• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қыркүйек, 2020

Жауапты маусымға жан-жақты дайындық

114 рет
көрсетілді

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының есебінше, қазір өңірде жылу беру маусымына дайындық жұмыстары тиянақталып қалды. Биыл «Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында 4 млрд теңге қаржы қаралып, жылу қазандықтары жөнделді, ұзындығы 15 ша­қырым болатын магистраль-ды және кварталішілік жылу желілері қайта жаңғыртылды.

Жуырда облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен жылу беру маусымына дайындық жөніндегі облыстық штаб отырысында жауапты мерзімге әзірліктің жай-жапсары айтылды.

Бірқатар сала басшыларының хабарламаларын тыңдаған облыс әкімі қала, аудандардағы жұмысты бағамдай келе, кейбір мәселелерге уақтылы мән беріп, жұмысты тез арада реттеуді тапсырды.

– Белкөл кентінде жылу құбыр­ларын күрделі жөндеу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүр­гізілмей отыр. Барлық жүзеге асып жатқан жобалар 1 қазанға дейін аяқталуы қажет. Жөндеу жұ­мыстарының барысына арнайы кесте әзірлеп, орындалуы туралы әр аптаның дүйсенбісінде маған баяндауларыңыз тиіс, – деді облыс әкімі сала басшыларына.

Гүлшара Наушақызы аудандарға газ жеткізуді, әлеуметтік нысан­дарға жылу беруді уақтылы іске асыруды тапсырды. Осы күні Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандары орталығындағы газ тарату стансаларын пайдалануға қажетті қаржы мәселесі шешілді. Сондықтан да  «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы осы аудандарға газ беруді қаперге алу тиіс.

Жиында облыстағы әлеуметтік сала нысандарының дайындығына арнайы тоқталған аймақ басшысы облыстық денсаулық сақтау басқармасының жауапты мерзімге әзірлігіне күмәнді екенін айтты. Мысалы, Қазалыдағы аудандық туберкулезге қарсы диспансер мен Сырдария аудандық ауру­ханасындағы күрделі жөндеу жұ­мыстары толық аяқтала қойған жоқ. Сондықтан денсаулық сақтау басқармасы бас­шылығы аудан әкімдігімен бірлесе отырып, осы нысандардағы жылу жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуіне мән бергені жөн.

Отырыста облыс әкімі көп­қабатты тұрғын үйлерге жылу бе­ру мәселесін қарап, жаңғыртудан өт­кен үйлерге қатысты қала әкіміне бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ қоймаларға қажетті отын көлемін жеткізуді ширату керектігін айтты. Облыстық кәсіп­керлік және туризм басқармасы көмір қоймаларында тапшылықтың туындамауын, қыс­тың көзі қырауда бағаның негізсіз өспеуін қадағалауы керек.

– Алдыңғы жылдары көмір тап­шылығы мен бағаның күрт өсуіне байланысты дүрбелең туғанын ұмыта қоймаған боларсыздар. Сондықтан басқарма екі ортадағы делдалдардың жолын кесіп, кәсіпкерлердің көмір өндіруші мекемелермен тікелей келісімшартқа отыруын үйлестіруі тиіс, – деді өңір басшысы.

Коммуналдық саланың басты проблемасының бірі көрсетілген қызмет ақысын жинау екендігі белгілі. Осыған байланысты аймақ басшысы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық басқармасы мекемелер арасындағы берешек қарыздарды болдырмау шараларын қабылдау керектігін айтты. Ал облыстық экономика және бюджеттік жос­парлау басқармасы электр энергиясы тарифінің өсуі­не байланысты бюджеттік меке­мелердің шы­ғындарын қайта қарауы керек.

Штаб отырысында өңір басшысы облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің инс­пекторлары 1 қазанға дейін қаладағы және аудандардағы нысандарды аралап, мониторинг жүргізуі қажеттігін де атап өтті.

 

Қызылорда облысы