Кіріспе
Үш ғасырға жуық Еуразия құрлығының басым бөлігінде өмір сүріп, сол аумақтағы көптеген халықтардың тарихы мен мәдениетінде, олардың мемлекеттілігі тарихында терең із қалдырған Алтын Орда империясының тарихы күні бүгінге дейін зерттеуші мамандардың назарын өзіне аударуда. Ал соңғы жылдары Алтын Орданың құрылуының 750 жылдық датасына орай оған деген терең қызығушылықтар зерттеуші мамандармен қатар, қалың көпшілік тарапынан да байқалып отыр.
Алтын Орда тарихын обьективті түрде зерттеуге кеңестік идеологияның теориялық – методологиялық принциптері кедергі келтіргені белгілі. Кеңестік тарихнамада үстем болған тарихи процестерге «таптар күресі» тұрғысынан қарау, діннің рөліне теріс көзқараста болу сияқты тұрғылар зерттеушілердің шынайы тұжырымдар жасауына қол байлау жасағанын қазір ешкім жоққа шығармайды. Сол себепті де кеңестік тарихнамада орнығып қалған көптеген тұжырымдар әлі де болса қайта қарауды қажет етеді.
Сондай қайта қарайтын мәселелердің біріне – Алтын Орда тарихындағы ислам дінінің рөлі мәселесі жатады. Алтын Орда тарихындағы ислам дінінің алатын орны мен маңызы, исламның Алтын Ордадағы қыпшақтану процесіне, XIII-XV ғасырлардағы халықтардың этникалық дамуына, мәдениетіне, этникалық сипаттағы этностардың қалыптасуына тигізген рөлі ерекше. Ислам діні Алтын Орданың билеуші әулеті өкілдері арасында да бірден тарала қоймады, жекелеген өкілдер исламды ерте қабылдап, мұсылмандарша өмір сүрсе, ал кейбір өкілдер бұрынғы сенімі мен дәстүрінен, әдет-ғұрпынан ұзақ уақытқа дейін арыла қоймады. Биліктің ең жоғары төбесі мен билікке ықпал ете алатын, биліктің айналасындағы тұлғалардың әртүрлі дінде болуы Алтын Орданың саяси дамуына ықпалдарын тигізеді. Сол себепті де біз осы жұмысымызда ислам дінінің Алтын Орда тарихының алғашқы кезеңіндегі аса маңызды саяси оқиғаларға тигізген әсерлері жөнінде қарастырамыз. Біздің ойымызша, осындай аса маңызды оқиғалар қатарына Алтын Орда тарихының алғашқы кезеңіндегі Батый ханның мұрагерлері Сартақ пен Ұлақшының Сарай тағына отырмай жатып, кенеттен қаза табуы мен Берке ханның діншілдігі, XIII ғасыр соңында Алтын Орданың саяси тарихындағы Тоқтай хан мен ұлыс билеушісі Ноғай арасындағы ұрыстардың басталуына түрткі болған жағдайлар, Тоқтай ханның ұлы Елбасардың кенеттен қайтыс болуы және Өзбек ханның билікке келуі мен исламды қабылдауы туралы оқиғалар жатады. Бұл оқиғалардың барысына ислам діні әртүрлі деңгейде әсерін тигізеді.
Методология
Алтын Орда тарихын зерттеу жұмыстарын қолға алу ісі Ресейде XIX ғасырдың 20-шы жылдарынан бастау алады. 1826 және 1832 жылдардағы Императорлық Академияның Алтын Орданың тарихын зерттеу үшін жарияланған конкурсқа жалғыз жұмыс – аустриялық тарихшы, еуропалық тілдермен қатар араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгерген Йозеф фон Хаммер-Пургштальдың неміс тіліндегі қолжазбасы келіп түседі. 1840 жылы осы қолжазба негізінде автор Пешт қаласында «Қыпшақтағы Алтын Орда немесе Ресейдегі моңғолдар тарихы» («Geschichte der Goldenen Hordein Kiptschak,dasist:der Mongolen in Russland») атты монографиясын жарыққа шығарады. Содан бергі 180 жыл уақыт ішінде Алтын Орда тарихына қатысты Батыс Еуропада, патшалы Ресейде, Кеңес Одағында және КСРО ыдырағаннан кейін оның аумағында құрылған жекелеген мемлекеттерде өте көп зерттеу еңбектері жарық көрді. Ол еңбектердің өзін – әртүрлі тілдердегі (араб, парсы, орыс, армян және тағы басқа) жазба деректердің материалдары, әр жылдардағы археологиялық қазба жұмыстарының материалдары, Алтын Орда тарихының әртүрлі аспектілеріне арналған жеке монографиялық зерттеулер, ғылыми жинақтар мен очерктер, жеке мақалалар деп шартты түрде топтастыруға болады. Әр топтағы еңбектердің өздерін проблемалық тұрғыдан жеке қарастыруға болады.
Дегенмен де, біз бұл арада Алтын Орда тарихының саяси аспектілері мен қоғамдық қатынастары мәселелеріне арналған бірнеше еңбектерді атап өтуді қажет деп санаймыз. Н.И.Березиннің, А.Н.Насоновтың, Б.Д.Греков пен А.Ю.Якубовскийдың, М.Г.Сафаргалиевтің, Г.А.Федоров-Давыдовтың, В.Л.Егоровтың, И.М.Миргалиевтің, Р.Ю.Почекаевтің, В.В.Трепавловтің, Ю.Е.Варваровскийдің және тағы басқа көптеген жас зерттеушілердің еңбектері Алтын Орданың тарихнамасына мықты іргетас болып, оны одан әрі дамытуда ерекше рөл атқарады.
Алғашқы мәселе – Берке ханның діншілдігі және Батый ханның мұрагерлері Сартақ пен Ұлақшының кенеттен қайтыс болуының себебі жөнінде болмақ.
Н.А.Насонов «Монголы и Русь» атты 1940 жылғы монографиясында бұл мәселені айналып өтіп, тек Берке хан жасөспірім шағында мұсылман болды, – деген пікірді айтады. Ал Алтын Орда тарихына арналған кеңестік тарихнамадағы алғашқы еңбек авторлары Б.Д.Греков пен А.Ю.Якубовский Батый ханнан кейін ұлдары – Сартақ пен Ұлақшының хан болып сайланғанын, бірақ таққа отыра алмай қайтыс болғанын және Сарай билігіне Батый ханның інісі Беркенің келгенін айта келе, Берке ханның исламды қабылдауы жөнінде «Берке ханның исламды қабылдауы саяси жағдайларға байланысты болды», деген пікірлер білдіреді. Олардың пікірлері бойынша, Берке хан исламды Сарай тағын иеленгеннен кейін қабылдаған және оған Алтын Орданың Бұлғар, Үргеніш, Бұхара және тағы басқа мұсылман қалаларымен тығыз сауда-саттық байланыстары, сондай-ақ Хұлағулық Иранға қарсы Египетпен саяси одақтастығы тікелей әсер еткен, сөйтіп, Берке хан саяси есеппен мұсылман болған. Қазіргі кездегі көпшілікке белгілі Алтын Орда тарихына қатысты кейбір деректердің сол тұста ғылыми айналымға енгізілмеуі және ислам факторын елемеуі авторларға осындай тұжырымдар жасауға әкеледі. Батый хан мұрагерлерінің қенеттен қайтыс болуының себептері ашылмайды.
Бұл мәселе бойынша 1960 жылы жарық көрген М.Г.Сафаргалиевтің «Алтын Орданың ыдырауы» монографиясында біршама жақсы қарастырылады. Автор сол кездегі белгілі деректердің мәліметтерін пайдалана отыра, Сартақтың Беркеге айтқан: «Сен – мұсылмансың, ал мен христиан дінін ұстаймын, (мен үшін) мұсылманның жүзін көру бақытсыздыққа әкеледі», – деген сөзінен діни себептерді көрсе де, оған терең мән бермейді. Автордың көрсетуі бойынша «Берке хан Батый ханның көзі тірісінде мұсылман болған, ал Сартақ христиандарға іш тартқан, ал Батый шамандықты мықты ұстанған, сол себепті алғашқы кезде моңғолдарда діни төзімділік болып, ол қақтығыстарға жол бергізбеген». Дегенменде М.Г.Сафаргалиев армян деректеріне сүйеніп Сартақты өлтірген Берке ханның жақтастары екенін мойындайды. Осылайша, ұзақ жылдар бойы Алтын Орда тарихының алғашқы кезеңіндегі аса маңызды саяси оқиғалардың себептері толық ашылмайды, діни себептер назардан тыс қалдырылады.
Өткен ғасырдың 90-жылдарында Өтеміс қажының «Шыңғыс-наме» еңбегі мәліметтерінің ғылыми айналымға енгізілуі біз қарастырып отырған мәселенің бетін толық ашуға мүмкіндік береді.
Алтын Орда тарихында 1257-1266 жылдары хан болған Жошы ханның Орда Ежен мен Батыйдан кейінгі үшінші ұлы – Беркенің діншілдігі туралы ортағасырлық дерек мәліметтері мен соларға негізделген зерттеулерде көп айтылады. «Берке хан Алтын Ордада алғаш ислам дінін қабылдаған билеуші және оның тұсында Алтын Ордада ислам діні кең тарала бастады» деген тұжырым тарихнамада мықты орныққан. Соған қарамастан Берке ханның діншілдігі жөнінде әлі де болса қалың көпшілік біле бермейтін тұстар бар. XIII-XVI ғасырларда Дешті Қыпшақ пен Мауереннахр, Хорезм аумақтарында таралған тарихи әңгімелерде Берке ханның ислам дінін қашан, қалай қабылдағаны жөнінде баяндалады. Тарихи әңгімелердің бірінде былай делінеді: « Ол анасынан туа сала мұсылман болды. Ол жарық дүниеге келгенде анасының және мұсылман емес әйелдердің сүтін ембейді. Сол себепті оны көріпкелдер мен бақсыларға көрсетеді. Олар айтыпты: «Бала – мұсылман екен, мұсылмандар мұсылман емес әйелдердің сүтін ембейді», – деп айтқан соң, бір мұсылман әйелді тауып әкелгенде, бала оның сүтін еме бастайды». Ал тарихшы Жүзжани (1193 ж.т.) болса «Жошы ханның өзі бұл ұлымды туа сала мұсылман етемін деп, кіндігін мұсылман әйелге мұсылманша кескізіп, мұсылман әйелдің сүтімен еміздірген екен», – деп хабарлайды. Одан әрі Жүзжани «Берке білім алар және тәрбие алар жасқа келгенде әкесі оған Құранды үйрету үшін имамдар таңдатады, жасы келгенде сүндеттеледі, ол діни білімді Ходжентте алды, оның әскері 30 мың мұсылманнан жасақталған, оның әскерінде жұма намазы қатаң сақталынып отырылыпты, әрбір сарбаз өзімен бірге жайнамазын алып жүретін тәртіп болған, сондай-ақ бүкіл әскерде ешкім шарап ішпейді екен және оның жанында үнемі Құранды білетін ғұламалар, хадистерді түсіндірушілер мен ислам заңын білетіндер жүреді. Ал Батый ханның тұсында Берке екі немесе одан да көп рет Халифтың арнайы жіберген сыйлық киімдерін алыпты», – деген мәліметтер береді. Бұл келтірілген дерек мәліметтері Берке ханның қанша жасында мұсылман болғандығы жөнінде пікір айтуға мүмкіндіктер береді.
Біздің ойымызша, бұл мәселеде Н.А.Насоновтың «Берке хан жасөспірім шағында мұсылман болды», – деген пікірі шындыққа өте жақын. «Шыңғыс-наменің» Берке хан жөніндегі мәліметін талдау, саралау арқылы біз де осы пікірге келеміз. Берке ханның 1209 жылы дүниеге келгені белгілі. Бұл кез – моңғолдардың әлі Мауереннахр, Дешті Қыпшақ аумақтарына келмеген кезі. Сол себепті де Берке ханның анасынан туа сала мұсылман болды деген мәліметі шындыққа жанаспайды. Ал 1219-1221 жылдар – жаңағы аталған аумақтар толығымен моңғолдардың қол астына қараған кезі. Бұл кезде Беркенің жасы 10 жастар шамасында. Міне, осы кездері Жошы ханның ұлдарының бірі – Беркені мұсылманша тәрбиеге беруі әбден мүмкін. Бірнеше ғасыр өткеннен кейін және Алтын Ордада ислам ресми дінге айналғаннан кейін бұл оқиға «Берке хан туа сала мұсылман болды», – деген аңыздық сипатқа ие болған секілді. Тіпті, бұл оқиға – әсірелеп көрсетудің нәтижесі де болуы мүмкін.
Батый ханның 1255/1256 жылы қайтыс болғаны белгілі жайт. Осы кезде Қарақорымға барған Сартақ Мөңке қағаннан Сарай тағына отыруға жарлық алады. Бірақ Алтын Ордаға келе жатып, кенеттен қайтыс болады. Одан кейін Батыйдың кіші ұлы – Ұлақшы да Мөңке қағаннан жарлық алып, қайтар жолда қайтыс болады. Алтын Орда тарихында Сартақтың билікке келгені кейде айтылады, кейде айтылмайды. Ал Ұлақшы жөнінде мүлде айтылмайды. Батый ұлдарының кенеттен қайтыс болғандығы туралы арнайы зерттеулерде болмаса, оқулықтарда ешқандай мәліметтер жоқ.
Батый ханнан кейін Алтын Орда тағын иеленген Сартақ сол кездегі қалыптасқан дәстүр бойынша Қарақорымға барып, қағанның жарлығымен бекітілуі қажет болатын. Сартақ Қарақорымға барып, Мөңке қағаннан бекітіледі де, қайтар жолда Берке ханға ордасына соғудан бас тартады. Берке хан оған адам жіберіп: «Мен сені әкеңнің орнын иеленуге мүмкіндік бердім, неге сен мені танымайтындай, маған соқпай кетіп барасың», – хабар жібереді. Хабаршыға Сартақ былай жауап қайтарады: «Сен мұсылмансың, ал мен христиан дінін ұстаймын. Мен үшін мұсылманның бетін көру бақытсыздық». Мұны естіген Берке үш күн бойы киіз үйде аяғынан тік тұрып, Аллаға жалбарыныпты. Алла оны қабыл етіп, оған асқазан ауруын жіберіпті. Ал төртінші күні Сартақ қайтыс болады. Көп ұзамай Ұлақшы да о дүниеге аттанады.
Армян деректерінде Батый мұрагерлерінің кенеттен қайтыс болуының артында Берке тұрғаны нақты айтылады. XIII ғасырдағы армян тарихшысы Вардан біз сөз етіп отырған мәселе бойынша былай деп баяндайды: «705 (1256) жылы Солтүстіктің (Алтын Орданы айтып отыр – Б.К.) ұлы билеушісі Батый қайтыс болды. Сол жылы оның ұлы Сартақ бауырларымен бірге уландырылып өлтіріледі. ...Оның өлімі христиандарды қатты қайғыға ұшыратты, өйткені ол таза христиан еді...». Себастаци қаласының тұрғыны, Себастаци деген есіммен белгілі келесі армян тарихшысы өз «Жылнамасында» Сартақтың өліміне тікелей кінәлілерге исламды қабылдаған Берке мен Беркежарды (деректе Беркечаллин деп жазылады – Б.К.) атап көрсетеді.
Көріп отырғанымыздай, Батый ханның мұрагері Сартақтың кенеттен қайтыс болуы Берке ханның және оның жақтастарының ісі де, ал оның басты себебіне діни фактор жатады. Егерде Сартақ хан Сарай тағына отырғанда Алтын Орда тарихы мүлде басқа арнада жүріп, мүлде басқа бағытта дамыған болар еді. Мұны сезген Берке хан және жақтастары немере інісін өлтіруге шешім қабылдайды. Осыдан кейін ғана Берке хан Алтын Орданың тағын иеленеді.
Тоқтай хан мен ұлыс билеушісі
Ноғай арасындағы соғыстардың басталуына түрткі болған ислам факторы туралы
XIII ғасырдың соңында Алтын Орда тарихындағы аса маңызды оқиғаға – Сарай билеушісі Тоқтай хан мен империяның батыс өңіріндегі ұлыс билеушісі Ноғай арасындағы соғыстар жатады. Соғыстың басталуына түрткі болған оқиғаға тағы да ислам факторы тұрғанын көреміз.
Енді төменде 1290-шы жылдардың соңында Алтын Орда тарихындағы екі ірі тұлға арасындағы соғыстың басталуына ислам факторының қалай әсер еткенін қарастыралық.
Ноғай – XIII ғасырдың екінші жартысындағы Алтын Орда тарихында терең із қалдырған және саяси өмірінде зор рөл атқарған атақты, әрі танымал тұлға. Ол – Жошы ханның жетінші ұлы Бувалдың немересі, Татардың ұлы. Ноғайдың Алтын Орда тарихындағы рөлі жөнінде күні бүгінге дейін ең іргелі зерттеу жұмысына Н.И.Веселовскийдің 58-беттік жұмысы жатады. Автор сол жылдардағы ғылымға белгілі араб, парсы, түрік, орыс, армян және кейбір европа халықтарының тілдерінде жазылған жазба деректердің мәліметтеріне сүйеніп, Ноғайдың тарихи болмысын толық ашты деуге болады.
Біз бұл жерде Ноғайдың өмірін толық баяндамай, тек қысқаша айта кетелік. Ол шамамен 1230-шы жылдардың басында дүниеге келеді. Берке ханның тұсында 1262-1265 жылдары Алтын Орда әскерінің қолбасшысы болып, талай рет Хұлағу әулетіне қарсы шайқастарға қатысқан және жеңістері арқасында зор беделге ие болады. Шайқастардың бірінде көзіне садақ оғы тиіп, бір көзі көрмейді. Араб тарихшысы Эннувейри (1279-1333 ж.ж.ө.с.) болса көзіне найза тиіп, содан көрмей қалған деп жазады [1,152]. Ноғай Берке ханнан кейін Алтын Ордадағы ең беделді саяси тұлғаға айналады, беклербек қызметін атқарады.
Ол Алтын Орданың ең батысындағы ұлыстың билеушісі болып, Болгар патшалығы мен Сербияны тәуелділікте ұстап, одан салық алып тұрған, сондай-ақ Византия императорының қызына үйленген. Ол Алтын Ордадағы таққа кімнің отыратынын шешіп отырды, өз Ұлысын жеке мемлекет ретінде басқарады. XIII ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап, Сарайдағы хандарға бағынбады десе де болады. 1280-1290-шы жылдары Сарай тағына хандар тек Ноғайдың көмегімен билікке келіп отырады. Тоқтай хан да 1291 жылы Ноғайдың тікелей көмегі арқылы билікке келгені.
Н.И.Веселовскийдің жазуы бойынша Ноғайдың Алтын Орданың ішкі саяси істеріне араласуы Тоқтай хан билікке келгеннен кейін де тоқтамайды. Ол 1293 жылы өзінің Байлақ атты хатынын Сарайға жіберіп, Тұлабұқа хан мен Тоқтайдың таққа таласы кезінде алғашқысына қолдау жасаған әмірлерді өлтіруді тапсырады. Сөйтіп, Тоқтай хан Ноғайдың тапсыруы бойынша 23 әмірдің көзін жояды. Осылайша, Ноғайдың Сарай істеріне араласуы жалғаса береді. Бірақ та Тоқтай хан мен Ноғай арасындағы достық қатынастар ұзаққа созылмайды. Тоқтай ханның Сарайдағы билігі нығайған сайын, Ноғайдың Сарайдағы ықпалын жоюға күш сала бастайды. Бұл жағдай – Алтын Орда тарихындағы екі ірі тұлға арасындағы соғыстың жалпы саяси себептеріне жатады. Араб деректерінің мәліметтеріне сүйенген Н.И.Веселовский соғыстың басталуын тездеткен оқиғаларға саяси сипаты бар – Тоқтай ханның бірнеше әмірінің Ноғайды паналауы, Тоқтай ханның Ноғайдан оларды қайтару туралы талап қоюы сияқты оқиғаларды жатқызады. Ноғай туралы еңбектің авторына Рашид ад-дин еңбегінің мәліметтері белгісіз болып, оқиғалардың басталуының діни себептерін көрсете алмайды. Ол мәліметтер біздің ойымызша, Тоқтай хан мен Ноғай арасындағы соғыстың басталуына түрткі болған.
1270/1271 жылы Ноғайдың атынан Египетке елшілік келіп, онда Ноғай Берке хан секілді исламды қабылдағанын, сөйтіп ақиқат жолына түскенін хабарлайды. Арада өткен 30 жылдан аса уақыт ішінде Ноғайдың отбасы, айналасындағылардың көпшілігі исламды қабылдайды. Исламның негізгі қағидаттарына негізделген рухани кеңістік, дүниетаным қалыптасады. Міне, осы діни фактор басқа саяси факторлармен бірге Ноғай мен Тоқтай хан арасындағы соғыстың басталуына түрткі болады.
Соғыстың басталуына түрткі болған діни сипаттағы оқиға қарапайым отбасылық қатынастардан басталады. Рашид ад-диннің «Жами ат-тауарихында» бұл жөнінде мынадай мәліметтер айтылады. «Тоқтай ханның Салджидай-гурган атты шешесінің әкесі, яғни нағашы атасы өзінің Яйлақ атты ұлын үйлендіру үшін Ноғайдың Қабақ атты қызына құда түседі. Бұл шамамен, 1297 жылға дейін болған. Өйткені екі жақ арасындағы соғыс 1297-1300 жылдар аралығында болған еді. Ноғай құда болуға келісімін береді. Үйлену тойы болып, біршама уақыт өткеннен кейін жастар арасында бірін-бірі түсінбеушіліктер мен келіспеушіліктер орын алады. Ноғайдың қызы – Қабақ әкесі секілді мұсылман да, ал күйеуі Яйлақ будда дінін ұстанған. Дінге байланысты және одан туындаған дәстүрдің әртүрлі болуы отбасындағы ұрыс-керістерді күшейтеді, сөйтіп, отбасында Яйлақ пен оның ата-анасы Қабақ-хатунға қарсы шығады. Бұл хабарды әрине, Қабақ әкесі Ноғайға, анасына және туған бауырларына жеткізеді. Ызаланған Ноғай Тоқтай ханға елші жіберіп, Салджидай-гурганды Сарайдан қуып, келген жағына жіберуді талап етеді. Ал Тоқтай хан болса оған келіспейді. Ноғай екінші рет тағы елшілік аттандырады. Сонда Тоқтай хан оған: «Ол менің әкем сияқты, әрі тәрбиешім, және де жасы келген әмір. Мен оны жау қолына қалай берем?», – деп жауап қайтарады». Көріп отырғанымыздай, діни себептерге байланысты туындаған отбасылық қатынастардағы қайшылықтар соғыс өртінің тұтануына өзіндік септігін тигізеді. Одан әрі дерек авторы: «Осыған байланысты екі жақтан да соғыс пен жеккөрушілік оты тұтанды», – деп баяндайды.
Міне, осы діни факторлар және жоғарыда айтылған саяси факторлар Ноғай мен Тоқтай хан арасындағы соғыстың басталуына әкеп соқтырады. Ол 2-3 жылға созылып, ақыры 1299/1300 жылы Ноғайдың қаза табуымен аяқталады.
Берекет КӘРІБАЕВ,
ҰҒА академигі,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы
(Жалғасы бар)