Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында ауыл әкімдерін сайлау туралы мәселе елең еткізерлік жаңалық болды. Бұлай болуының негізі де бар сияқты, себебі салт-дәстүріміздің бесігі, халқымыздың жартысына жуығы тіршілік етіп жатқан, желдің өтінде, елдің шетінде дегендей ортада ел басқару оңай шаруа емес.
Әлемнің дамыған елдерінде демократияның басты қағидаларының бірі басшыларды сайлау жүйесі ертеден қалыптасқан. Демек, біздің жағдайымызда әкімдер сайлауының ерекшелігіне келсек, жергілікті билік басшылары жоғарғы жаққа алаңдаушылықтан арыла, халық алдында жауапкершікті терең сезіне, қызметтерін еркін атқаруға мүмкіндік алар еді. Сондай-ақ аудан әкімі қызметінде болғанымда, кейбір аудандық мәслихат депутаттарының «бізді халық сайлады, сондықтан да халық мүдесі қатты толғандырады» деп, мәслихат сессияларында қисынсыз мәселелерді көтергенде, бұдан да аудан әкімінің де сайланғаны жақсы ғой деп, Президент әкімшілігіне аудан әкімдерін сайлау жөнінде арнайы ұсыныспен шығып, әріптестерімнің реніштеріне де қалған кездер болды. Бір сөзбен айтқанда, ертеден ата-бабаларымыз болыс, аға сұлтан таңдағанда бас иген сайлау іс-шарасының маңыздылығына бүгінде де ешкім күмән келтірмесе керек.
Дегенмен бұл орайда сайлауалды көптеген жайт ескерілуі қажет сияқты. Мысалы, бұрын да елімізде аудан, ауыл әкімдерінің сайлауы өткізілді, оларды аудандық мәслихат депутаттары сайлады. Ал депутаттарды халық сайлаған жоқ па? Осы іс-шараның тәжірибелік болса да нәтижесі сараланған жоқ, меніңше бәлендей оң өзгерістер болмаған тәрізді. Сондықтан сайланған әкім ауыл тұрғындары үшін қандай жағымен тиімді қызмет көрсете алады деген сұрақтың маңайында ой жүгірткен артық емес. Ертеректе елімізде тұңғыш өткізілген (ауылдық округтердің негізгі тірегі болған) совхоз директоры сайлауының бірінде облыс басшыларының ұсынысымен үміткер болып, біраз жағдайды байқағандай болдым. Шынын айтқанда, бұл іс-шараның қорытындысында басшылары сайланған кейбір шаруашылықтардың мал-мүліктері қолды болып, жекешелендіру басталғанша тарап та кеткен жағдайлар болды. Демек, бірінші кезекте сайланған ауыл әкімдері мен аудандық әкімшілік қызметтік қарым-қатынастары қандай деңгейде болатынын айқындау қажет. Жасыратыны жоқ, Кеңес дәуірінің 70 жылында қалыптасқан менталитет бойынша, тәуелді, бағынышты болмасақ айтқанды орындай қоймаймыз ғой. Осы жағдайларды ескере, ауыл әкімдеріне үміткерлерді екіден кем емес санда аудан әкімі ұсынатын болса, сайлау (таңдау) құзыреті халықта қалады. Сондай-ақ ауыл әкімі мен аудан, облыс әкімдері арасындағы айырмашылық, басқарып отырған аумақ халқының саны мен жер көлемінде ғана, яғни бұрынғы әр деңгейдегі атқарушы органдар бірінші басшылары ел Президентінің өңірлердегі өкілетті өкілдері деп есептелетін жүйені қайта қалпына келтіру де орынды сияқты. Себебі қандай да болмасын әкімшілік-аймақтық құрылымдарға басшылық жасау, бұрыннан дәлелденген сауаттылық, беделділік, патриоттық қасиеттерді қажет етеді. Дана бабамыз әл-Фараби: «Әкімдер жаны да, тәні де таза, оқығаны көп, ғылым-біліммен айналысатын, заманның зиялы өкілі болу керек», деп жай айтпаса керек. Сондықтан да ауыл әкімдері сайлауы үміткерлеріне қойылатын талап: жоғары білімді, кәсіби мамандығы сайланбақ өңір өндірісіне сай келетін, тәжірибелі болуы керек. Мүмкін мұндай үміткерлер ауылдық жерлерден табыла бермейді деген уәж айтылуы мүмкін, онда арнайы дайындау керек немесе басқа өңірлерден де тартуға болады. Бұл мәселеге «ауыл ғой» деп жүрдім-бардым қарауға болмайды.
Келесі бір күрделі мәселе, сайланған ауыл әкімі міндетті қызметтерін атқара алмаса, келеңсіз іс-әрекеттерімен ерекшеленсе, (қылмыстық істен басқа) оның қызметтен босатылу процедурасы қалай болмақ. Мұндайда халық сайлады, халық қана босатады деген тәртіп те бар. Мысалы, тиісті тетіктердің ойластырылмағанынан Ресейде халық сайлаған Владивосток қаласының мэрін қызметінен босату үшін ел Президенті араласқанның өзінде бір жыл қажет болған екен. Сондай-ақ осындай жайттардың ескерілмеуінен елімізде көп мерзімге жалға берілген ауыл шаруашылығы жерлерінің басым бөлігінің пайдаланылмауына байланысты Үкімет тарапынан атқарылған іс-шараларға қарамай, бұл мәселе бүгінге дейін тиісті шешімін таппай келеді.
Менің ойымша, сайланған ауыл әкімдерін мерзімінен бұрын қызметінен босату, аудан әкімінің ұсынысы негізінде ауыл тұрғындарының басым бөлігінің жасырын дауыс беру қорытындысына сай атқарылса. Келесі мәселе, соңғы кезде төменгі мемлекеттік атқарушы билік сатыларынан (ауыл, аудан) ауыл тұрғындары үшін маңызды, жергілікті жерлер құзырында болуға тиісті аудандық білім беру, денсаулық сақтау мекемелерін облыс, республикалық деңгейлерге бағынышты ету іс-шаралары жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Сонда ауыл шаруашылығы аудандарында негізгі саналатын ауыл шаруашылығы өндірісі жекеменшік құрылымдарының еншісінде болса, ауыл коммуналдық саласы бәлендей іс-шараларды қажет етпейді десек, келешекте аудан, ауыл әкімдері халық алдында қандай қызметімен ерекшелене алады? Сондықтан да сайлау алдында облыс, аудан, ауыл әкімдіктері өкілеттіктерінің аражігін ажыратып, нақтылау да кезек күттірмейтін мәселе. Сонымен қатар бұл іс-шарада көптен жолы болмай жүрген «Жергілікті өзін өзі басқару», «Жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары туралы» заңдардың да уақтылы қабылдануы маңызды.
Дегенмен де, сең орнынан қозғалды, яғни бұл маңызды іс-шараға қоғам болып қолдау көрсетейік.
Кәкімжан САРХАНОВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақ ауыл шаруашылығы ғылым академиясының корреспондент-мүшесі