• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Абай 17 Қыркүйек, 2020

Әлемді шарлаған «Абай жолы»

39245 рет
көрсетілді

Жалпы, Абай дегенде, абайтану ғылымы дегенде, классик жазушымыз Мұхтар Әуезовтің есімі алдымен аталатыны заңдылық. Абай жайында жазылған көркем туындылардың ішінде, сөз жоқ, «Абай жолы» роман-эпопеясының жөні де, орны да мүлде бөлек. «Абай жолы» арқылы қазақ көркем сөзі, қазақ прозасы бүкіл дүниежүзі классикалық әдебиетінің биігіне көтерілді.

Әлемнің 116 тіліне аударылған роман-эпопея 200 томдық «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясында 134-135 том болып тұр. Мәс­кеу мен Санкт-Петербург қалаларының өзінде роман-эпопея жиырмаға жуық қайта басылып шығыпты. Соңғы рет белгілі жазушы, аудармашы Анатолий Кимнің жаңа, тың аудармасымен басылды. Сондай-ақ тәуелсіздік жылдары түрік, иран тілдеріне аударылды.

Әлемге әйгілі қырғыз жазу­шысы Шыңғыс Айтматов: «Мен мұны қазақ халқының жал­пы адамзаттық көркем ой параса­тының маржанына қосқан тіке­лей үлесі деп бағалаймын. «Абай» эпопеясы – бұл біздің көр­­кемдік және әлеуметтік эн­цик­лопедиямыз, ол біздің ортақ мандатымыз...», деген еді.

Халқымыздың ұлы тұл­ға­ларының бірі – Қаныш Сәтбаев жарты ғасырлық «қазақ өмірінің энциклопедиясы» деп бағалаған роман-эпопеяда Абай өмірінің саналы жарты ғасыры қамтылып, халық тұрмыс-тіршілігінің, салт-ғұрпының тұтас көркем бейнесі жасалған.

Халқымыздың асыл текті тұл­ғаларын қынадай қырған 30-жылдарғы қуғын-сүргін жазу­шы­­лық жолға жаңадан түскен М.Әуезовті де айналып өтпеді. Сол нәубеттің тауқыметімен шарпыса жүріп, жазушы өз өмірінің басты кітабы – «Абай жолы» эпопеясына аса тыңғылықты дайындалды. Алдымен Абай шығармаларының екі томдық толық жинағын шығарды. Ақын туралы деректерді тын­­бай жинастырды, оның өмір­баяндық, шығармашылық жолын ғылыми тұрғыдан бір ізге тү­сірді. Болашақ эпопеяның ал­ғашқы тарауы «Татьянаның қырдағы әні» деген тақырыппен жарық көрді. Осыдан бастап М.Әуезовтің қалған барша саналы ғұмыры тек кемеңгер Абай тұлғасын жан-жақты бейнелеу­ге арналды. Сұңғыла сурет­кер тарих пен тағдыр берген мүм­­кіндікті шебер пайдалана отырып, табиғи болмыс-біті­мін­дегі қаламгерлік қарым-қа­білетті, ақыл-зейінді, таным-түйсікті, өмірлік және көркемдік тәжірибенің барлық күш-құді­ретін «Абай жолына» сарқа жұм­сады. Соның нәтижесінде туған ғажайып роман-эпопея ар­қылы халқымыздың тарихи зер­десін қайта қалыптап, көшпелі жұрттың тіршілігін жаңаша жаңғыртты.

Тынымсыз еңбек, терең ізде­ністің, зор шығармашылық қа­жыр-қайраттың нәтижесінде дүниеге келген төрт томдық эпо­пея дүниежүзі әдебиетінің төрінен лайықты орын алды. Ұлтымыздың мерейін тасытып, мәртебесін көтерді, мәдениетінің даңқын аспандатты, төрткүл әлемге қазақ деген халықтың та­­лайлы тарихын, тұрлаулы тағ­дырын, қадір-қасиетін паш етті.

«Абай жолында» ХІХ ғасыр­дағы қазақ қоғамының тыныс-тіршілігі, салт-санасы кеңінен қамтылып, сан қырлы тұтас галерея жасалған. Халқымыздың этнографиялық, діни, рухани, мәдени дәстүрлері: жаз жайлауға, қыс қыстауға көшу, құдалыққа бару, той атқару, ас беру, түрлі сайлау, дау-шарлар, сондай-ақ жеті ағайынды жұт, аң, құс аулау мен табиғат көріністері, т.б. бәрі-бәрі көркем көрініс тапқан. Қазақ байтағындағы жылдың төрт мезгілі қалай әсем суреттелген десеңізші! 

Романдағы  басты тұлға – ақын Абай. «Соқтықпалы, соқ­пақсыз жерде өсіп», «мыңмен жалғыз алысқан» дала данышпа­нының бейнесі тұтас бір халық­тың рухани, адами символы, келбеті болып көрініс береді. Шығармада Абайдың сөзі мен ісі бір жерден шығып отырады – өлеңдерінде заман  мұңы мен халық қамын терең толғаған ұлы ақын, әрбір әрекетінде қа­лың ел қазақтың болашағын кеңінен ойлаған үлкен ойшыл ретінде танылады. Бұл тұрғыда М.Әуезов Абайдың көркем бей­несін жасауға ақынның өз өлең­дерінің көп көмегі тигенін аса ілтипатпен жазады. Сұңғыла суреткер ұлы ақынның шыншыл шығармаларын туғызған жағдай мен себептер табиғатына терең бойлау арқылы оның өмір жолына қанығады. Абай халық құрметінде қаншалықты биік деңгейде тұрса, жазушы оның көркем бейнесін соншалықты жоғары дәрежеде береді.

Романның басындағы қаладан ауылға асығып келе жатқан бала шәкірт пен эпопеяның соңын­дағы «ұлы кеуденің ыстық демі тоқтап, шөл даланы жарып аққан дариядай, игілік өмір үзі­ліп, зәулім өскен алып шынар құлап, өмірден Абай кеткенге» дейінгі арадағы қырық бес жыл – Абайдың адам, азамат, ақын, қайраткер ретінде жүріп өткен соқтықпалы, соқталы, ауыр, алмағайып өмір жолы. Бірін­ші кітапта Абай азамат ре­тінде қалыптасады. Екінші кітап­тан бастап ел адамы, өнер шебері – шын мәніндегі азамат ақын болып шыңдалады. Абай ақындығының түп қазығы – ту­ған топырағындағы аса бай ха­лықтық ауыз әдебиеті, көзі көрген Барлас, Байкөкше, Шөже ақындардың, Біржан салдардың ықылас, ықпалы, Шығыстың жеті жұлдызының, Пушкин, Лермонтов бастаған орыс клас­сик­терінің шығармашылығы, одан қалды түрлі жағдайда танысып, дос-жар болып кеткен орыс достарымен ортақ әңгіме, тағысын тағылар. Бұл тұрғыда да, Абайдың өмір жолын, сан қырлы ақындық, сазгерлік, ой­шылдық өнерінің терең тылсымын, қыр-сырын, сол заманды, сол ортаны, қоғамдық қарым-қатынастарды терең түсіну үшін де М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының баға жетпес танымдық, тағылымдық мән-маңызы зор.

М.Әуезов Абай бейнесін сол кезеңдегі тарихи процестермен, халық өмірімен тығыз байланыста суреттейді. Отаршылдық жымысқы саясаттың ауыр зардаптарын, әлеуметтік теңсіздіктерді, елдің тұрмыс-тіршілігіндегі қа­­ра­ма-қайшылықтарды баса баян­дайды. М.Әуезов кітапқа арқау еткен оқиғалар мен кұбы­лыстар тарихи процестің даму тенденция­сын дәл тауып, халық өмірінің негізгі салаларын қам­тиды. Ал­ғашқы кітаптарда ру тар­тысы көп көрініс берсе, кейінгі кітап­тарда әлеуметтік тең­сіз­дікке негіз­делген күрестер баса баяндалады.

Абай – қиян түкпірде жатып-ақ барынша оқып-тоқыған терең зият білім иесі, парасат-пайымы ерек адам, сайын сахараны, қараңғы қауымды қамаудан, ты­ғырықтан шығару жолында ақындықты күш-қуат тұтып, жаман­дық, жауыздық атаулымен жалғыз күрескен жұмбақ жан. Міне, осы негізде классик жазушы М.Әуезов Абайдың ақындық табиғатын азаматтық қайрат-қажырымен берік сабақтастыра отырып, оның тұлғасын бір ұлт­тың данасы, бір халықтың данышпаны дәрежесіне көтерді. Ұлы ақын, ғұлама ойшыл, халық қай­рат­керінің мәңгі өлмес, өш­пес, асыл бейнесін сомдады.

«Абай жолы» романын түрлі, бір-біріне ұқсамайтын кейіп­керлердің, характерлердің галереясы десе де болады. Бұл ретте Абайдан кейінгі орында тұрған тұлға – Құнанбай Өскенбайұлы. Әрі-беріден соң Құнанбай – басты кейіпкерлердің бірегейі. Қарап отырсаңыз, ұзақ романның басынан аяғына дейін, тіпті ол қайтыс болып кеткен соң да, Құнанбай саясаты жүріп отырады. Айталық, роман оның түпкі, терең астарлы ой-мақсатының бір қыры болып табылатын Қо­дар-Қамқа қазасынан бастау алса, төртінші томда, Абай жа­зықсыз жапа шегіп, соққыға жығылған соң, оның намысын жыртқан ел жақсыларының жиы­нынан да Құнанбайдың төрт немересі – Шұбар, Мағауия, Кәкітай, Әзімбай төртеуі бірге қайтып келе жатады. Міне, осы­­ның өзі Құнанбай өлсе де, құнан­байшылықтың өлмегенін, оның рухы мықты екенін біл­діреді емес пе?! Абайдың өзі: «Ол сыпатты қазақта дүниеге ешкім келмепті» деп жырлаған тарихи тұлға, би, аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы туралы М.Әуезов: «Құнанбайдың кім екенін біл­месек, Абайдың кім болғанын білу қиын, бұлар за­манның туындысы... Ақын Абайдың алдыңғы аталарындай емес, Құнанбай жайында ел жадында қалған аңыз әңгіме аса көп. Себебі, Құнанбай өз тұсындағы ел билеушілердің көбінен қатал, салмақты болады. Ақыл-ой да, қажыр-қайрат та, өмір, билік батылдығы да және халыққа батқан қатты кесек іс-қимылдары да бұның атын көпке мәлім еткен», – деп жазады.

Міне, осы бір басы қарама-қайшылыққа толы – шетсіз-шексіз билік, байлық иесі, азу­лы да ақылды, ашуы мен қай­ратын бірдей ұстай білетін да­ла қайраткері, бір сөзбен, ро­мандағы Қаратай бидің тілімен айтқанда, «мырза, шешен, жақсы Құнанбайдың» күрделі образы эпопеяда бар қырынан ашып көрсетілген. «Адамның қай мінезі қасиеті болса, сол мінезі міні де болады. Жақсылық – кісінің айнымас табандылығында» деп білетін, өмірде ұстаған нәр­сесін берік ұстанатын би Құнан­бай ұстасқанын ықтырып, жау­ласқанын жеңбей тынбайтын қайтпас қайсар, мызғымас тұлға. Оның аға сұлтан болып жүріп, қарулы қақтығысқа жол беріп, сонысы үшін ұлықтығынан айы­рылып, тіпті істі болатын жолы асқан айлакерлікпен «істің» бір бөлігін өртеп, жойып жіберіп, сонау Омбыдан ақталып қайтатын ерлігі қандай?! Әкесінің алыс­қанын жықпай, есесі кеткеннен кек алмай қоймайтын қырыс­тығын, бірбеттілігін айттық. Ал ол өмірден көшкен соң оның артында қалған бар жер дауы, ел дауына «мұрагер» болып қалған баласының, Абайдың бұл ретте бірде жеңіп, бірде жеңілгені, тіпті ақыр соңында соққыға да жығылғаны, жүрегі дертті болып, ерте дүние салатыны да көп жайды аңғартса керек. Қат-қабат шың сияқты, жан бойламас терең түкпірі бар Құнанбай бейнесін М.Әуезов романда бар кемшілік, артықшылығымен толық, тұтас, жан-жақты сомдаған.

Тәуелсіздік алғалы бергі кезең­де бұрында жағымсыз кейіп­кер ретінде қабылданып келген Құнанбай Өскенбайұлы жайындағы бар шындықты жария етуге, әке мен бала арасындағы рухани байланыстардың көзін ар­шуға қатысты көптеген жұмыстар атқарылды. Оның өмірі мен қай­раткерлігіне арналған жекелеген материалдар тұрмақ, бірнеше кітап та басылып шықты. Бейбіт Сапаралының «Құнанбай қажы», Тұрсын Жұртбайдың «Құнанбай» кітаптары осыған мысал. Биыл­ғы Абай жылының басында әйгілі «Өнегелі адамдар өмірі» (ЖЗЛ) сериясымен Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық Ғылым ака­де­миясының академигі, Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия уни­вер­­ситетінің ректоры Ерлан Сы­дықовтың «Құнанбай» атты монографиясы жарық көрді. Е.Сы­дықовтың игі бастамасымен дүниеге келген «Абай ака­де­миясы» ғылыми-зерттеу инс­титутының бағдарламасы ая­сында заңгер ғалым Нұрлан Дулатбековтің «Құнанбай Өскен­баев ісі» де жеке кітап болып шықты. Міне, осы еңбектердің барлығы – Е.Сыдықов әділ атап өткендей, түптеп келгенде, ұлы Әуезов сомдаған Құнанбай образына жетпейді, соған қосымша ретіндегі дүниелер. Біз де осы пікірге ықыласпен қолымызды қоямыз. Жасалу шеберлігі жө­нінен Құнанбай образы – бүкіл дүниежүзілік әдебиет әлемінде сирек кездесетін кесек тұлға.

Ашығын айтқанда, белгілі ғалым Т.Нұртазин жазғандай: «Егер Абай Құнанбайдай шон­жардың баласы болмай, Жұман қырттың баласы болса, Абай болып шықпас еді. Надандықпен күресуге, «Мыңмен жалғыз алы­суға» да шамасы келмес еді...»

Романда Құнанбайдың, бұл бір есептен Абайдың да өскен ор­тасы, қоршаған қауымы да ба­рынша көркем көрініс берген. Әр рудың басы, әр ауылдың ақса­қал-қарасақалдары – Бөжей, Байдалы, Байсал, Қаратай, Сү­йіндік, т.б. Өз маңындағы осы­ған қарсы топ – бірге туған туыс­-бауыр Майбасар, Ызғұтты, Жа­қып, Құдайберді, Мырзахан... Олар келе-келе, Абай заманында Тәкежан, Оспан, Жиренше, Оразбай, Шұбар, Әзімбайларға ауысады. Жазушы қалың қауым және жекелеген адамдардың мінез-құлқы, іс-әрекеті арқылы сол кесірлі заманның кескін-келбетін өте шебер бейнелейді.

Романдағы әйел-аналар, қыз-ке­ліншектер бейнесі – өз алдына бөлек тақырып. Зере, Ұл­жандай абыралы әжелер мен ардақты аналар, Ділдә, Әйгерім, Тоғжан, Салтанат, Қуандық, Ке­рімбала, Балбаладай ғашық жар, ару қыздар бейнесі тұрмақ, сөз арасында сары кемпір, қара қатын, қызыл шырайлы келіншек түрінде аталатын қосалқы кейіп­керлердің өзі оқырман жадында жақсы жатталып қалады. Тіпті аяқ асты «барлаушы» рөлін ат­қарып кететін Иіс кемпірдің де өзіндік орны бар.

 Қазақ қоғамының, ел iшiнің қадым замандардан бергі бір «сәні» қу тілді, сыңар жақ  небір айтқыштар, күлкi, мысқыл, қыл­жақтың шеберлері екені белгі­лі ғой. Романдағы «Жазыла-жа­зыла қожа-молдадан да ұят болды, ендi өлмеске болмас!» деп кеткен Тонтай нағашыдан бастап, «Бағана ұлыжарықта «отырып» алғаным қандай ақыл болған!..» деген бір ауыз сөзінің өзі мәтел болып кеткен белгілі мылжың Жұман қырттың түрлі, қилы әңгімелері, сырт пішіні өте салмақты, аз сөйлейтін, аса тыныш, момын адам сияқты, бірақ бірді бірге ұрындырып, алдауға, төбелестіріп қоюға кел­генде алдына жан салмай­тын Қалдыбайдың, өзінің түрлі жаңғалақ іс-әрекеттерін әңгіме­легенде беті бүлк етпей, томсарып отырып айтатын, Абайдың бағалауынша: «Өзгеше күлдіргі, өзі бір Алдаркөсе тәрізді тамаша адам» Дәулеткелді хикаялары –  романның ажарын ашқан, боя­уын қалыңдатып тұрған аса сергек, ширақ, шырайлы тәмсілдер. Жан жабырқап, көңіл орта тарт­қан сәттері, басқасы басқа, Жұ­ман қырттың әңгімелерін бір шолып шығыңызшы, ойыңыз сейіліп, күлкіге қарық болып қа­ла­рыңызға мен кепіл!

Ұлы шығарма қашанда өзінің мәңгі көкейкестілігімен ұлы, құнды. Осы орайда «Абай жолы» романындағы асқақ рух пен алғыр ой, өркениет көшінен кенжелеп қалған қараңғы қазақ даласының өзіне тән мұң-мұқтажы, осыған қатысты әлеуметтік астары мол қилы қияметтер қазіргі заманның ең өткір мәселелерімен де терең­нен тамырласып жатқаны таң қалдырады.

Жалпы, менің шағын кітап қорымда, біраз жылдардан бері бас жағымда тұратын киіз кітап­тар санатында осы ұлы «Абай жолы» жоқ! Оны саналы түрде тапсырып, «тығып» тастағанмын. Өйткені «Абай жолы» көз, қол жетер жерде тұрса, еріксіз соны алып, әр жерін бір оқи беретін әдетім бар. Басқа, тың, кезегін күтіп тұрған кітаптар жайына қа­лады. Ертеректе әзіл-шыны ара­лас, «Мен «Абай жолын» оқып жүрген жоқпын, жаттап жүрмін», деуші едім...

«Абай жолы» туралы қысқа сөзімізді әулие Әбіштің, Әбіш Кекілбаевтың мына сөздерімен түйіндегіміз келеді:

«Абай жолы» эпопеясы – қазақ әдебиеті қайраткерлерін алға шақыратын, болашағына бағыт сілтейтін жарық жұлдыз. Сөздің сиқырын меңгерем деген, көркем шығарманың қасие­тін қолмен ұстағандай терең ұғын­ғысы келген, шеберлік шың­дай­мын деген дарынды жас қауым үшін ғажайып әдеби үлгі, әдеби мектеп».

 

Жомарт ОСПАН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі