1993 жылдың сәуір айында Жапониядан бері ұшқан ұшақ ішінде Бақтияр Байсейітовке бір жағы амалсыз, бір жағы намыс буғаннан өтірік айтып едім… Сол жолы Жапонияның Хиросима қаласында грек-рим күресінен Азия чемпионаты өтті. Бұған дейін Кеңес Одағының біріншіліктерінде бәсекеге түсіп келген Қазақ елінің бас құрамасы құрлық чемпионатына бірінші рет барды. Хиросимаға аттанар алдында көңіліміз көтеріңкі, жігіттерге сенімді едік. Тоқсан бірінші жылғы КСРО Халықтары спартакиадасы мен тоқсан екідегі ТМД чемпионатында сәтті белдескен балуандарымыз алғашқы Азия чемпионатында олжаға молынан кенелер деп үміттенгеніміз рас.
Ең бастысы, кеңес империясының бұғауынан босағанымыз кеше ғана. Еліміз азат, жанымыз азат! Азаттықтың әр таңы арайлы, азат күндердің лекіте, аңқи соққан самалы қандай ғажап! Кеңестің еңсені басқан қанқызыл туынан құтылып, өзіміздің аспан түстес байрағымызға елжірей қараймыз. Кеуде шалқақ, жүзіміз жарқын! Осындай шадыман күйде Хиросима топырағын бастық. Бірақ... бәрі керісінше болды. Қазақ құрамасынан 90 келідегі Сергей Матвиенко ғана Азия чемпионатында жеке-дара шықты.
Менің көңіліме ауыр тигені: 1991 жылғы КСРО Халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері Бақтияр Байсейітов, осы жылғы КСРО чемпионы, Ресей спартакиадасының жеңімпазы Жоламан Дәуренбеков және 1992 жылғы ТМД біріншілігінің күміс медалисі Руслан Жұмабековтің Азия чемпионатын ұта алмағандығы еді. Ойлап қараңыз, тәуелсіз Қазақ елінің ұлттық құрамасындағы қазақ балуандарының бірде-біреуі тұңғыш Азия біріншілігін жеңуге жарамаса, есі дұрыс қазақ азаматын намыс қысуы заңды құбылыс емес пе?!
Содан Жапонияның айнадай жарқыраған, сәні мен сәулеті келіскен әуежайынан Ресейдің орындығы мен төбесін кір басқан, тозығы жеткен ұшағына мінгенде көңіл шіркін құлазып сала берді. Сол сәт Кеңес өкіметінің, қызыл бәлшебектердің қып-қызыл өтірігіне, коммунизм елесіне көзсіз иланып, кеңестен жырақ өркенді елдерден қаншалықты артта қалғанымызды енді түйсініп едік.
Хош, көк жүзінде Хабаровскіні бетке ұстап зулап келеміз. Көңіл алай-дүлей. Жер түбіндегі Жапонияға арқырай жетіп, жабырқап қайтқанымыз жаныма тыншу берер емес. Орнымнан тұрып, Бақтияр мен Русланның ортасына отырдым. Дәл қазір екеуіне де айтқанымды толық қайталап шығу мүмкін емес. Бірақ қос ініме чемпион болмағандары үшін ренжігенім, біраз кейігенім есімде. Екеуі де тәрбиелі, өнегелі жігіттер емес пе. Сөзімді көтерді, бетімнен алған жоқ. Балпиып отырған қалыптарында бір қызарып, бір бозарып, ағалық назымды теріске шығарған жоқ. Сол сапар Бақтиярға «Жапонның Олимпиада және әлем чемпионы Седзе Сасахара сенен әлем чемпионы шығады!» деп айтты дедім. Іштей торығып, оның үстіне біздің сөзіміз жанын шабақтаған Бақтияр інім «Рас па, аға?» деді жұлып алғандай. «Рас!» дедім, өз өтірігімді өзім қуаттап. Балуан жігіт сәл қызарақтаған күйі жанарын бір нүктеге қадады...
Ұмытпасам, Сасахара осы Азия чемпионатының қазылар алқасында қызмет жасады. Қара шашты, атжақты, қыр мұрынды, тығыршықтай келген азамат екен. Бір қарағанда қазақтан аумайды. Жарыс үстінде сыртынан бірнеше мәрте көрдім.
Иә, 27 жыл бұрын басымнан осындай жағдай өтті. Өтірікке жаным қас десем де, сол жолы Бақтиярды қайрау, оның ішіндегі бұғып жатқан жанартауды бұрқ еткізу үшін бір жағы амалсыз, бір жағы әдейі сөзіме өтірік қосуға мәжбүр болдым. Сол жағдайдан кейін араға бес жыл салып, 1998 жылдың жазында Бақтияр Байсейітов әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Яғни классикалық күрестен әлем чемпиондары Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов ағаларынан соң қазақ жұрты үшін аса қымбат, мәртебелі тұғырға табан тіреді. Ал Бақтиярдан кейін, 22 жылдан бері грек-рим күресінен 16 әлем чемпионаты өтіп, балуандарымыз 5 жазғы Олимпия ойындарында белдесті. Осы 21 (!!!) додада қазақ жігіттері бір алтын медаль алуға жараған жоқ. Намыстан жарыла жаздайсың! Бұл факт жүрекке ауыр тие ме?! Ұлттық намысқа сын ба?! Мен үшін солай. Ал спорттың басы-қасындағы кей адамдар үшін түкке тұрғысыз әңгіме тәрізді. Біз осы куба, армян, грузин, әзербайжан, чешен жігіттері уыстап ұстап жүрген әлем чемпионатының алтын медалін армандауды да доғарған жоқпыз ба?! Әлде, жығыла-жығыла жеңіліске етіміз өліп кетті ме?
...Жиырма жеті жыл бұрынғы зиянсыз өтірігім үшін жақында Бақтияр балуаннан кешірім сұрадым. Әуелде ренжитін шығар деп едім. Жоқ, кеңқолтық інім түк болмағандай жайдары сөйлесті. Үнінен інілік ізет байқадым. Сол сәт көңілімді әредік кілкітіп, бір бүйірімді қара тастай жаншып тұратын күнәдан арылып, жан дүнием рахаттанып сала берді.
Әлем чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, Азияның екі мәрте чемпионы Бақтияр Байсейітов – қазір Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері.
Қыдырбек РЫСБЕК,
спорт журналисі