• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Білім 22 Қыркүйек, 2020

Отандық ЖОО дипломдары Еуропада жарамды

161 рет
көрсетілді

Отандық жоғары оқу орындарының дипломдары 2021 жылдан бастап Еуропа елдерінде жарамды болмақ. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі хабарлады.

Ведомство таратқан хабарламада: «2021 жылдан бас­тап еліміздегі жоғары оқу орындарының түлектеріне жаңартылған қосымшалары бар диплом беріледі. Аталған қосымшада елімізде алған жоғары білім біліктілігінің еуропалық біліктілік санатымен сәйкес келетіні міндетті түрде көрсетіледі. Болон процесінің хатшылығы Қазақстанның Жоғары білім беру ұлттық біліктілік шеңберінің өздігінен сертификаттау бойынша есебін қабылдады. Енді еліміздегі жоғары оқу орындарының дипломдары Еуропа елдерінде жарамды болады. Бұл шетел­дік азаматтар тарапынан қазақ­стан­дық жоғары білімге деген қызығушылықты арттырады», делінген.

Болон процесінің хат­шылы­­ғы қабылдаған Өзін-өзі сертификаттау бойынша есепті дайындау үшін Білім және ғылым министрінің бұй­ры­­ғымен ведомствоаралық жұ­мыс тобы құрылған. Оның құрамына Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Атамекен» Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы, сала­лық қауымдастықтар және қазақстандық жоғары оқу орын­да­рының өкілдері кірді.

Минис­трліктің мәлім­де­уін­ше, Өзін-өзі сертификаттау бойынша есеп Жоғары білім беру үшін ұлттық біліктілік шеңберінің Еуропалық жоғары білім беру кеңістігімен (ЕЖБК) үйлесімділігі, сондай-ақ салыс­тыр­малылығын көрсетті. Бұл – Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан ке­йінгі білім беру жөніндегі ұлттық жүйенің еуропалық жоғары білім беру кеңістігінің білім беру жүйелерімен сәтті үйлесімділігінің айқын дәлелі.

Айта кетейік, Болон про­цесі еңбек нарығында аза­мат­тар­дың ұтқырлығын дамыту, еуропалық жоғары білімнің бә­се­кеге қабілеттілігін арттыру, жоғары білімнің ұлт­тық жүйелерін үйлестіру мақ­сатында 1999 жылы 29 елдің Білім министрлерінің бастамасымен құрылды.