«Egemen Qazaqstan» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі А.Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессор-оқытушы құрамымен және студенттерімен кездесіп, ел Президентінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру төңірегіндегі ой-пікірлерімен бөлісті.
Бас басылым басшысы Жолдаудағы халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру жөніндегі міндетке баса назар аударып, осы жайындағы өзінің ой-пікірін білдірді.
– Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы көкейде жүрген көп түйткілдің тамырын тап басты деуге болады. Толғақты мәселелер, өзекті тақырыптар қамтылды. Ғылым мен білімге қатысты да біраз жайт айтылды. Әсіресе «Бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз. Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу» деген Президенттің «Ұлттың жаңа болмысы» туралы ой-пайымдары зиялы қауым өкілдеріне жауапкершілік жүгін арқалатып отыр. Бұл ретте ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген сөзі бізге бағдар болуы тиіс, – деді Дархан Қыдырәлі.
Сондай-ақ кездесуде Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған «Жошы хан. Тарихи жазба, археологиялық, фольклорлық деректер жинағы», «Ұлық Ұлыс (Алтын Орда), Шағатай, Моғолстан мемлекеті», «Золотая Орда: история, государственность, культурное наследие» және Ресей тарихшысы А.Порсиннің «Берке. Мусульманин на монгольском троне» атты кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті. Дархан Қыдырәлі аталған кітаптарды және Рашид ад-Диннің бес томнан тұратын «Жамиғат ат-тауарих» еңбегін университеттің кітапхана қорына сыйға тартты.
Сонымен қатар кездесу барысында «Egemen Qazaqstan» газеті мен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Аталған құжат бойынша оқу орнында білім алып жүрген журналистика кафедрасының студенттері бас басылымның редакциясында өндірістік тәжірибеден өтетін болады.
Кездесу соңында Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің басшысы Нұрлан Дулатбеков білім ошағындағы оқытушылар құрамы мен студенттер үшін «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 данасын жаздырып беретінін жеткізді. «Мұның өзі бас басылым мен университет арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді», деп атап өтті Нұрлан Дулатбеков.