• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Қыркүйек, 2020

Мархабат пен Мерей жастарды жақсылыққа жұмылдырды

562 рет
көрсетілді

Осы көктемде індетке байланысты карантиндік шектеулер енгізіліп, біраз кәсіп тоқтап қалған тұста Қазалы ауданының белсенді жастары Мархабат Асанова мен Мерей Айекешова қайырымдылық шараларын қолға алды. Ерікті жастардың басын қосқан құрбылар аз уақыт ішінде 55 отбасына азық-түлік жеткізіп, қиналған жұрттың алғысын алды.

Осы шара кезінде Қазалы қаласындағы бір отбасының баспанасын көрген Мархабат пен Мерей «Қалайда мына кісіге үй салып беру керек» деген ұйғарымға келіп, әлеуметтік желіде қатарластарына ой тастайды. Қатты бір нөсер жауса, құлап қалардай жағдайда тұрған баспананы паналап, төрт баласын жалғыз өзі асырап отырған әкенің жағдайына қаныққан жастар бұл бастаманы қолдап, кәсіпкер жігіттер ақшалай да, құрылыс жабдықтарымен де қамтамасыз етті.

– Бірінші мамыр күні жаңа үйдің іргетасын құйдық. Қазалы қаласындағы Данияр Ерғабылов бастаған жас жігіттер бірден бірігіп, асарлатып әкетті. Кірпішін қалау, төбесін жабу, әрлеу сияқты жұмыстар ретімен шешіліп жатты, – дейді қатарларын қайырымдылыққа үндеген қыздар.

Кәсібі тоқтап тұрғанымен де біраз іскер азамат бұл іске үлес қосыпты. Қажетті кірпішті Нұртай Аманов түсіріп берсе, шатырға қажетті қаңылтырды Данияр Балмаханов атты азамат әперген. Үй иесінің колледжде оқитын ұлының достары мен ұстаздары да еденге қажетті ағаш әперіп, қайырымдылық танытудан қалыс қалмапты.

Мархабат пен Мерей бастаған іс ерікті жастардың арқасында жа­қын­да бітті. Үй айналасын осы Қазалы қаласының жігіттері қоршап, қақ­па­сын да орнатып беріпті.

Кез келген мәселенің дереу шешілуіне әлеуметтік желінің де көмегі көп болып тұрғанын айта кетейік. Мысалы, індет өршіген тұста желі арқылы аудан тұрғындарына үндеу тасталып, қазалылықтар аз уақытта оттегі концентраторларын алу үшін қомақты қаржы жинап үлгерді. Жиналған қаражатқа 6 аппарат, қорғаныш костюмдері мен бетперделер алынып, ауруханаларға берілді.

Жақынына жанашырлық танытатын шаралардан жекелеген азаматтар да шет қалған жоқ. Осы аудандағы Кәукей ауылының тумасы, белгілі кәсіпкер Бақытбек Катен жерлестеріне 14 оттегі концентраторын алып берді. Оның 10-ы аудандық ауруханаға, төртеуі Кәукей ауылындағы емханаға табысталды.

 

Қызылорда