• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 25 Қыркүйек, 2020

Ел газетінің жаңа жобасы

836 рет
көрсетілді

Қадірлі оқырман, ғасырмен үндескен «Egemen Qazaqstan» басылымы Ақ­парат және қоғамдық даму министр­лігінің қолдауымен әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялаудың эксклюзивті құқығын иеленді.

 

Project Syndicate авторларының қатарында әлемдік деңгейдегі сая­саткерлер, ғалымдар, зерттеушілер, бизнесмендер, 45 Нобель сыйлы­ғының лауреаты, 111 мемлекет басшысы бар. Жоба материалдары әлемнің 150 еліндегі 500-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Project Syndicate-те жарық көр­ген колумнистер мен сарап­шылардың ең таңдаулы мақалалары мен пікірлерін, са­раптамалары мен шолуларын қалың оқыр­манға қазақ тілінде ұсынатын бола­мыз. Бұл қадам еліміздегі медиа ке­ңіс­тіктің аясын кеңейтіп, жұртшылықтың сапалы ақпарат көздеріне деген қол­жетімділігін арттыра түсетіні сөзсіз.

Газетіміздің бүгін қолдарыңызға тиген санындағы арнаулы бетте мақа­ла­лардың алғашқы легі жарияланып отыр. Ұлыбританияның 1997-2007 жыл­дардағы премьер-министрі Тони Блэрдің Африкадағы ауыл шаруашылығына арналған мақаласында әлемдегі азық-түлік тап­шылығын болдырмас үшін «қара құр­лықтағы» осы саланы дамы­ту­дың маңызы  туралы айтылады. Атал­ған мақала Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жол­дауында айтылған ауыл ша­руашылығын дамыту мәселесімен үндеседі. Ал коронавируспен күрес жөніндегі жарияланымда әлемді дүр сілкінткен індетпен тиімді күрес тәсілдері сөз болады.

Осы тақырыпқа арналған мақалаларды төменнен оқисыздар

 

Африканың ауыл шаруашылығына өзгеріс керек

ЛОНДОН – Алдағы 30 жылдың көлемінде Африканың Сахарадан төменгі бөлігіндегі мемлекеттерде тұратын халық саны екі миллиардтан асып, экономикасы өндірістік салаға көшеді. Сондық­тан Африканың дамуы әлемнің келешектегі тұрақтылығы, дамуы және денсаулығы үшін өте маңызды. Осыны ескерсек, құрлыққа халық­аралық қоғамдастық назары көбірек аударылуы тиіс.

COVID-19 дағдарысы бірқатар жаһандық мәселені нақты көрсетіп берді. Мысалы, әлем елдерінің пандемияға қарсы әркелкі әрекеті, кедей мемлекеттерге қолдау көрсете алмауы, экономикалық қиындық, халықтың жағдайы және денсаулық сақтау саласының әлсіздігі соған дәлел. Көшбасшы елдер осы кемшіліктерді, сондай-ақ климат өзгеруі мен теңсіздіктің қарқын алуынан бастап технологиялық олқылық пен жаһандық терроризм секілді әлемдік маңызы жоғары мәселелерді ашып айтуы тиіс.

Сонымен қатар Африка мен басқа да дамымаған өңірлердегі ауыл шаруашылығы мен тамақтану жүйесінің нашарлығы пандемияның кері әсерін еселеп жіберді. Егер осы жүйелердегі түйткілдерді дер кезінде шешпесек, алдағы уақытта болуы мүмкін дағдарысты одан сайын қиындатып жібереді.

Түбегейлі реформа жасауды қолдау бір жағынан моральдық жағына  қатыс­ты. БҰҰ Әлемдік азық-түлік бағдар­ламасы Африка секілді табысы төмен және орташа елдердегі аштықтан қиналып жүргендер саны биыл екі еселенуі мүм­кін екенін көрсетіп отыр. Осылайша, пандемия салдарынан 265 миллион адам аштыққа ұшырамақ. Африканың ауыл шаруашылығы жүйесін күшейту құрлықтың өз-өзін қамтамасыз етуіне жағ­дай жасап, келешектегі дағда­рыс­тарға төтеп беруге көмектеседі. Әйтпесе, өңірдегі мемлекеттердің экономикасы тоқырап, салықтан түсетін табысы азайып, әл-ауқат жүйесі COVID-19 секілді пандемия кезінде халықты қолдауға жетпей қалуы мүмкін.

Бірақ Африка мен басқа да кедей аймақ­тардағы ауыл шаруашылығы мен тамақтану жүйесін жетілдіруді қамта­масыз ету – G20 мен Еуропа, Эконо­ми­калық ынтымақтастық және даму ұйымы бастаған бүкіл елдің ағарту­шылық мүддесіне де байланысты. Себебі тамақтану және ауыл шаруашылығы әлемдік денсаулықты, экономиканы және қауіпсіздік жүйесін XXI және XXII ғасырға лайықты етуде ерекше маңызға ие.

Біріншіден, құнарлы тағам мен ауыл­шаруашылық саласы – кез келген ауру­дың басты жаһандық себебіне ай­нал­ған азық-түлік жетіспеушілігінің алдын алуда ерекше орынға ие. Сондай-ақ оларды күшейту пандемиямен күресуде де маңызды. COVID-19 локдаундары мен әлеуметтік қашықты сақтау қара нарыққа иек артқан дамымаған мемлекеттерде қиынға түсті. Оның басты себебі, мұндай шаралар отбасын асырауға жеткілікті тамақ табуға айтарлықтай кедергі келтіреді деген қорқыныш болды.

Ауыл шаруашылығы экономиканы өзгертуде де ерекше рөл ойнайды. Егер Африка және басқа да дамушы мемлекеттер өндірістік салаға ден қоймаса, әлемде жаһандық экономикалық тұ­рақ­тылық, «жасыл» экономика және жаппай ашаршылықты жоюға қол жеткізу мүмкін емес. АҚШ, Еуропа және Азия тәжірибесі көрсеткендей, индустрияландыру ең әуелі ауыл шаруашылығының реформасын талап етеді. Ал Африка мұны әлі бастан өткерген жоқ.

Жаһандық қауіпсіздікті күшейту де ауыл шаруашылығы мен тамақ­тану жүйе­сін өзгертуге байланысты. Терро­­ризм салдарынан Сахел секілді өңірлердегі жергілікті тұрғындардың құқығы тапталып, заңды экономика мен қоғамдық қызметте жұмыс істеген­нен гөрі заңсыз әрекетпен табыс табу жүйеге айналған.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығын жаңғырту, әсіресе Африкада, осы ғасыр­дың соңында 11 миллиардқа жететін әлем халқын жеткілікті тамақтан­дыру­дағы бастапқы қадам.

Көптеген Африка елдері басшылары ауыл шаруашылығын жаңғыртуға ден қойып, біршама табысқа да жетті. Сенегалдың күріш және осыған қатысты басқа салаларды дамытуы, Гананың «Азық-түлік және жұмыс» бағдарламасы, Эфио­пиядағы Ауыл шаруашылығы трансформациясы агенттігінің жұмысы – осы бағыттағы мықты мемлекеттік бас­шы­лықтың жарқын мысалдары.

Үкімет дұрыс назар аударса, саясаткерлер ауыл шаруашылығының басым бағытын анықтайды. Осылайша, технология мен жаңа тәжірибені енгізіп, инвестиция тартып, оның есесіне жаңа жұмыс орындары ашылып, эконо­мика дамып, салық табысы өседі. Бұл дамуға қолайлы жағдай туғызады. Ішкі және сыртқы инвестиция мен реформа өзгерісті жеделдетеді.

Мәселен, Гана мен Піл сүйегі жаға­лауы елі какаоны өздері шоколадқа айнал­­дыруы керек, Нигерия ауыл шаруа­шы­лы­ғын механикаландырып, ірі-қара мал шаруашылығын өзгертуі тиіс. Мозамбик түрлі ауыл ша­руашылығы дәліздерін дамыту­ды қа­жет етсе, Кенияның әлемдік тамақ өн­ді­рі­сінің орталығы атануға мүмкіндігі мол.

Алда келе жатқан бірқатар жаһан­дық шара осы мәселелерді күн тәрті­біне шығаруға зор мүмкіндік бермек. Мәселен, Руанда билігі ұйымдастырған Жасыл Африка революциясы форумы осының дәлелі. Мұндай жиындар Африканың қажетін анықтауда маңызға ие. Халықаралық қоғамдастықтың қол­дауымен мұндай қадам Африканың ауыл шаруашылығы мен азық-түлік жүйе­сін өзгертуге ықпал етіп, әлемді «Тұрақ­ты даму мақсаттары-2030» бас­тама­сында айтылған міндеттерге қол жет­кізуге жағдай жасайды. Биылғы форум­да Африканың жедел өсіп келе жат­­қан қалалары мен орталықтарына тамақ жеткізу мәселесі талқыланбақ. Бұл жа­һан­дық экономиканың келешекте да­муы­­ның қайнар көзіне айналуы мүмкін.

Мен бұл форумға үшінші жыл қа­тары­нан қатысып келемін, биыл бі­рін­ші рет қашықтан өтпек. Мен тобым­мен бірге Африканың ауыл шаруа­шы­лығына инвестиция тарту мен тамақ өндірісі саласын өзгертуге назар аударып отырмын. Осылайша, құрлық­тың пандемия мен климат өзгеруі секілді дағдарыстарға төтеп беріп, индуст­рияландыру мен тех­ноло­гия­лық революцияға ұмтылуына жағдай жасау көзделген. Сондай-ақ осы айдың со­ңын­­­да БҰҰ Бас Ассамблеясының жиыны, қ­арашада G20 саммиті, келер жылы БҰҰ Тамақ­тану жүйесі саммиті келе жатыр.

COVID-19 пандемиясы кедей мем­лекеттердегі ауыл шаруашы­лығы халық­тың негізгі қажеттілігін өтей алмаса, үлкен геосаяси салдары болатынын анық аңғартып, жедел әрекет ету­дің қажеттілігін көрсетті. Қуанышқа орай, алда келе жатқан жаһандық мем­лекет­­тердің басқосуы жедел әрі нақты шешім қабылдаудың тиімді жолдарын талқылауға жағдай жасамақ. Біз бұл мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек.

 

Тони БЛЭР,

Ұлыбританияның 1997-2007 жылдардағы премьер-министрі, Жаһандық өзгеріс институтының төрағасы

Copyright: Project Syndicate, 2020. www.project-syndicate.org

 

 

Covid-19-бен қалай күрескен жөн

МЕЛЬБУРН, ТУСОН – Covid-19 вирусы алғаш пайда болған кезде қатаң карантиндік шаралар мен қысқа әрі күшейтілген локдаундар оны тізгіндеуге жеткілікті болар еді. Пандемия салдарынан 213 мемлекет пен аймақтағы 26 миллион адамға вирус жұққан қазіргі кезде бізге оны бақылауда ұстаудың тиімді әрі пәрменді жолын тапқан жөн. 

Індеттің ауқымы кеңейіп кетпес үшін басқаларға зияны тиюі мүмкін адамдарды тауып, мүмкіндігінше олардың үй­ден шықпай, карантиндік шек­­­теулерді сақтауын бақы­лауы­­мыз қажет. Бұл вирус жұқ­­тырғандармен байланыста бол­ғандарды анықтап қана емес, со­лардың қайсысының ауыру ық­тималдылығы жоғары екенін айыра білуді қажет етеді.

Мұндайда технология көмек­теседі. Адамдар вирус жұқ­тыру ықтималдығын хабарлайтын жаңа бағдарламалар мен жүктілікті анықтайтын тест се­кілді жедел, оңай әрі жылдам әзірленетін жаңа тест әдісін жасап шығару керек. Науқаспен бай­­ланыс жасағандарды анықтау жыл­дам тест нәтижесі болмаса тиім­сіз. Сондай-ақ қазіргідей нау­қас­ты нақты анықтай алмай­тын жедел тесттер де пайдасыз. Бағ­­дарламалар байланыста бол­ған­дардың ауқымын кеңейтіп қана қоймайды, сонымен бірге оның жылдамдығын да арттыра түседі.

Бағдарлама не ескі әдіспен анықталған контактілерді анық­тау жүйесі тест қорытын­дысы оң нәтиже көрсеткендермен тығыз байланыста болғандарды карантинге жатқызуды ұсынады. АҚШ-та Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы бекіт­кен ережеге сүйенсек, вирус жұқ­тыр­ған адаммен алты фут (1,8 метр) қашықтықта 15 минут бірге өткізген әр адам 14 күнге карантинде отыруы тиіс. Осы ережеге сәйкес, әр науқастың орташа есеппен 59 адаммен тығыз байланыс жасайтыны күтіледі. Яғни қазіргі таңда АҚШ халқының 2 пайызға жуығы вирус жұқты­рып үлгергенін ескеріңіз. Соны 59-ға көбейтсеңіз, АҚШ-та карантинде отыруы тиіс, бірақ оны сақтамаған адамдардың саны шығады.

Бірақ вирус Ауруларды бақы­лау және алдын алу орталы­ғы­ның қарапайым ережесіне бағын­байды. Енді вирус жұқтырған адамнан 5 фут қашықтықта 15 минут уақыт өткізу дерті асқынған біреуден 7 фут қашықтықта 8 са­ғат уақыт өткізгеннен әлдеқайда қауіпсіз.

Аризона штатында ашық дерек бағдарламасын жасайтын Covid Watch коммерциялық емес ұйымы Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының ережесіне сүйенбей-ақ науқас­тану ықтималдылығын нақты анықтайтын жаңа бағдарлама жасауға кірісіп кетті. Бағдарлама қатердің нақты деңгейінен асқан­дарға ғана карантинде отыруды ұсынады. Сондай-ақ толықтай жеке байланыс арқылы оларға қанша уақыт үйде болуды және қашан тест тапсырудың қажет­тілігін айтып береді.

14 күндік карантиннің сиқыр­лы ештеңесі жоқ. Егер вирус жұқтырған адаммен кездескеннен кейін 5 күн ішінде ешқандай симп­томдар байқалмаса, қатер­дің ықтималдылығы екі есе азая­­ды. Бұдан бөлек, тест теріс нә­ти­­же көрсетсе де қатер ықти­мал­­дылығы түседі (бірақ нөлге жет­пейді). Әйтсе де, карантинде отыр­ғандарды тестілеген мем­ле­кеттер де, тест жасамайтын елдер де 14 күндік ережені сақ­­тайды. Оның орнына, адам­дар­дың вирус жұқтыру қатері бақылауға алынуы тиіс шектен төмендегенде оларды карантиннен шығарсақ, жеке адамдардың қалтасына да, ел экономикасына да аз салмақ түсіру арқылы қауіпсіздікке қол жеткізер едік.

Карантин шегі қайда екені­ңізге де байланысты болуы ық­ти­мал. Аустралия мен Жаңа Зеландияда салыстырмалы түрде жаңа науқастар саны аз. Сондай-ақ мүмкіндігінше тез арада вирустан құтылғысы келеді. Олар шекті деңгейді қатаңдатып, 15 минуттан да кем уақыт байланыс жасаған адамдарды карантинге отырғызуы мүмкін. Соны­мен қатар бірнеше рет тест теріс нәтиже көрсеткенін немесе вирус жұқтыру ықтималдылығы жоғары адамдарды ұзағырақ мерзімге карантинге жабуы ықтимал.

Вирус кең тараған мемлекеттерде адамдарды карантинге отырғызудың көбеюі эко­но­ми­каға салмақ түсіріп ғана қоймай, психологиялық тұрғыда да кері әсерін тигізеді. Бұдан бөлек, қоғам мүшелерінің ереже­лерді сақтауын да қиындата түседі.

Байланыста болғандарды анықтау технологиясы айтылған сайын адамдар жеке бас құпиясы туралы әңгіме қозғайды. Google-Apple платформасын қолданатын жаңа бағдарлама мұндай қауіпті де ескерген. Сондықтан вирус­ты жұқтырудың мүмкін екенін күдікті адамның атын атамай-ақ ескерте алады.

Apple компаниясы секілді күмәндарымыз бөлекше. Вирусты кімнен жұқтыруы мүмкін екенін болжауды қиындату мақсатында Apple және Google бақылайтын API технологиясының сәтті нұс­қалары байланысты тіркеу­дің максималды уақытын шек­теді. Осы қысқаша ақпарат арқы­лы науқастың таралу ықтимал­дылығы анықталады.

Осындай өзгеше тәсіл ар­қылы жеке бас құпиясының бұ­зыл­мауын қамтамасыз етіп, ка­ран­тин­дік ұсыныстарды сақ­тап қалуға жағдай жасайды. Ка­ран­тиннен келетін зиянды азайту – моральдық міндет. Сон­дай-ақ вирустың да таралуын бәсеңдетуіміз керек. Егер осы екі тәсілді дұрыс орындамасақ, жүз мыңдаған адам қаза тауып, локдаун ұзартылып, миллиардтаған адамның өміріне қиындық туады. Егер карантиндік ұсынысты ештеңеге қарамай айта берсек, ақырында оны сақтауға ешкім ынта танытпаса, оқиғаның бұлай өрбуі уақыт еншісіндегі шаруа.

Жедел тарап жатқан пандемия жағдайында біз жергілікті жағдайға, кейінгі эпидемиялық деректерге және вирустың таралуын азайтуға көмектесетін жаңа технологиялардың дамуына қарап жедел ережелерді өз­гертуге дайын болуымыз керек.

Ескірген ережелерге сүйене­тін денсаулық сақтау саласының сарапшылары, тіпті Швейцария секілді елдердегідей оны заңға жазғандардың өзі қазір жаңа технологияға иек артып, індетпен күресті икемді тәсілмен дамытуға ден қойып отыр. Осылайша, науқастану қатері жоғарыларға назар аудару арқылы зиянды азайтып, пандемиямен күресті тиімді жүргізе аламыз.

 

Питер СИНГЕР,

Принстон университетінің Биоэтика профессоры, The Life You Can Save қайырымдылық қорының негізін қалаушы

Йоанна МЭЙСЕЛ,

Аризона университетінің эволюциялық биология профессоры

 

Copyright: Project Syndicate, 2020. www.project-syndicate.org