• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Қыркүйек, 2020

Электрқармақ – балықты барады жалмап

2059 рет
көрсетілді

Көз алдыңызға мына суретті елестетіңізші. Түн. Көл жағасы. Күні бойғы тіршілік бір сәтке тыным тауып, айналаны мүлгіген тыныштық басқан. Анда-санда көл бетінде ойнаған балықтардың шолпылы ғана естіледі. Осы кезде айдынды қайықпен кезген әлдекімдер көрінді. Көп ұзамай сәл діріл қаққан су бетіне ондаған өлі балық шыға келді. Судағы тіршілік атаулыны жалмап, табиғат қорғаушыларының тынышын алып жүрген электроқармақ дегеніңіз осы пәлекет.

Қызылорда облыстық орман шаруа­шы­лығы және жануарлар дүниесін қор­ғау инспекциясы мен табиғатты қорғау полициясы мамандарының айтуынша, электрқармақ бізге соңғы 4-5 жылдықта жетіпті. Қолдан жасалған құрылғы әу бас­та көрші Өзбекстан мемлекетінен келген. Қазір Түркістан облысы аумағында да көптеп саналады. Біздің облыста рұқ­сат етілмеген құрылғымен балық аулау Шиелі ауданы аумағында жиі кездеседі.

Электрқармақ теңіздің ащы суына жарамайды. Түбі көрінбейтіндіктен аққан өзенге де салу қиындау. Сондықтан да жарығы қандай терең судың да түбін анық көрсететін қытай шамын қолға ұстаған браконьерлер түнгі көл бетін торуылдайды. Ең қиыны, бізде осы құрылғының қаншалықты зиян екендігін, балықтың нақты осының зардабынан өлгендігін анықтап бере алатын маман жоқ. Осыдан да ұсталған браконьерлердің барлығы дерлік сот алдына барғанда сүттен таза, судан ақ болып шығып жататын кезі көп.

– Электрқармақ тікелей түссе балықтың көзі шығып кетеді. Жанамалай тигеннің өзінде омыртқасына зақым келіп, уылдырық шашу қасиетінен айырылады. Тайға таңба басқандай көрініп тұрған осы өзгерісті сот биологиялық сараптамада дәлелдеу қиын. Сондықтан да осы сала маманын әзірлеу кезек күттірмейтін мәселенің бірі, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының бөлім басшысы Руслан Сейітмұратов.

– Заңсыз балық аулайтындар да әбден әккі болып алған. Ұстала қалған жағдайда қолын­дағысының бәрін суға лақтырып, құтылып ке­теді. Электрқармақты суға бір малып алсаң болды, істен шығады. Көбі осы әдісті пайдаланады да, сараптама құрылғының жұмыс істемейтіндігі туралы қорытынды береді. Осы­лайша, басты айғағымыздан сотқа дейін айырылып қалып жатамыз.

Жалпы, электрқармақ салу – қылмыстық іс. Ал оны тасымалдауға тыйым салынбаған. Сондықтан да табиғат қорғаушылар мен полицейлер көлігінен осы құрылғы шыққан адамға ештеңе істей алмайды.

Мәлімет іздеп, интернетті ақтардық. Электр­қармақтың неше түрі жайлы дерек таптық. Көбіне Ресейден шығады екен. Ақысын төлесеңіз, ар­занға Қытайдан да алдыруға болады. Тіпті осы құрыл­ғыны қалай жасауды үйрететіндер де көп кездесті.

Облыста биылдың өзінде Шиелі ауданының аумағынан электрқармақ салған 2 адам ұста­лыпты. Соның бірі сотқа жетпей қысқарып кетсе, екінші іс бойынша қазір тергеу жүріп жатыр.

Ашкөздікке салынған адамның ойына не келмейді десеңізші. Қазір көрші Түркістан облысынан арнайы адам шақырып, өңірдегі көлдерге электрқармақ салдыратындар бар. Оның зардабы тиген балық тірі қалса да енді уылдырық шаша алмайтыны бір күндік пайданы көздегендердің ойына кірмесе қайтесіз. 12, 24 вольттік, кейде тіпті қуаты одан да жоғары құрылғымен ұрғаннан кейін судағы микроорганизмдер де жойылып кетеді. Бұл көлдегі балық біткен азығынан айырылды деген сөз.

Бұл құрылғының электрогон деген тағы бір ауыр түрі бар. Браконьерлер кәдімгі ау салғандай қайықпен жүзіп отырады, олардың ізіне су бетіне шыққан балықтарды жинайтын тағы бір қайық ілеседі. Көлдер мен ағысы баяу каналдардың мына басынан түскендер белгіленген жерде күтіп тұрған көлікке жеткенше жүздеген балық алады. Олар қажетіне жаратпай кеткен майда балықтар су бетінде қала береді.

Мамандар жылына жүздеген рейд, тексерулер ұйымдастырады. Сондай сәттерде саны басым браконьерлердің бұларға балта алып жүгірген сәттері де болған. Айғақ заттарын тас­тап үлгере алмай қалғанда айбат көрсетіп, өмір­леріне қауіп төндіргендері де бөлек әңгіме. Осын­дай қиындықпен ұсталған ұрылардың жазаға кесілмей құтылып кететіні қынжылтады бұлар­ды. Аз айт, көп айт, заң әзірше сол түн жамылып көл бетін тіміскілегендердің «сөзін сөйлеп» тұр.

Облыстық полиция департаменті табиғат қорғау бөлімінің аға инспекторы, полиция ма­йо­ры Жасұлан Жакияеевпен де тілдестік. Көк­темнен бастап қара күзге дейін рейдте жүретін маман бізде сараптамалық технология уақыт талабына ілесе алмай келе жатқанын айтады. Мысалы, бір көліктен электрқармақ пен балық шықты делік. Бірақ сол балықтың заңсыз құрыл­ғыны пайдалану арқылы ауланғанын дәлелдеуің керек. Бәрі де «электрқармақты тауып алдым» деген жауаптан танбайды. Істеген қылмысына сай жазаға тартылмаған соң келесіде тағы да түн жамылып жорыққа шығады.

Неше жыл су жағалап, рейдке шығып жүр­ген мамандардың бұл мәселенің алдын алу жөнінде ұсыныстары да бар. Соның бірі – заң­сыз құрылғыға қарсы күреске жергілікті тұрғын­дарды тарту. Осы бағытта неше жылдан бері ауыл-аймақтарды аралап, ел арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Сол тұрғындардың хабар беруімен оңай олжа іздегендердің жолын кесетін кездері көп.

Браконьерлерді басындырмаудың тағы бір амалын облыстық полиция департаменті таби­ғат қорғау бөлімінің аға инспекторы, поли­ция майоры Жасұлан Жакияеев айтты. Бұл үшін қа­шықтан басқарылатын шағын ұшақтар алу қажет. Радиусы 50 шақырымды қамтитын ұшақ­тар түнде 3 шақырымнан фото мен видоға түсі­ре алады. Табиғат қорғаудың барлық саласына пайдалануға болатын мұндай құрылғы өз бағасын ақтайды. Біздің кейінгі ұрпаққа қалдыратын бас­ты байлығымыз осы табиғат емес пе?

Мамандар тым болмағанда көктем мен күз ара­лығында көлдер мен айдындар маңында элек­трқармақ тасымалдауға заң жүзінде тыйым салынса деген тілегін де айтты. Қалай болғанда да түн жамылып көл кезген жырындылардың жо­лын кесудің бар амалын жасауымыз керек. Әйт­песе, табиғатты тонаудан көл-көсір табыс тауып отыр­ғандар балығы тайдай тулаған, бақасы қой­дай шулаған талай көлдің түбіне жетері анық.

 

Қызылорда облысы