• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Қыркүйек, 2020

Ақтөбе облысында 12 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады

1114 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысында "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" бағдарламасы шеңберінде осы жылдың соңына дейін 11 мың 942 жаңа жұмыс орындары құрылады, деп хабарлайды Egemen.kz

Оның 11 мың 567-сі уақытша, 375-і тұрақты жұмыс орындары деп белгіленді. Негізінен маусымдық сипатқа ие уақытша жұмыс орындары елді мекендерге бюджеттік бағдарламалар бойынша инфрақұрылымдар жүргізетін мердігерлік мекемелерде ашылып жатыр. Жол жөндеу, аузсу жүргізгенде құбыр төсеу сияқты көбінесе қол еңбегін қажет ететін жұмыстарға ресми тіркелген жұмыссыздар шақыртылады. Уақытша құрылған жұмыс орындарындағы азаматтардың еңбекақысы 87 мың теңге деп белгіленді.

Егерде өңірде тұрақты жұмыс орындарын құру кідіріссіз жұмыс істеп тұрған немесе жаңадан ашылатын кәсіпорындар  есебінен жүзеге асырылатын болса, онда күн тәртібіндегі мәселе − жергілікті нарықтың сұранысын зерттеу болып тұр. Дәл қазіргі жағдайда әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіруші  жергілікті мемлекеттік органдар экономиканың салалары бойынша мамандар сұранысын анықтап отырған жоқ. 

Ол үшін халықты жұмыспен қамту мекемелерінің қолында жұмыссыздық картасы болуы керек. Онда жергілікті еңбек нарығында қандай мамандықтардың сұранысқа ие екендігі, қандай мамандықтарға қайта даярлаудың  қажеттілігі, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының экономикалық белсенділік деңгейі дәл көрсетілуі тиіс. Осы мақсатта облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласы мен 12 аудан әкімдеріне жергілікті жерлердің ерекшеліктерін ескере отырып, тұрақты жұмыс орындарын құрудың  механизмерін әзірлеуді тапсырды.   

Ақтөбе облысының Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Саламат Аманбаевтың айтуынша, осы жылдың соңына дейін өңірдегі барлық кәсіпорындар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің арнайы сайтына тіркелуге міндетті. Осы мерзімге дейін өңірдегі барлық өндірістік мекемелер тіркеліп болса, онда келесі жылдан бастап жұмыс орындарының ортақ базасы жасақталып, бос жұмыс орындарын анықтау мен жаңа жұмыс орындарын құру еңбек нарығын талдап-зерттеу арқылы іске асырылатын болады.