• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Қыркүйек, 2020

Облыс әкімі Сырдария ауданына болды

328 рет
көрсетілді

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Сырдария ауданына барды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алдымен аймақ басшысы Әйтек су торабының жұмысымен танысты. Сырдария өзеніндегі "Әйтек" су торабы 2004 жылы "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау" жобасы аясында салынып, пайдалануға берілген. Негізгі мақсаты – Сырдария өзенінің ағынын реттеуге, Сырдария және Жалағаш аудандарының 16 мың гектар суармалы жерлерін сумен қамтамасыз ету. Құрылғы секундына 750 текшеметр су өткізеді. Бірақ, Саратс-1 жобасы шеңберінде салынған су торабы соңғы жылдары сыр бере бастаған. 

Қазір "Әйтек" су торабы авариялық жағдайда. Оң жағалауды шайып кету қаупі бар. Осыған орай, жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, Экология, геология табиғи ресурстары министрлігі арқылы тиісті қаржы бөлінді. Ендігі мақсат қаражатты дұрыс игеріп, су торабын қалыпқа келтіру жұмыстарын сапалы жүргізуіміз керек,  деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Аймақ басшысы аудан әкімі Талғат Дүйсебаевқа су торабында күрделі жөндеуді бастау мақсатында тиісті шешімдер қабылдап уақытылы орындауды тапсырды.

Сондай-ақ, өңір басшысы Ақжарма ауылындағы "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды тексеріп, "Ақжарма" фермерлік қожалығының күріш тазалау құрылғысын көрді.

Аталған мемлекеттік бағдарлама аясында елді мекеннің жалпы ұзындығы 13,6 шақырым болатын 9 көшесін орташа жөндеуге 614,64 млн теңге бөлінді. Мұнымен қоса, ауылының 4 көшесін жарықтандыруға, 3 көшесіне темір бетонды лоток орнатуға қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Тиісті жұмыстарды "Сыр жолдары" ЖШС атқаруда. Аймақ басшысы аудан әкімі мен мердігерге жөндеу жұмыстарын тездетіп аяқтауды және сапалы орындауды тапсырды.

«Ақжарма 2» фермерлік қожалығы "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында 56 млн теңге несие алған. Чехиядан арнайы құрылғы әкеліп, күріш тазалайтын зауытты іске қосты. Қазір зауыт өз тиімділігін көрсетіп тұр. Аппарат сағатына 50 тонна астықты тазартады. Шаруашылықты әртараптандыру арқылы 2023 жылға дейін күріш ақтайтын зауыт, пастерленген сүт зауыты, жылыжай және көкөніс қоймасын салуды жоспарлап отыр. 

Сапар соңында облыс әкімі ауданның күзгі дала жұмыстарымен танысты. Атап айтқанда, Шаған ауылындағы "Шаған Жер" ЖШС-ның №1 өндірістік бригадасының егіс алқабына және Нағи Ілиясов ауылындағы «Мағжан и К» ЖШС-нің астық тазалау қырманына барды.

"Шаған Жер" ЖШС 2004 жылы құрылған. Негізгі бағыттары – егін егу және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру. Шаруашылықта 350 адам жұмыспен қамтылған. Ауыл шаруашылығы жері – 16439 гектар.

Ал, Нағи Ілиясов ауылындағы "Мағжан и К" ЖШС-нің астық тазалау қырманы сағатына 5 тонна күріш тазалайды. Екі ауысымнан 40 адам жұмыс істейді. Облыс әкімі жұмысшылармен де кездесті. Сушы Арысбек Байназаров мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, мал басын көбейтіп отырғанын айтты. Биыл егіні бітік болып, 80 центнерден жоғары өнім алған. Ал бригадир Шухрат Бизахов он жылдан бері 70-75 центнерден өнім алып келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, жұмысшылардың өтініші бойынша шаруашылық оларға жем-шөптерін тегін беріп жатыр.

Аймақ басшысы аудан әкіміне егін жұмыстарын 15 қазанға дейін аяқтауды және жылу маусымына дайындық жұмыстарын пысықтауды тапсырды.

Қазіргі басты мәселелер егін жинау науқаны мен қысқы мезгілге дайындық. Сондықтан аудандарды аралап, күзгі егін жинау науқанының қалай өтіп жатқанын, жылу маусымына дайындық жұмыстарын тексеретін боламыз. Жалпы ауданда бүгінгі таңда 30 пайыз егін жиналған. Бұл жұмыстар уақытылы бітеді деп жоспарлануда. Ал, аудандық аурухананың жылу жүйелерінде бірқатар мәселелер болған. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазандықты ауыстырып, жылу құбырларын жаңарту 10 қазанға дейін бітуі керек, деді облыс әкімі.