• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Қыркүйек, 2020

"Дамумен" бірге дамиды

210 рет
көрсетілді

"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры биыл 8 ай ішінде Батыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындарға жалпы көлемі 9,6 млрд теңгеге қолдау көрсеткен деп хабарлайды Egemen.kz. Бұл жөнінде Орал қаласындағы бірқатар бизнес нысандарына жүргізілген пресс-тур кезінде мәлім болды.

Аталған қордың аймақтық филиалы биыл жыл басынан бері бизнесті жеңілдікпен несиелеу мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Батыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындардың 100 жобасына жалпы сомасы 9,6 млрд теңгеге пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қаржылық қолдау көрсеткен екен. Ал жалпы сомасы 1,3 млрд теңге болатын 117 жоба қордың кепілділігін иеленіпті.

"Даму" қорының қолдауына ие болған компаниялар қатарында "Орал трансформатор зауыты" ЖШС, "Шаңырақ" түзету-оңалту орталығы және "Талап" акционерлің қоғамының медициналық орталығы желісі бар.

"Alageum Electric" холдингтік компаниясының құрамына кіретін "Орал трансформатор зауыты" 6-10кВ кернеулі күштік трансформаторларды өндіреді. Бүгінгі таңда зауыт өнімі ТМД мемлекеттері аумағында энергетика саласында кеңінен қолданылады.

Зауыттың сату бөлімінің менеджері Нұрберген Кәрімовтің айтуынша, "Даму" қорының субсидиялауы шеңберінде кәсіпорын "Бизнестің жол картасы" мемлекеттік бағдарламасының аясында бірнеше мәрте жеңілдікпен несие алған. Сөйтіп, жаңа жабдықтар сатып алынып, айналымдық қаражат толықтырылған.

- Жыл басында экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында «Басым жобаларды несиелеу механизмі» бағдарламасының шеңберінде екінші деңгейлі банктен 15% жылдық мөлшерлемемен 1,9 млрд теңге сомасына несие алдық. Бұл несиенің 9%-ын «Даму» қоры субсидиялайды. Сонда біз несиенің тек 6 пайызын ғана төлейміз. Бұл үлкен көмек, - дейді Нұрберген Кәрімов.

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы шеңберінде "Даму" қоры "Талап" акционерлің қоғамының медициналық орталықтар желісіне де қолдау көрсеткен. Бұл компания Орал қаласындағы жетекші жекеменшік клиникалардың бірі. 26 жыл бойы медициналық қызмет көрсетумен айналысатын компания кешегі коронавирус індеті ушыққан кезде мемлекеттік қолдаудың арқасында германиялық магниттік-резонанстық томография аппаратын орнатты. Қауіпті вирусты дер кезінде анықтауға бұл құралдың көмегі үлкен.

- Жыл басында медициналық жабдық сатып алу мақсатында біз Қазақстан Халық Банкіне жүгіндік. "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасының шеңберінде банк бізге 13% жылдық мөлшерлеме бойынша 250 млн теңге сомасына несие берді. Оның 7%-ын "Даму" қоры субсидиялайды, дейді "Талап" акционерлік қоғамы қалалық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Елена Дзюба.

"Дамудың" демеушілігін көрген тағы бір мекеме - мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Шаңырақ» түзету-оңалту орталығы екен. Орал қаласында биыл жыл басында ашылған орталықта мүмкіндігі шектеулі балаларға медициналық көмек көрсетіп, түзету және білім беру функцияларын да біріктіріп отыр. Орталықта түрлі саланың мамандары: невролог, реабилитолог, нейропсихолог, дефектолог, логопед, ЕДШ инструкторы, массажист пен коррекциялық педагог жұмыс істейді.

- Жыл басында жабдық сатып алу үшін несие алуға "Даму" қорына жүгіндім. Сөйтіп "Сбербанк" арқылы "Еңбек" 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 6% жылдық мөлшерлемемен 16,4 млн теңге алып отырмын. "Даму" қоры несие кепілдігінің 60 пайызын өз мойнына алды, дейді орталық директоры Гүлнұр Төлеген.

Батыс Қазақстан облысы