Шалғайдағы Егіндікөл ауданында биыл «Еңбек» бағдарламасы нәтижелі жүргізілуде. Әсіресе ауыл жастары бағдарлама шарапаты арқылы өздерінің жандарына жақын кәсібін меңгеріп, болашағын баянды етуге ұмтылуда.
Облыс орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің түлегі Маргарита Папушаға дәм осы ауданнан бұйырған. Себебі осы өңірге тұрмысқа шықты. Алғашқыда жоғары білімі болғанымен, тәжірибесі жоқтығы жолын кесіп, жұмысқа орналасуда қиындық туды. Білім ошақтарының бірінде орын қашан босар деп қол қусырып отыруға тағы болмайды. Осылай жүргенде аудан орталығындағы колледжге жұмысқа орналасты. Онда да өз құрбылары тәрізді мамандарға жақсылығы мол жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша. Колледж директоры Лариса Шевцованың айтуына қарағанда, жас маман жұмысқа деген ынтасымен танылған. Адамның алға ұмтылуы қашанда көзге көрініп тұрмай ма? Тапсырылған жұмысты ұршықша үйіретін іскер жас жауапкершілігімен ерекшеленген. Аз уақыттың ішінде құқықтық базаны толайым меңгеріп алды.
Қазір жастар тәжірибесі бойынша аталған оқу орнында алты адам жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы өз мамандықтары бойынша еңбек етуге құштар.
– Алғашқыда жұмыс таба алмай абдырап қалғаным рас, – дейді жас маман Маргарита Папуша, – жұмыспен қамту орталығы осы колледжге жіберген болатын. Мүмкіндікті қалт жібермей, бойымдағы бар күш-жігерімді, жоғары оқу орнында алған білімімді сарқа жұмсауға тырысып келемін.
Жас мамандарға шарапаты тиіп отырған жастар тәжірибесінің игілігі айта қаларлықтай. Қазір 16 адам осы игілікті көріп отыр. Олардың ішінде қолынан іс келетіндігін дәлелдеген 10 маман тұрақты жұмысқа орналасқан. «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 11 адам бағытталып отыр. Таяу күндері олар да сертификат алып, өз жұмыстарын бастайды. Бес адам қайтарымсыз грантқа ие болған. Аталған бағдарламаның екінші бағыты бойынша 4 адам 11 млн 500 мың теңге көлемінде несие алып, өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Олардың көбі мал шаруашылығымен айналысуда.
– 2020 жылы ауданда «Еңбек» бағдарламасының барлық бағыттары тыңғылықты жүргізілуде. Әлеуметтік жұмыс орындарына 7 адам жіберілді, қоғамдық жұмыс орындарына 62 адам орналастырылды. «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 13 жоба жүзеге асуда. Бір айта кетерлігі, орталыққа өтінішпен келген 225 адамның 77 пайызы тұрақты жұмысқа орналастырылды, – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Берік Хамитов.
Бір айта кетерлігі, жастар тәжірибесіне келген мамандар үшін баспана да қарастырылған. Дипломы бар кез келген жас жұмыссыз қалмайды.
Ақмола облысы,
Егіндікөл ауданы