Елді мекендерге ағаш отырғызу мен көгалдандыру ісі Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында тағы да көрініс тапты. Өткен тамыз айында шалғайдағы Ырғыз ауданына жасаған іссапарымыз кезінде аға буын өкілдері Қуанышбай Кенжебаев, Әлібек Сарин, Нұрқасым Сәрсенбайұлы және Мырзалы Өтемұратов пен Арыстанғали Өмірбековтер бізге бұл мәселе жөнінде шешімін таппай жүрген бірқатар мәселені алға тартып еді. Президент Жолдауында қойылған міндеттер ел жанашырлары тілегімен тығыз үндестік тапқан соң оны газет оқырмандарының назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Бұған қатысты ең алдымен айтарымыз, Ырғыз – еліміздің шалғайда, жартылай шөлейтті аймақта орналасқан аудандарының бірі. Мұндай жағдайда өңірде жасыл желек жайқалту маңызды мәселелердің бірі болып қала бермек. Бұл жөнінде қолға алынған жұмыстар да бар. Әйтсе де 42 мың шаршы шақырымға жуық үлкен аумақты алып жатқан Ырғыз өңірі үшін бұл жеткіліксіз екені де айқын көрінеді.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің бойында орналасқан ауданда «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде «Орталық – Батыс» магистралін жасақтау қолға алынбақ. Мұның өзі жаңа мүмкіндіктердің тууына оң әсерін тигізбек. Дәл қазіргі күні аталған күре жолдың бойында жасыл белдеудің ізі де жоқ. Оның қос қапталы жалаңаш тұрғаны жоғарыда аты-жөндері аталған аудан ақсақалдарының қабырғасына қара тастай батады.
– Көңілсіз көрініске өзгеріс енгізуге болады. Әйтсе де ауданда ағаш егумен айналысатын арнайы кәсіпорынның жоқтығы бұған әжептәуір қолбайлау туғызып отыр. Өңірдегі орман алқаптары «Қарабұтақ» орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінің құзырында. Аталған аумақтар ауданның Ырғыз, Ақши, Жайсаңбай, Аманкөл және Жанасби ауылдарын қамтиды. Өкінішке қарай, аталған мекеменің тым шалғайлығы тиімді жұмыстар жүргізуге мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан біз Ырғыз ауданында дербес орман шаруашылығы кәсіпорнын құру қажет деп есептейміз, – дейді олар.
Іссапар барысында тағы бір көзіміз жеткен жайт, елді мекендерді көгалдандыру мен ағаш отырғызу ісі және оны күтіп, баптау жұмыстары тұрғындар мен кәсіпорын ұжымдарының өз күштерімен атқарылып келе жатқаны. Ал ауылдан тыс жерлерде, соның ішінде халықаралық автожол бойында егілген ағашты көрмейсіз. Жүздеген шақырым жол бойы тұтастай жалаңаш.
Ел ағаларының айтуынша, жергілікті тұрғындар өз үйлерінің маңына тал-теректер отырғызу ісін жалғастыра береді. Дегенмен жергілікті климаттың ерекшелігі мен ағаш көшеттерін отырғызу тәсілдерін жетік білетін арнайы мамандардың қажеттілігі айқын.
– Олар егілген талдың тамыр жайып жерсініп кетуі үшін агротехникалық шараларды да дұрыс жүргізе алар еді. Бұл істі осындай арнайы мамандар мен техникалардың көмегінсіз ойдағыдай жүргізу мүмкін емес. Дербес орман шаруашылығын құрудың қажеттілігі де осында. Әрі бұл қадам тоғыз жолдың торабында тұрған Ырғыз секілді қастерлі топырақтың одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашар еді. Осы ұсыныс-тілегіміз бас басылым бетінен көрініс табуын қалаймыз, – деп түйіндеді ойларын ауыл ақсақалдары. Бұл тұтас ауыл-аймақ пен күре жолдың бойына жасыл желек жайқалту ниетінен туындаған орынды талап-тілек.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Egemen Qazaqstan»
Ақтөбе облысы,
Ырғыз ауданы