Jas Otan жастар қанаты бүгінге дейін бірталай істің басы-қасында жүріп, ел үмітін ақтап келеді. Волонтерлік жұмыстары туралы Jas Otan жастар қанаты Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Бақдәулет Жанділдаев толығырақ тарқатып бермек.
− 2020 жыл «Волонтер жылы» деп аталған сәттен бастап жасотандықтардың күші бекемденіп, ортақ мақсат жолында еңбек етуге кірісті. Бұған дейін де айтулы іс-шаралар мен қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытсақ, бұл жолы арнамызды кеңейтуге атсалыса бастадық. Пандемияның ауыр зардаптарына қарамастан, халқымыздың ынтымағы мен ауызбіршілігі одан әрі нығая түсті. Осы тұста волонтерлердің ерен еңбегі көпшілік алдында еленгеннің үстіне елене берді. Қалың елдің алғысынан кейін, қалайша тыныш отыра аламыз?! – дейді Бақдәулет Жанділдаев.
Елордалық жасотандықтардың жетекшісі ең белсенді жастармен бірге «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық» және тағы басқа партиялық жобалар аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ жалғызбасты қарттарға қолұшын созды.
− Елде індеттің белең алған кезінде «Biz birgemiz» жалпыұлттық акциясының шеңберінде қалалық жастар саясаты басқармасына қарасты волонтерлер штабымен бірге 10 мыңнан аса азық-түлік себеті мен гигиеналық заттар, соның ішінде 500 мың медициналық бетперде таратылды. Сонымен бірге Nur Otan партиясының қолдауымен акцияның екінші толқынында қалаға 2 млн медициналық бетперде әкелініп, соның үштен бірін табыстадық, − дейді белсенді.
Бейдауа кеселдің аптығын басуға дәрігерлермен бірге волонтерлер де септесіп келеді. Осы орайда жасотандықтар елордадағы 2,5 мыңдай медицина қызметкеріне «Алғыс пакеттерін» тапсырған еді. Әрбір себетте дәрігерлерге арналған витаминдер мен пайдалы өнімдердің оннан аса түрі жинақталды. Бұдан өзге, адам ағзасына дауа болатын қымыз өнімі де жеткізілді. Акция еліміздің барлық өңірінде жалғасын тауып, айрықша қолдауға ие болды.
Бақдәулет Жанділдаевтың айтуынша, қасиетті Құрбан айт мерекесінде «Нұр-Астана» мешітінің, қалалық Дін істері басқармасының және қалалық жастар саясаты басқармасына қарасты еріктілер штабының мүшелерімен бірлесе отырып, 31 шілде мен 2 тамыз аралығында медицина қызметкерлеріне ыстық тамақ жеткізіп берген. Сондай-ақ тегін тамақпен күн сайын 2 700-ден аса қызметкер жұмыс істейтін 12 стационар қамтылғанын айтып өтті.
«Тағы бір айта кетерлігі, елордада биыл шомылу маусымында адам өлімі азайды. Өйткені біздің волонтерлер Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлеріне қолғабыс етіп, бірталай зардаптың алдын алды. Кешенді шаралардың арқасында ересектер өлімі 28 пайызға, ал балалар өлімі 100 пайызға төмендеді. Игі дәстүрді жасотандықтар жыл сайын жалғастырып келеді», дейді қалалық Jas Otan жастар қанатының төрағасы.