Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылмандықтың тұтқасы» атты кітабында, Жаратушының пенделеріне әуелі парыз еткендерінің ең үлкені иман болса керек. Одан соң дін ғылымы тұрады. Осылайша иман мен дін ғылымын үйреніп, сол бойынша істелетін іс-әрекеттерді амал деп айтады деп көрсетеді. Әрбір жақсы адамдардың да асыл түбі иманнан, яғни бір нәрсеге шын жүрегімен иланудан келеді дейді.
Олай болса имансыз еткен жақсылықтың да пайдасы жоқ. Айналып келгенде, мұсылман баласының жүрегіндегі иманы менен нәпсісінің ара-қатынасы оның мұсылмандық тұтқасы. Ал жүрегінде иманы нәпсісінен төмен адамнан неше түрлі жаман әрекеттер шығады. Олар тұтқадан айырылады, Алланы да ұмытады.
Ал имандылықты жоюдың ең тиімді тәсілі – ел болашағы жастардың діни ұғымына іріткі салу. Сол арқылы адамның жүрегіндегі иманын азайтып, ертеден қалыптасқан ұлттық дәстүрлерден аластау.
Қазақ Ресейдің отары болған тұста да, Кеңес өкіметі кезінде де озбыр саясаттың әсерінен орысшылдыққа бейімделе бастады. Арақ ішу кең өріс алып кетті. Мұсылмандық дәстүрге іріткі салынды. Тіпті келе-келе Кеңес өкіметінің кезінде, партия мүшелігінде бар қазақ баласына марқұм болған ағайын-туысының басына барып Құран оқытуға тыйым салынды.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда дін мәселесіне көп көңіл бөлінді. Көптеген жас ислам елдеріне барып діни білім алып келді. Алайда «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегендей, қай елден білім алса, оқушының санасында сол елдің діни дәстүрі басым болды. Білім алып елге келгеннен кейін, ол басқаларға сол өзінің алған білімі бойынша сол елдің діни дәстүрлерін де енгізе бастады. Енді арабтарға бейімделу басым болып кетті. Елдің біразы, әсіресе жастар елдің бұрынғы діни ұстанымдарынан айырылыңқырап қалды.
Қазақ қашанда қазақ болып қалу керек. Ол үшін әр қазақ баласы ең бірінші өзінің ата-бабаларының тілін жете меңгеруі керек.
«Адамзаттың баласы үшін өмір – мәңгі ұйқының алдындағы аздаған серуен», дейді. Сондықтан да ол Алланың берген осы серуенін пайдаланып, артында материалдық дүние мен жаман сөз қалдырғанша, ертең артында қалған ұрпағы, елі, оның жасап кеткен жақсы істерімен мақтана отырып еске алып, оған дұға бағыштайтын болса, онда марқұмның иманды болғаны.
Адамның өмірден өткенін естігенде, туғандары үшін оның қайғысы «бірінші күні от, екінші күні шоқ, үшінші күні жоқ», дейді. Әрине өмірден өтпейтін пенде жоқ. Әркімнің әйтеуір бір күні серуені бітеді. Сондықтан да Құранда адам баласы сол күнді ұмытпай еске алып жүруі керек, сонда ол жаман істерге бармайды, дейді. Марқұмды өмірден өткен күні емес үшінші күні барып жерлеген және жерлеу күнінің алдындағы түн – қонақ асы деп атаған. Кей жағдайда адамдар аурудың салдарынан өлген адамдай болып жатуы да мүмкін ғой.
Ескі дәстүр бойынша марқұмның ең соңғы елмен қоштасу асы, ол бала-шаға, ең жақын жанашыр туыстарының қатысуымен өтуі керек. Сондықтан да алыстағы туғандары марқұмның қонақ асынан қалып қоймасын деген оймен оның қонақ асы болатын күнін ерекше естірткен.
Қазір марқұм болған адамды қашан суға алғанша бір бөлмеге жайғастырады. Бұрындары олай болмаған. Марқұмды ешқашан жалғыз қалдырмаған. Мәйітті шымылдықпен қоршап қойып, оның жанында үлкен адамдар марқұм туралы, басқа да жақсы әңгімелер айтып күзетіп отырған. Молдалар Құран аударған.
Әл-Ағраф сүресінің сегізінші аятында «Сол күні дүниеде істеген істерінің барлығы таразыға тартылары хақ, сонда кімнің таразыдағы сауапты істері ауыр басса, міне солар – азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткендер» дейді. Тоғызыншы аятында «Ал кімнің сауапты істері болмағандықтан таразысы жеңіл тартса, міне солар – аяттарымызды жоққа шығарып, (өз-өздеріне) зұлымдық жасаудан қайтпай, ақыры өз-өздерін зиянға ұшыратқандар», дейді. Алланың бар екені жасырын. Оны адамзат баласы жердегі, көктегі заттардың қадыр-қасиетінен ажырата білу арқылы ақылмен таниды. «Алла бір, Пайғамбар хақ, Құран шын» деген қағиданы санамызға түйіп, мұсылмандықтың тұтқасын қолдан шығармаған дұрыс шығар. Құран аяттары мыңдаған жыл бұрын жазылса да, қазіргі ғылым оның әлі негізіне жеткен жоқ.
Марқұмды жерлеуге келген әр адам, марқұмға сұрақ-жауаптың кезі келгенде, оны қабір азабынан сақтауға көмектесу мақсатында, жаңағы аяттарда айтылғандай таразының сауап жағы басым түссе екен деген оймен; «Е! Раббым! Марқұмның күнәларын кешіріп, сауабын молайта гөр» деп дем беру арқылы оған өзінің бойындағы энергиясын беріп, бір шөкім топырақ салады. Ол топырақ мәйіттің жанында болады. Бұл ерте кезден қазақ арасында қалыптасқан марқұмның ағайын-туыс, жолдас-жораларының ізгі тілекпен келіп, мұсылман ретінде марқұмға жасаған ақырғы жақсылығы емес пе? Мұны әркім өзінің жан дүниесімен осылай сезінеді. Ескі жазбаларда, жаңағы топырақтың бәрін жинап, шүберекке түйіп, мәйіттің бас жағына қояды деп жазған. Бұрындары осылай болатын. Әлі де, біраз жерлерде осылай жасайды. Біздің жақта топырақты әркім мәйіттің жанына өзі салатын. «Қазір оның орнында бас топырақ жатыр» деп топырақ салғызбайды, қабірдің сыртына салғызады. Бұл табыттың сыртына топырақ салатын христиандардың салтына қарайлағаны ма? Ал мұның сауабы қанша? Бас топырақ ол жай ғана топырақ қой.
Баяғыда әнші Мұхит жалғыз қызы Зәуреш қайтыс болғанда сырт жақта жүріп топырақ сала алмай, қабірін құшақтап жатып: «Сен едің отыз ұлдан қалған Зәуреш, бір уыс бұйырмады-ау топырағың», деп зар жыламай, қабірдің сыртынан топырақ сала салмады ма? Осы қаншалықты дұрыс? «Марқұмға топырақ салайыншы» деп барғаныңда, топырақты мәйіттің жанына емес, қабір сыртындағы үйіндіге тастағанда өзіңізді бір түрлі дұрыс іс жасамаған, марқұмның алдында кінәлі адамдай сезінесіз.
Құран сүресінде, «Менің сөзімді саудаға салмаңдар» деген аят бар. Ал қазіргі имам-молдалар осы аятты дұрыс қолданып жүр ме? Қарағандыда бір марқұмның қонақ асында елдің бәрі өз қайғысымен жүріп имам ескерусіз қалса керек. Сонда имам дауыстап: «Әй, әлгі маған беретіндеріңді тездетіп беріңдер мен асығып тұрмын», – деп айқай салды. Осы имамның жүрегінде қанша имандылық бар? Ол өзінің оқыған Құраны үшін ақы сұрап тұр ғой. Оның әрекеті жаңағы Құран аятымен қауыша ала ма? Қазақ, «дүмше молда дін бұзар» дейді. Бұл дүмшелік пе, әлде оның осы әрекеті дұрыс па? Қазақ: «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме», дейді. Мұны да молдадан әбден көңілі қалғаннан кейін айтқан шығар. Қазіргі кейбір молдалардың айтқанының өзін байқап-байқап істемесеңіз шатасасыз. Сондықтан осы имамдардың өзін оның біліміне қарай емес, адамгершілігіне қарай сұрыптау керек шығар. Бейіт басында кей жерлерде бейіттің төрт құлағына деп төрт кісі өзі білген Құран аяттарын оқиды, кейбірінің тілдері орамға келмей жатады. Обал. Оларға тиісінше ақша береді. Осы табыс көзі ме, әлде парыз ба? Жаны ашып бара жатса, кейін қалып тегін оқымай ма? Ол үшін ақша алмай-ақ. Қазір марқұмды жерлеу рәсімінің өзін кей жерде бизнеске айналдырып алды. Осыған қарағанда өзін «молдамын» деп жүргендердің біразының нәпсілері имандарынан өте жоғары тұрған сияқты.
Қателессем кешірім сұраймын. Ал сіздер осыларға қалай қарайсыздар?
Сәбит ТОҒАМБЕКОВ
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы,
Қасым ауылы