Биылғы жазда Сырдария арнасының күрт түсіп кетуі бар тіршілігін дариямен байланыстырған өңір жұртын үлкен бір алаңға салып қойғаны анық. Әрине, өзеннің қыста толып, жазда солып ағатыны көз үйренген құбылыс еді. Бірақ осы жаз бастауын дариядан алып, облыс орталығын суландырып тұрған «Сарқырама» каналы қаңсып жатты. Қала маңындағы саяжай иелері еккен бақша өнімдері де судан қалды.
Қамбаш көзден бұл-бұл ұша жаздады
Биыл әр жазда жағалауынан жұрт арылмайтын Қамбаш көліне баратындар сап тыйылды. Көлемі жағынан кіші Аралдан кейінгі ірі көлге асығып жеткендердің өзі жағалауын кеміріп жатқан бұрынғы айдынды көре алмағаны анық. Сырдария өзеніндегі су тапшылығынан бір жазда көл жағалауынан 250-300 метрге шегініп кетті. Мамандар жыл сайын бірнеше мың тонна балық ауланатын Қамбаштағы тіршілік иелерінің жайын айтып, мәселе көтерген еді. Ауыл тұрғындарының да тартылған су табанынан шыққан күлімсі иіске тұншығып отырғаны белгілі болды.
Суы көз жасындай мөлдір Қамбашта әр жазда шамамен 60-70 мың турист демалатын. Инфрақұрылымы жолға қойылып, жетпіске жуық кәсіпкер нәпақа тауып отырған. Биыл тартылған көлмен бірге олардың бизнесі де тоқтады.
Осы жылы су тапшылығының боларын мамандар ерте-ақ болжаған еді. «Қазсушар» РМК облыстық филиалы, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы былтырғы желтоқсаннан бастап алда егілер күріш көлемін 78 500 гектардан асырмау керектігі жөнінде ұсыныс берген. Оны облыстық әкімдік шаруашылықтарға егіс науқанынан бұрын ескерткен. Бірақ осының бәріне қарамастан биыл 90 мың гектардың үстінде күріш егілді.
– Қазір екінің бірі күріш егуге құмар. Мемлекеттің осы салаға қолдауын пайдаланып қалғысы келетіндер көп. Бірақ оның қоршаған ортаға әсерін де ойлауымыз керек. Биыл барлық жерде су тапшы. Тіпті өзбектер мақтаны 50 пайызға дейін азайтты дегенді естіп отырмыз. Ал бізде керісінше күріш алқабы өсті. Осының салдарынан биыл Қамбаш қатты тартылып кетті. Кезінде мақта мен күрішке су алып, Аралды кептіріп едік. Енді сол кепті Қамбашқа кигізсек, алып айдынды орнына келтіру қиын болады, – дейді Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Жұмахан Нұрсейітов.
Облыс әкімдігі де мәселенің қаншалықты күрделі екендігін жақсы түсініп отыр. Бірақ оның түйіні жеке шаруашылықтарға байланысты. Олардың қанша алқапқа күріш егіп отырғанын да анықтау қиын. Тексеру үшін тиісті орындардың рұқсатын алуға уақыт жұмсайсың. Барғанның өзінде шаруа қожалықтарының басшылары бизнесті тексеруге жарияланған үшжылдық мораторийді көлденең тартып шыға келеді.
Келесі жылы да су көбейе қояды деген үміт аз. Былтыр осы уақытта қырғыздардың «Тоқтағұл» су қоймасында 17 млрд текшеметр су тұрған, қазір ондағы көлем 15 млрд текше метр ғана. Өзіміздің Шардарада өткен жылы осы мезгілде 1,5 млрд текше метр су сақталса, қазіргі мөлшері 850 млн текше метр төңірегінде.
Мамандар қазір күріш егіп жүргендердің көпшілігі диқаншылық дәстүрден алыс екенін айтады. Олар егіншілікке еңбек деп емес, көл-көсір табыс әкелетін бизнес деп қана қарайды. Мысалы, биыл біраз аумақ каналдан алыс, тіпті кейбірі биік жерге егілген. Демек, оны еккендердің бұл кәсіптен хабары аз.
– Жақында ғана Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауылшаруашылығы саласындағы мамандардың тапшылығы жайлы жақсы айтты. Бұрын егін егетін шаруашылықта инженер-гидротехник маманы болатын. Ал қазір тіпті ондай мамандар даярланып жатқанына күмәнім бар. Президент басты құжатта атап өткендей, суару жүйесі ескіргендіктен онсыз да қасқалдақтың қанындай судың жартысы далаға кетіп жататын кездері болады. Ең алдымен осыны реттеуіміз керек, – дейді Жұмахан Нұрсейітов.
Күрішті мемлекет сатып алса...
Суды ысырапсыз пайдаланудың бірден-бір жолы ауыспалы егіс жүйесін ұйымдастыру. Жуырда журналистермен кездесуде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова алда ауыспалы егіс жүйесіндегі күріш көлемін 75-80 мың гектарға тұрақтандырып, мал азығы түріндегі дақылдар көлеміне басымдық беру көзделіп отырғанын атап өтті.
Ал Арал-Сырдария бассейндік инспекция басшысының орынбасары Жұмахан Нұрсейітов күріш өндірісін мемлекеттік азық-түлік қауіпсіздігі аясындағы шараларға енгізу керек деген ойда. Онда күріштің егілетін көлемін мемлекет өзі белгілейді, соған сай түрлі субсидия береді. Кейін дайын өнімді белгілі бір бағамен сатып алады. Ал оған кірмеген шаруашылықтар өз шығынын өзі көтеруі керек.
– Осыған көшсек, қазір күріш егуге құлшынып жүргендердің талайы аяғын тартар еді. Әрине, аймақтың брендіне қарсылығымыз жоқ. Бірақ дәл қазір осы өнімнің пайдасынан зияны көбірек болып тұрғанын жасырмайық. Жыл сайын ұлғайған алқаптар салдарынан Кіші Аралға түсетін су азайып барады. Мұның арты табиғи апатқа соқтырады, – дейді ол.
Осы жылы «Қазсушар» РМК облыстық филиалы жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, шаруалар егіс алқаптарын кезектесе суару үшін кесте жасады. Ала жаздай әр ауданға шапқылап, әупірімдеп су беру маусымын аяқтады. Мұндағы мамандардың пікірінше, облысқа су қоймаларын салу керек. Қазір Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті осындай екі қойманың жоба-сметалық құжаттамасын дайындау үшін қаржы бөліп, бұл бағытта жұмыстар басталды. Осы жобада қаралып отырған Қараөзек және Күміскеткен су қоймалары салынса, аймақтағы егін шаруашылығы еңсе тіктеп, ілгеріде үйрек ұшып, қаз қонған көлдердің біразы пайда болып, өңір экологиясы жақсара түседі. Ең бастысы, көршілерге деген кіріптарлықтан арылар едік. Қазір «Кісідегінің кілті аспанда» дегеннің керін келтіріп отырған Қырғызстан мен Өзбекстанға күніміз түсе берсе, Кіші Аралдан, Сыр бойында онсыз да санаулы ғана қалған көлдер жүйесінен айырылып қалуымыз әбден мүмкін.
Қызылорда облысы