Ыстанбұл университеті Түрік тілі және әдебиеті кафедрасының оқытушысы Доцент Уғур Гүрсу Мағжан Жұмабаевтың "Педагогика" кітабын түрік тілінде жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Қазақ тіліне деген қызығушылығы студенттік жылдарда басталған У. Гүрсу докторантура оқып жүргенде "Түрікше және қазақша мақал-мәтелдердің салыстырмалы анализі" атты диссертациясын қорғап шыққан.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаевтың "Педагогика" туындысының түрікшеге аударылмағанын байқап, аударма жұмыстарына кіріседі. Осылайша толағай еңбектің жемісі - Мағжан Жұмабаевтың "Педагогика" атты оқу құралы жуырда түрік оқырмандарына ұсынылды" деп мәлім етті Қазақстанның Түркиядағы елшілігі Facebook парақшасында.
Оқу құралы педагогиканың жалпы мәселелеріне арналған. Сондай-ақ, кітапта психология және логика салалары туралы да ақпарат берілген. Туындыда педагогика ілімі қазақ мәдениеті мен дәстүрлеріне сәйкес жазылған.