• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Руханият 23 Қыркүйек, 2020

Әулиеатаның әдеби кейіпкерлері әспеттелсе

577 рет
көрсетілді

Әдеби кейіпкерлерге ескерткіш орнату әлемдік тәжірибеде бар. Әрбір ұлы шығарманың кейіпкерлері де осал болмайды. Сол кейіпкерлер халықтың жадында, тіпті сол ұлттың рухында өмір бойы жасай береді.

Мәселен, Америка елінде Марк Твен шығармаларындағы Том Сойер мен Гекльберри Финн деген екі кейіпкерге арналған ескерткіш бар. Жалаңаяқ кейіпте бейнеленген екі баланың бейнесі өзіндік кереметтігімен ерекшеленеді. Ал Дания мемлекетінің астанасы Копенгаген қаласында Ханс Кристиан Андерсеннің шығармасындағы кейіпкердің құрметіне «Су перісі» ескерткіші қойылған. Сүйгені үшін теңіз көбігіне айналып кеткен қыздың адалдық пен пәктікке толы бейнесі теңіз жағасында талайды тамсандырып тұр. Пушкин, Чехов шығармаларының кейіпкерлеріне қойылған ескерткіштер туралы да айтуға болады. Осыдан біраз жыл бұрын классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романының кейіпкерлеріне арналған ескерткіш Ақ­тө­бе қаласында бой көтерді. Бұл әде­би кейіпкерлерге қойылған еліміздегі тұңғыш ескерткіш еді...

Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһары туралы әңгіме бол­ғанда, еске бірден Шығыстың ұлы шайыр­лары түседі. Тараздың көркем кел­беті, сұлуларының гөзал көркі ақын ға­зал­дарында шеберлікпен өрілген. «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген Фирдоусидің екі жол ғаза­­лының өзі кейіпкерлерінің кере­мет­­тігін көрсетіп тұрған жоқ па?!. Ал Ру­дакидің «Михрабқа жүзді бұрғаннан не пайда, көңіл Бұхара мен Тараз аруларында болған соң», дегені тағы бар. «Шекерлігің өтті ақын сынынан, шарапты іш Тараз кербездері қолынан», дейді Әсәди Туси. Тараз сұлуларынан бөлек, Горганидің Тараз тұлпарын, Нәсір Қысыраудың әлі күнге дейін аты белгісіз, бірақ тазалық пен жылылықты дәріптейтін Тараздағы аспапты жырға қосқанын білеміз. Бірақ әлі күнге дейін мұның құпиясы ашылмай келе жатыр. Жалпы алғанда, Шығыс ақындарының шығармаларындағы Тараз аруларының, тағы да басқа кейіпкерлердің әлемдік әдебиетте орны бөлек. Содан бері арада мыңдаған жылдар өтсе де адамзаттың арғы-бергі алыптарының өзі бұл ке­йіпкерлердің көркемдік келбетіне тамсанумен келеді. Түрі, тегі белгілі болмаса да, жалпы сол жырларда айтылған сұлулық құдіреті адамзат баласын әлі күнге тылсым әлемінде тербеп отыр.

Бүгінде Тараз қаласында көптеген жоба қолға алынуда. Шаһардың шырайын ашу жолында жұмыстар бар. Енді тарихи шаһарға әйгілі Фирдоуси, Хафиз, Рудаки ғазалдарының кейіпкерлеріне арнап ескерткіш тұрғызу керек сияқты. Мәселен, көп адам басқа қалаға барғанда сол аймаққа тән тарихи нысандарды іздейтіні анық. Таразға келгендердің де өңір тарихынан бөлек, ақындардың жырына арқау болған сұлулықтың, әдеміліктің бейнесін көргісі келеді. Та­ластың ерке толқындарында бірге толқып, бірге шалқып өткен ақындық пен сұлулықтың құдіретінен туып, адамзат санасынан берік орын алған махаббаттың символы Тараз топырағында еңсе тіктеп тұруы керек-ақ. Мәселен, өткен жылы қаладағы «Тектұрмас» тарихи-мәдени кешенінің аумағынан «Әулие-Ата» ес­керт­кіші ашылған болатын. Оның жанында Әулиеата өңіріне қатысты бірқатар қағанның есімі жазылған. Сол сияқты, сұлулық символы болып саналатын ескерткіш ашылатын болса, ол да көптің қызы­ғушылығын тудырған жобаның бірі болар еді...

P.S. Кезінде Тараз қаласының батыс қақпасына Фирдоусидің «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген шумағы жазылған болатын. Кейіннен шаһар төрінде өткен бір айтыста бір ақынның сөзіне бола сол кездегі басшылар бұл тарихи өлеңді алып тастады. Сол уақытта әйгілі шайырдың жырына қатысты түрлі пікір айтылып жатты. Бірақ кім не десе, о десін, бұл өлеңнің өзі тұтас бір дәуірдің әдеби кейіпкерлерін көрсетіп тұрды ғой. Таразды біз тарихи шаһар дегенді көп айтамыз. Бірақ сол тарихилығын айқындайтын нәрселер аз. Тасқа басылған тарих бір басқа да, тарихтың ел есінде қалатындай ескерткіш болып тұруы бір бөлек. Сондықтан да Тараз төрінде Хафиз, Фирдоуси рухымен қатар, сұлулық кейіпкерлерінің де салтанат құратын уақыты жетті.

 

Жамбыл облысы