Жайбарақаттау едік. Қытайда коронавирус инфекциясы шыққанын ести тұра назар аудармадық. Қаупі Қазақстанға төнді дегенде өтірік дестік. Кейбіреуі саясатқа жапты. Тек індетке жақындары шалдығып, төсекке таңылғанда ғана ем-дом іздей бастады ел. Ақ халаттылар да аянып қалмады. Әлемдік әріптестерімен ақылдаса келе қан плазмасы вирус жұқтырғандарға көмектеседі деп шешті.
Қазіргі таңда шығысқазақстандық дәрігерлер COVID-19 инфекциясынан сауығып шыққан азаматтарға иммундық плазма доноры болуға ұсыныс тастаған. Дәрігерлердің айтуынша, емделіп шыққан адамдардың қан плазмасын ауыр жағдайдағы науқастарға құйса, иммунитеттері нығайып, асқынған аурудан айығатын көрінеді. Бұл медицинада енді-енді дәлелденіп келеді. Америкалықтар 100 мыңнан астам адамға қан плазмасын құйып, оң нәтиже бергенін айтып әлемді қуантқан. Дәрігерлердің дерегіне осы тәжірибеден кейін Америкада өлім-жітім үш есеге азайыпты. Ал Қазақстанда қан плазмасын әзірлеу сәл кейін басталған. Облыстық Қан орталығында қаннан антидене плазмасын алу үшін тәжірибелі мамандар жұмылдырылған. Бұл тәжірибе әлемде тұңғыш рет жүргізіліп жатқандықтан, облыстағы медицина қызметкерлеріне жоғары жауапкершілік жүктеліп отыр.
– Алып жатқанымыз қанның жаңа құрамы болғандықтан, әзірше тәжірибе деуге болады. Бұрын стафилакокке қарсы плазма дайындайтынбыз. Ал COVID-19 вирусына қарсы антидене бірінші рет әзірлеп жатырмыз. Біз ғана емес, бүкіл әлем бұл індетпен алғаш рет арпалысып отыр, – дейді облыстық Қан орталығы директорының орынбасары Светлана Шмурыгина.
Мамандардың түсіндіруінше, антидене орташа және қатты ауырғандарда ғана қалыптасады. Жеңіл өткергендердің қанында антидене болғанымен, өте аз мөлшерде екен. Демек жарамсыз. Сондықтан донорлыққа коронавирустың ауыр түрімен ауырғандарды шақырады. Оның өзінде қан тапсырушыға қойылатын бірқатар талаптар бар. Қатаң талаптар.
– Донорлықтың қай түрі болсын, адамның салмағы 50 килодан кем болмауы керек. Жас мөлшері 18 бен 55 жас аралығындағылар қан тапсыра алады. Олай дейтінім, адамдардың жасы ұлғая келе қант диабеті, артериялық гипертензия, жүрек ауруы сынды созылмалы аурулар пайда болады. Сондай-ақ, қан аппараттық плазмаферез арқылы дайындалатындықтан күре тамыры анық болуы керек. Алдымен білектегі күре тамырдан ине арқылы қан алынып, аппаратқа түседі. Аппаратта қандағы плазманы бөліп алады да, қанның жасушасы қысыммен донорға қайта құйылады, – дейді Светлана Шмурыгина.
Ал арнайы тексеруден өткен донордың антиденелі плазмасы жеке қапқа сақталады. Айта кетерлігі, аурудан айыққан адам екі аптадан кейін ғана қан тапсыра алады. Екі айдан асып та кетпеуі керек. Өйткені екі айдан соң қандағы антидене әлсірей береді.
Донор болуға ниеттенген адам алдымен анализ тапсырады. Ол бір тәуліктен соң ғана дайын болады. Қан құрамын арнайы аппараттың көмегімен анықтағандықтан, көп уақыт алады. Бір жағынан қанның сапасына, құрамына жіті мән беріледі. Тексеру бірнеше параметрлер бойынша жүргізіледі; биохимиялық, клиникалық, иммунологиялық көрсеткіштер тексеріледі. Қортындысында G иммуноглобулині, B, С геппатиті сынды аурулардың бар-жоғы анықталады. Ең бастысы, азаматтардың денсаулығында донорлыққа қарсы ешқандай кінәрат болмауы керек. Оны тапсырған талдамасына қарап, терапевт дәрігер анықтайды. Дәрігер мамандардың айтуынша, қан құю да адамға бөтен ағза салумен, яғни трансплантациямен тең.
Адам бауырында АЛТ ферменттің жоғары болуының бірден-бір себебі дұрыс тамақтанбау. Бұл ферментті қалыпты жағдайға түсіру үшін майлы тағамдардың мөлшерін шектеп, күкіртке бай көкөністерді тұтынған жөн деседі абзал жандар. Демек кез келген донордың қанында сапа болуы үшін тамақтануы да дұрыс болуы тиіс.
Сонымен қатар Қан орталығы директорының орынбасары С.Шмурыгинаның айтуынша, донор психологиялық тұрғыда да дайындалып келгені жөн. Өйткені процесс өзгеше. Бірақ плазмаға қан тапсыру 40 минуттай уақыт алғанымен, адам денсаулығына кері әсерін тигізбейді. Тағы бір атап өтерлігі, қан плазмаңыз жарамды болып жатса, 7 АЕК көлемінде сыйақы төленіп, бір күндік демалыс беріледі. Иммундық плазмаға қан тапсырған өскемендік Алтынай Алтынбекқызы ешқандай қорқыныштың жоғын айтты.
– Өзім коронавирус инфекциясымен қатты ауырғандықтан, өзгелерге шын ниетіммен көмектескім келді. Өйткені адамдардың қиналып жатқанын жаныммен түсіндім. Ал қан тапсыру процесі ауырып жатқандардың қасында түк емес еді. Толық тексеруден өтіп барып, иммундық плазмаға қан тапсырдым. Бас айналу сияқты ешқандай кері әсер болмады. Егер біреудің өмірін сақтап қалып жатсам, қуанамын. Ең дұрысы, ешкім ауырмасыншы, – дейді донор Алтынай Алтынбекқызы.
Ал қан плазмасын науқасқа құю үшін емдеуші дәрігер консилиумде білікті мамандармен бас қосып, ақылдаса отырып шешеді. Жалпы Шығыс Қазақстанда қан плазмасын құйып, сауығып кеткендер де бар. Ендеше, COVID-19 инфекциясымен ауырып, тәуір болып шыққан адам өзгенің өміріне араша түсемін десе, облыстық Қан орталығына хабарласып, донор болуына әбден болады. Бір адамнан алынған иммундық плазма екі адамның өмірін құтқарып қалуы мүмкін.
Соңғы мәлімет бойынша Шығыс Қазақстанда 18 адам коронавирус инфекциясынан емделіп шықса, 18 адам індетке шалдыққан.
Шығыс Қазақстан облысы