Ұлттық музейде «Өнер төресі» атты музей қорынан жинақталған сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ашылды. Көрменің мақсаты көпғасырлық ұлттық тәжірибемен байыған қазақстандық сәндік-қолданбалы өнерді насихаттауға негізделген.
Көрменің ашылу салтанатында Ұлттық музейдің заманауи өнер бөлімінің жетекшісі Мәдина Досаноманова, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Суретшілер және дизайнерлер одағының мүшесі Тілеужан Батанов, сәндік-қолданбалы өнер шебері Дария Калимова-Қастеева құттықтау сөз сөйлеп, шараның маңыздылығын ашып көрсетті.
Көрмеге ХХ ғасырдың екінші жартысындағы шеберлердің туындылары, сондай-ақ заманауи суретшілердің киізден, ағаштан жасалған еңбектері, инсталляциялар, гобелендер, зергерлік бұйымдар қойылды. Көрмеге келушілер Мұхамеджан Зейнелхан, Бәтима Зәуірбекова, Сәуле және Әлібай Бапановтар, Сержан Баширов, Эдуард Казарян, Латиф Қазбеков, Тілеужан Батанов сынды әлемдік көркемсурет кеңістігінде өзіндік қолтаңбасы бар қылқалам шеберлерінің туындыларымен танысты.
– Көк түріктен тараған ұрпақ болғандықтан, біздің негізгі бағытымыз – ата-бабадан қалған мұраны, ұлттық құндылықтарды бүгінгі заман талабымен үйлестіре отырып, дәріптеу екені даусыз. Соның арқасында ісіміз алға басып келеді. Мына заттардың әрқайсысының жеке-жеке тарихы бар. Бұл жердегі сәнді бұйымдар адамның жанына шуақ сыйлап қана қоймай, өткен дәуірдің естеліктерімен қайта қауышуға мүмкіндік сыйлайды. Негізінен қазақ халқының ұлттық ерекшелігін көрсететін заттар. Мені қызықтырғаны да сол, – деді М.Зейнелхан.
Халқымыздың ғасырлар қойнауынан бастау алатын ұлттық кәсібі мен қолөнеріне негізделген сәндік-қолданбалы өнері ұлттың әдет-ғұрпымен, өмір салтымен, эстетикалық көзқарастарымен тығыз байланысты. Заманауи суретшілердің тенденциялары әртүрлі материалдар мен техникаларды біріктіре, абстракционистердің сурет салу тәжірбиелері киіздің бетін көшіре отырып, коллаж әдісін пайдаланып жасаған киіз туындылардан көрінеді. «Мұрагерлік» және «сабақтастық» тендециялары және заманауи бейнелеу өнерінің композициялық тәжірбиесін игеру ши бетіне салынған ою-өрнектерден байқалады.
Көрмеге 70-ке жуық өнер туындылары қойылды. Экспозицияда ұсынылған бұйымдар қазақ халқының мәдени-тұрмыстық ерекшеліктерін көрсетеді және қазақ ұлттық мәдениетінің бірегей бөлігі болып табылады.