• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Қыркүйек, 2020

“Ауыл – ел бесігі” бағдарламасының Алматы облысындағы нәтижесі қандай?

526 рет
көрсетілді

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттер Жетісудың шалғай аудандарында тұратын жұрттың көңілінен шығып отыр. Мысалға, бұған дейін өңірге шарапаты тиген мемлекеттік бағдарламалардың алдағы мерзімде де жалғасатыны елдің ертеңге деген үмітін үкілегендей болды. Әсіресе, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына қатысты Президенттің пәрменін ағайын қызу қолдайды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ауылдағы ең өткір проблемаларды шешуге бағытталған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасатын болады. Өңірлік дамудың жаңа әдістері урбанизация процесін басқаруға, «көші-қон толқынының» кезең-кезеңмен жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге, ірі қалаларда халық санының артып кетіп, әлеуметтік шиеленісті болдырмауға мүмкіндік береді» деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында. Ал бұл бағдарламаның нақты жемісі Алматы облысында айқын көрініс тауып отыр.

Атап айтқанда, биыл аймақта жалпы құны 14,5 млрд теңге болатын 37 жоба осы бағдарлама бойынша жүзеге асып жатыр екен. Бұл қаржыға ауылдардағы мектептер, ауруханалар жаңғыртылып, елді мекен ішіндегі жолдар мен су құбырлары жөнделіп, көшелер мен саябақтар абаттандырылуда. Ал 2019 жылы мұндай жұмыстар өңірдің 7 ауданында жүргізілген болатын. Нәтижесінде 6 млрд теңге игеріліп, барлығы 45 жоба сәтімен жүзеге асқан-ды. Яғни, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының елге пайдалы тұсын осы мысалдардан да байқауға болады. Әсіресе, бағдарлама аясында мектептердің күрделі жөндеуден өте бастауы қуанышты жағдай болып отыр. Былтыр бір мектептің күрделі жөнделіп, тағы 5 білім нысанына ағымдағы жөндеу жасалған. Ал биыл білім саласына тиген үлес 1,7 млрд теңге шамасында екен. Бүгінде бұл қаржының нақты нәтижесі біліне бастады. Оның бір жарқын мысалын айта кетейік. Біз біршама уақыт бұрын Алматы облысының Сарқан ауданына қарасты Екіаша аулындағы орта мектептің ширек ғасырға жуық жөндеу көрмегенін қынжыла отырып жазған болатынбыз. Сол тұста «Екіаша ауылының мектебі апатты жағдайда тұр» деген мақалада айтылған мәселе Мәжіліс депутаты Ләззат Сүлейменнің назарына ілігіп, білім ошағының жағдайы Парламент қабырғасында көтерілген болатын. Ал жақында ауыл тұрғындарынан қуанышты хабар келді. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында оқу ордасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

Екіаша ауылындағы мектеп 1969 жылы салынған-ды. Арада 51 жыл өткенде барып ғимаратқа құрылысшының қолы тиіп, толықтай жаңғыртыла бастаған. Жалпы, ауылда 433 оқушы негізгі білім алса, 34 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылуы керек. Ал мектептің өзі 960 оқушыға білім беруге арналған. Қазір оқушылар сабақты қашықтан оқып жатыр. Балалар да, ата-аналар да мектептің күрделі жөндеуге жабылғанына қуанышты. Өйткені, нысанның ескіргені соншалық, мұнда оқу қауіп төндіре бастаған екен. Себебі, мектеп таулы аймақта орналасқандықтан көне ғимараттың сейсмикалық қауіпсіздігі сын көтермейтін еді. Енді ол күндер артта қалып, ауылдағы ағайынның көңіліндегі алаң сейілгендей. Ал балалар індет ізі жойылып, мектепке барып оқуды асыға күтетін болды. Мектептің күрделі жөндеуімен «Ақмешіт Мелиоратор» компаниясы айналысып жатыр екен. Жауапты мекеме амыз айында басталған құрылысты қар түскенше аяқтап, мектепті толықтай жаңғыртып өткізбекші. Ал жөндеу жұмысына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 800 млн теңге қаражат бөлінген.

Айтпақшы, орта мектебіне күрделі жөндеу басталған осы Екіаша ауылының көшелеріне асфальт төселе бастаған екен. Қазір алақандай ауылдың 7 көшесі бірдей жөнделген. Негізгі жұмыс «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жасалғандықтан, жол құрылысына ауылдағы жұмыссыз жастар тартылып, еңбекпен қамтылыпты.

Жалпы, Алматы облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша қомақты қаражат игеріліп жатқанын жоғарыда айттық. Осы бағдарлама аясында бөлінген қаржы аудандардағы бірқатар әлеуметтік мәселелені шешуге мүмкіндік туған. Соның нәтижесінде жыл соңына дейін Алакөл, Балқаш, Ескелді, Көксу және Ұйғыр аудандарында бес дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, іске қосылады. Жалпы, 2020 жылы Жетісудың шалғайдағы 21 ауылына бағдарлама шарапаты тиіді деп сеніммен айтуға болады. Оның ішінде абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына бөлінген 10,3 млрд теңгеге Ақсу, Қарасай, Кербұлақ, Талғар аудандары мен Талдықорған қаласында жеті саябақты күрделі жөнделіп, 117 аула мен 27 спорт алаңы абаттандырылды. Осы қаржыға тағы 20 ауылдың көшесіне жарық шамдар қойылған екен.

- Ауылдарда қолайлы өмір сүру ортасын құруға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы үлкен мүмкіндік берді. Оның ішінде орталықтан алыс аудандардағы шағын ауылдардың да мәселесін шешуге көңіл бөлінуде. Бұл бағдарламаны халық өте жақсы қабылдады. Өйткені, біздің облыс үшін бұл аса маңызды, себебі аймақтағы халықтың 80 пайызы ауылда тұрады. Ал ауылдың дамуы – тұстас еліміздің өркендеуі, - дейді облыс әкімі Амандық Баталов.