• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Қыркүйек, 2020

Ақтөбе облысында кәсіп ашқысы келгендер 140 миллион теңгеге қайтарымсыз грант алды

731 рет
көрсетілді

Жеке кәсіптерін ашуға ықыласты болғанымен, айналымға жіберетін қаржысы жоқ  ақтөбелік бір топ азамат "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы аясында 140 миллион теңге сомасында қайтарымсыз грант алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шілде айында  облыстық кәсіпкерлік басқармасы жергілікті ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде  конкурс шартын жариялаған күннен бастап, комиссияға  қыркүйектің ортасына дейін  204 бизнес-жоба ұсынылды. Өткен аптада  құрамына   жоғары оқу орындары оқытушылары,  ақпарат құралдары өкілдері, кәсіпкерлер кірген 11 адамнан тұратын конкурстық комиссия  жоба авторлары ұсынған бейнероликтермен танысты. Содан кейін комиссия мүшелері алдында жобаларын  онлайн режимде қорғап шықты.  

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың  хабарлауынша,  «Бизнестің жол картасы-2025»  бағдарламасы бойынша берілетін   грант сомасы биыл екі есеге ұлғайған. Мәселен, былтыр осы бағдарламаға Ақтөбе облысында  63 миллион теңге бөлінсе, биыл кәсіпкерлікті қолдау 140 миллион теңгеге  арта түскен.

Комиссия қарауына келіп түскен  биылғы 204 жобаның 85 пайызын ауыл тұрғындары ұсынды.  Оның ішінде жиһаз жасау,  ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жылыжай салу, автокөлік жөндеу, құрылыс шегесін жасайтын өндіріс ашу, тігін шеберханасын құру, тамақ өнімдерін жасау, тұрмыстық қалдықтарды көметін полигон салу  жобалары  мақұлданды. Ауыл кәсіпкерлігін дамытуға ниет білдірген 6 көп балалы ана, 29 жасқа дейінгі 12 азамат  жобаларын сәтті қорғап шықты. Осы жолы  ұсынылған жоба саны мен  кәсіпкерлікпен айналысуға белсенділік танытуы жағынан  Әйтеке би, Шалқар аудандарының тұрғындары ерекшеленді. Мақұлданған әрбір  жобаға бөлінген биылғы  грант сомасы әртүрлі.  Ең төменгісі  1 миллион 200 мың теңгеден басталып, жобаның  ауқымдылығына қарай  2 миллионнан  5 миллион теңгеге дейін өскен.

Бұл жолы  кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірген 170 тұрғын қайтарымсыз грантқа қол жеткізе алмады. Ал,  мақұлданған әрбір жоба бойынша бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын  қадағалайтын және кәсіпкерлерге жұмысты ұйымдастыруға көмектесетін бизнес-жетекші бекітілді.