұзақ жылдан ұмыт қалған ұжымдық бау-бақша отырғызу дәстүрі қайта жаңғыртылып, аудан орталығында 5 гектар жер дайындалып, картоп отырғызылды. Аудан әкімдігі бау-бақша егуге арналған жерді тегін жыртып, моторлы насоспен суаруды тегін ұйымдастырды. Биыл бұл бастамаға 32 ұжым және көптеген ауыл тұрғыны қатысты.
– Осы тиімді тәжірибені ескере отырып біз бау-бақша егуді ұлғайта түсуді жоспарлап отырмыз. 2021 жылғы көктемде 30 гектар жер дайындалатын болады. Ниет білдірушілерден ешқандай құжат және қаржы талап етілмейді. Жыртып, дайындап қойған жерге бақша отырғызып, өнім алуды ұсынамыз. Тасқаланың жері құнарлы. Еккен ағаш та, отырғызған жеміс-жидек те жылдам бой көтереді. Оның үстіне өз бақшаңның өнімі дәмді әрі сапалы болады, – деді аудан әкімі.
Айта кетерлігі, осы бастама Тасқала ауданының барлық ауылдық округтерінде ұйымдастырылмақ. Биыл ауылдардың маңындағы бірнеше бөгетке жөндеу жүргізілуде. Соның ішінде, тұрғындар көптен сұрап жүрген Ақтау ауылының су бөгеті құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Аудан басшысының айтуынша, болашақта осындай су бөгеттері барлық округ орталықтары жанында болмақ.
Батыс Қазақстан облысы