Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн форматта өткізген баспасөз мәслихатында аудан әкімі Қаршыға Арынов ауданда орталықтандырылған су жүйесіне тұрғындардың 87,5 пайызы қосылғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Бүгінгі күні орталықтандырылған су жүйесіне 2277 ауланың 1992-сі қосылды",-дейді әкім.
Бірақ бұл мәлімет түсініксіз, бұл аудан орталығындағы аулалар саны болу керек. Аудан оралығында 7 мыңдай халық тұрады. Сонымен бірге 7 ауылдық аумақ орталықтандырылған сумен қамтылған. Нақты қай ауылдар екені айтылмаған.
Ал 200-ден аз тұрғыны бар 12 ауылда кешенді блок модульден су ішеді.
"Қазір 825 адам тұратын 230 ауласы бар Мүткенов ауылы мен 359 адам тұратын 106 ауласы бар Харьковка ауылында су құбырларының құрылысы жүргізілуде. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2021 жылдың тамыз айында аяқталады", - деді Қаршыға Арынов.
Ауданның 14 ауылдық аумағында блок модульдер және тағы 12 ауылда шағын блок модульдер жұмыс істейді. Биыл таза ауызсумен қамту нысандарын ұстап, күтуге аудан бюджетінен 70 миллион 700 мың теңге бөлінді. Су желілерінің жалпы ұзындығы 184,2 шақырымды құрайды", - деді аудан әкімі.
Ал "Ақтоғай-Сервис" мекемесінің суды тарату желілері арқылы беру қызметі бойынша тариф жеке тұлғалар үшін 134,14 теңге/м3, заңды тұлғалар үшін 207,35 теңге/м3. Суды кешеннен беру тарифі литрге 1,5 теңгені құрайды. Ауданда 12 264 халық тұрады, 3452 үй ауладан тұратын 31 ауыл бар.