Ұлт мәдениетінің эстетикалық мәнін айшықтайтын қазақтың ою-өрнегі. Талайғы тарихтың таралғысы тұтаса келіп текемет бетіне жайғасқанда, жүрек көзеңізді біреу қайта шайқап жібергендей күй кешесіз. Жаныңызды балқытып, ілкі заманның шежіресін шерткендей болады. Қанша ғасыр аунаса да ұлттық санамызбен біте қайнасып кеткен нақышты ою-өрнектер баба дәстүрінің балталаса бұзылмайтын бөлшегі.
Ою-өрнек – әлемдегі барлық халықтың ішкі мәдениетін көрсететін элементтердің жиынтығы. Көне замандарда қалыптасып, бүгінге дейін өз қасиетін жоғалтпай жеткен ірі мәдениет үлгісі. Халық арасындағы шеберлер сәулетті ғимараттар мен киім-кешектерді, қару-жарақты, тағы басқа толып жатқан тұрмыста тұтынатын бұйымдарды зерлеп, әшекейлеп отырған. Төзімділік пен сұлулықты қажет ететін бұл саланың даму барысында әр дәуірдің өз таңбасы бар. Оның үлгісінде әр халықтың ерекшелігі, тарихи келбеті айқын танылады. Ол қазақ халқының ауыз әдебиеті секілді мәдени шежіре.
Ою-өрнектің мыңжылдықтар қойнауында жатуының сырын көне әшекей-бұйымдардың сан мыңдаған түрлерінен көруге болады. Әрбір өрнектің өзіндік атауы мен мән-мағынасы болғандығын да үлкендеріміздің аузынан жиі естіп қалатынымыз бар. Міне, біздің ұлылығымыз осындайдан аңғарылады.
Кешегі кимешек киген әжелердің, орамал таққан аналар мен келіндердің қолынан шыққан ою-өрнектер қиялдың ұшқырлығын байқатады. Бір ғана оюдан қазақтың тарихын сезінуге болады. Ұлт болашағын ойлаған әрбір ана қыздарына жас күнінен қолына ине-жібін, тоқыма бізін ұстатып, шеберлік сабағын өткізген. Міне, қыз тәрбиелеудегі басты қағида осыдан бастау алады. Бұл – бүгінгі қыз ертеңгі ибалы келін, асыл жар, аяулы ана атану жолындағы үлкен мектеп. Қолдан жасаған бұйымдары арқылы қыз баланың мінезі аңғарылып тұрады деген пікір де өте орынды айтылған. Себебі, қолөнер бұйымдарының қай-қайсысын алып қарасақ та, арнайы өлшеммен пішіліп, бұрыштарының бірдей болуы тікелей ананың еңбегі екенін аңғаруға болады. Өткен заманда қазіргідей сызғыш, қарындаш сынды құралдарды пайдаланбаған. Осы тұстан біз математикалық-геометриялық ой-желісімізді де терең білгендігімізге көз жеткізе аламыз.
Әсіресе ұлтымыздың қолтума сәндік өнерінде ою-өрнектер көбірек қолданылады. Халықтың географиялық ортасына, әдет-ғұрып, салт-дәстүріне байланысты ою-өрнек үлгілері әртүрлі жағдайда дамып, түрленіп отырған. Сондықтан да қолөнер шеберлері жасаған заттың әрқайсысының қалай әшекейленіп, өрнектелгеніне жіті зер салған жөн. Ою-өрнек өнері ежелгі заманда қалыптасып, дамып, бүгінгі күнге дейін өз қасиетін жоймай, ірі рухани мәдениет үлгісі ретінде сақталып келеді.
Жалпы, ою-өрнек математика сабағы сияқты. Дәлдік, есеп, теңдік, теңеу амалдарын менгерген абзал. Оған сән мен көркемдікті қосыңыз. Адамды икемділікке тәрбиелеп, дәлдікке баулиды. Әрине, бұл ойдың да өзіндік астарлы мәні бар. Бір оюға қарап отырып, оған неше түрлі теңеу тауып, бірнеше ой қосуға болады. Қазақтың ою-өрнегі бейнелеу өнерінің сәндік үлгісі ғана емес, ол философиялық терең мағынаға негізделген.
Қазақтың ұлттық ою-өрнектері мен оның атаулары көп. Бүгінде ғалымдар екі жүздей түрін ғана анықтапты. Ою-өрнекте көңіл-күй мен сезім тереңдігі болады. Қазақ дәстүрлі мәдениетінде жастарға өзінің тұрмыс жағдайы мен тәлім-тәрбие ұғымдарын кілемшедегі нақыштардың мағыналық ерекшеліктерімен жеткізіп отырған. Шетелдік ғалымдардың «Қазақтар ою-өрнек әлемінде тұрады», деп баға беруі бекер емес. Тіршілігі төрт түлікпен тікелей байланысты көшпелі халқымыздың мал – кисе киімі, ішсе тағамы, мінсе көлігі болған. Олар мал жүнін иіріп киіз үй жасауларын, киімдерін тоқыған, ал сүйегінен, мүйізінен немесе терісін илеп күнделікті тұрмысқа қажетті заттарын дайындаған. Тіпті, малмен байланысты ұғым-түсініктерін ою-өрнектер арқылы бейнелеп отырған.
Біз жоғарыда айтқандай мәдениетіміздің сыртқы көрінісі ою-өрнектеріміз арқылы көрінеді. Ұлттық киімдеріміз – ұлттың ұстыны. Онда бедерленген ою-өрнектер өткен тарихтың жыршысындай. Қарап отырып, қайран қаласыз...