Сыр өңіріндегі тарихы терең білім ордаларының бірі – И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі. Құрылғанына 90 жыл толып отырған оқу орны сан мыңдаған түлек тәрбиелеп, әр саланы білікті мамандармен толықтырды.
Осы жылы колледж күрделі жөндеуден өтіп, оқу орнына есімі берілген мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, соғыс ардагері И.Әбдікәрімовтің ғимарат алдындағы ескерткіш бюсті қайта жаңғыртылды. Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов қатысты. Ал тарихы 1930 жылдан бастау алатын оқу орны әр дәуірде түрлі атауға ие болып, дайындалатын мамандық аясын да кеңейтіп отырыпты. Осы жылдар аралығында 12 мыңнан аса түлегі ұшырған іргелі оқу орнында материалдық-техникалық база жаңарып, білікті педагогтер жүйесі қалыптасты. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1997 жылғы 8 мамырдағы №814 қаулысымен өңірдегі ауыл шаруашылығы, политехникалық және темір жол колледждерін біріктіру арқылы Қызылорда аграрлық техникалық колледжі болып құрылды. Ал 2003 жылы колледжге осы оқу орнының танымал түлектерінің бірі, қоғам қайраткері И.Әбдікәрімовтің есімі берілді.
Жаңақорған ауданында туған Исатай Әбдікәрімов 18 жасында соғыс сарбазы атанады. Майданнан оралғаннан кейін соғыстан тұралаған ел тұрмысын түзеу үшін еңбек етті. Аудан, облыстық партия комитетін басқарды. Жетпісінші жылдар соңына қарай Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының төрағасы болып тағайындалады.
Қазір тарихы терең оқу ордасында екі мыңға тарта студент 30 мамандық бойынша білім алуда.
– Білім ошағы 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының сұранысына сай Білім және ғылым министрлігі мен «Кәсіпқор» холдингі АҚ анықтаған еліміздегі білікті маман даярлайтын үздік он колледждің қатарына енді. Өңірге қажетті мамандықтар даярлауда колледждің орны ерекше екендігін атап өткен жөн. Мысалы, 2013 жылы Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институтымен жасалған келісімшарт негізінде, аймақта алғаш рет колледжде «Агрономия» мамандығын дуальді оқыту жүйесі енгізілді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Жастар жылында қолға алынған «Жас маман» жобасын өңірімізде жүзеге асыратын 9 колледждің қатарына енгізілген бұл оқу орнының материалдық-техникалық базасын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін қажетті қаражат республикалық бюджеттен бөлінді. Жастардың кәсіптік білім алуына жасалған осы мүмкіндікті оқу орнының басшылығы игілікті іске айналдыра білгені қуантады. Ғасырға жуық тарихы бар оқу ордасына бұдан да биік белес тілейміз. Мерейтой қарсаңында қайта жабдықталған оқу орнының бүгінгі келбетіне сай демеушілер көмегімен гранит таспен қапталып, қоладан құйылған И.Әбдікәрімов ескерткіші де жаңартылып отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жиын барысында ғалым, профессор Қазыбай Құдайбергенов қандай биік қызметте жүрсе де ақиқаттан аттамай өткен азамат Исатай Әбдікәрімов туралы естелік айтса, қызы Шәмшия Исатайқызы ұжым басшылығына алғысын жеткізді. Мұнан кейін жиналған көпшілік «Жас маман» жобасы бойынша жабдықталған зертханалармен танысып, «Шежірелі білім ордасы» атты салтанатты кешке қатысты.
ҚЫЗЫЛОРДА