Сақтықта қорлық жоқ. Жер-жерлерде аты жаман індеттің екінші толқынына дайындық тыңғылықты жүруде. Алыс-жақын ауылдарға қажетті дәрі-дәрмектер, медициналық құрал-жабдықтар жеткізіліп жатыр. Облыс орталығындағы пульмонология орталығының құрылысы аяқталуға жақын қалды.
Нысан қазанның соңына дейін толықтай іске қосылуы тиіс екенін құрылысшылар біледі. Сондықтан да олар жауапкершілікті сезініп, өздеріне жүктелген жұмыстарды сапалы атқарып келеді.
Облыс басшылығының айтуынша, Пульмонология орталығын жабдықтау үшін ең заманауи және қажетті жабдықтар сатып алынған. Коронавирустың жаңа толқыны бола қалған жағдайда, 5 300 инфекциялық және провизорлық төсектік орын, 5 ПТР зертхана дайындалды. Зертхананың әрқайсысы күніне мың талдау жасауға қауқарлы. Яғни, тұрғындар тест тапсырса, нәтижесін апталап-айлап күтпейді. Сонымен қатар қосымша 3 компьютерлік томограф сатып алынды.
Ел-жұртты әбігерге салған пандемия аяқталып, заман тынышталған соң Пульмонология орталығы мамандары тек науқастарды емдеумен айналыспайды, тыныс алу аурулары бар жандар үшін ең озық медициналық технологиялар қолданылатын ғылыми мекеме болады.
Болуы ықтимал пандемияның екінші толқынына аудандарда да дайындық қарқыны бәсеңдеген емес. Бесқарағай ауданында құрылған BIRLIK қайырымдылық қорының көмегімен оттегі концентраторы аппаратын тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік туды. Аталған қор арқылы аудандық ауруханаға бір оттегі концентраторының аппаратын, екі пульсоксиметр, үш тонометр сатып алынды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер, Nur Otan партиясының аудандық филиалы және басқа да қызметкерлер бірігіп, орталық аурухананы тағы бір оттегі концентраторы аппаратымен қамтыды. Ауданға жанашырлық танытудан жергілікті кәсіпкерлер де шет қалып жатқан жоқ. Олар да дәл осындай аппараттың екеуін табыс етті. Одан бөлек медициналық құрал-жабдықтар жеткізіп берген.
Ал Катонқарағай аудандық ауруханасына құны 52 млн теңге тұратын жаңа цифрлы рентген аппараты алынды. Аппаратқа облыстық бюджеттен қаражат бөлінді.
Мамандардың айтуынша, жаңа құрылғының артықшылығы – сәуле өткізу қабілеті жоғары, зиянды доза мөлшері төмен. Рентген суретінің сапасы анағұрлым артық.
Пандемия халыққа ұйымшылдық, береке-бірлік керегін түсіндіргендей болды. Денсаулыққа мән берген елдің мейірімі артты. Халық қол қусырып, жоғарыдан көмек күтпеді. Өздері амалын таппаса, таралған індет уақытқа қарамайтын еді. Сөйтіп бірлігі бекем ел бір кісідей құрылған қорларға ақша аударып, тамшыдай болсын үлестерін қосты. Сол үрдіс шығыста әлі де жалғасып келеді.
Шығыс Қазақстан облысы