«Ер – елдің ық жағының қаласы, жел жағының панасы», «Еменнің иілгені – сынғаны, ердің екі сөйлегені – өлгені», «Елі күйінгенде күйінген батыр, елі сүйінгенде сүйінген батыр, ерегесте бір өзі мыңға татыр», «Ердің сыншысы – елі» деп ер баланы ерлікке баулуда ұлттық дәстүр мен танымның берері мол болған.
Жуырда әлеуметтік желіде бір дау туды. Түркістан қаласында жасы үлкен екі апа жас жігіттің жолын кеспей, күтіп тұрып өткізіп жіберіпті. Бұған қысылған жігіт «Бұл – өз ерекшелігі болғанымен, ақымақ дәстүр» деген пікірін жазды. Сол-ақ екен, желі қолданушылары арасында түрлі сипаттағы жауаптар қарша бораған. Жалпы, ол айтар азат ойы бар, жастық қайраты жазғанынан көрінетін жігіт болатын. Жастықта шалт айту да, қалт айту да жарасты. Сонысымен ол – жастық. Біз ғой алды-артын ойлайтын. Асылында жас бола тұра албырттығы жоқ, әр сөзін бақай есеппен, пайдасына, мансабына қарай екшеп, осы жазғаным жағып, қызметімде өссем деген ойын аңқытып және оны мін көрмейтін, көздерінде оты жоқ, ұры күшіктің көзіндей жасқаншақ жанарлардан қорқамын. Ал жастыққа тән қызуқандылықпен қабылдай алмаған дәстүрін ашық айтқанының өзі неге тұрады? Қолдай отыра, өз ойымды айтқан едім.
Айналайын, уайымдап қайтесіз, қауіп те қылмаңыз, бұлай жол кеспеу жойылып барады онсыз да. Бұл жерде кішкентай бала болсын, ерлерге «сенің ел алдында жауапкершілігің бар, сен болашақ азаматсың, сондықтан жолыңды кеспейік» деген үлкен ізгі ниет пен тәрбие, ұл мойнына артылатын міндет жатыр. Бұл – еркек кіндіктіні әйелде болатын ұсақтықтан арылту үшін, ірілікке, тіпті ерлікке тәрбиелейтін ұлттық құрал. Өтініш, осы тұрғыдан қарап, ойлап көріңізші. Бәлкім, мәнін түсінбей жүрген шығарсыз. Менің ойымша, әр ер жігіттің, ұл баланың мойнына елдік үшін артылатын ұлы мұрат осындай елдік дәстүрлермен егіледі. Біз мәнісіне бойламаймыз. Мәселен, қыз-келіншек ыдысы, шелегі бос болса, кім-кімнің де алдын кеспеген, ырысын азайтып тастармыз ана адамның деп. Есесіне, меймілдетіп толтырып су әкеле жатса, олардың алдын ешкім кеспеген. Дәстүрден бос албаты бойды аулақтамай, қайта тереңіне үңіліп көрейікші.
Биыл елде ауру өршіген тұста атыраулық Арман Рахмет деген жігіттің азаматтық бейнесі, елі үшін басын бәйгеге тігерліктей тәуекелі айқын көрінген. Ол «Бүгін таңертеңнен кешке дейін облыстық ауруханада ерікті ретінде жұмыс істедім. Кәдімгі қара жұмыс. Ковидпен немесе жұқпалы пневмониямен ауырып жатқан науқастарға даладан аурухананың екінші, үшінші қатарына оттегі баллондарын тасыдым, өз қолыммен қостым және босаған баллондарды төменге түсірдім. Не көрдім? Өмірмен күрескендерді, ауа жетпей қиналғандарды көрдім. Аянышты жанарларды, өзін барынша ұстауға тырысып, ажалмен күресіп жатқандарды көрдім. «Балам, палатама тағы да қосымша 2-3 баллон әкеліп кетші, қазіргі баллоным таусылса керек қой» деп жалынған жандарды көрдім және осы күннің батырларын көрдім. Олар – менен 9 күн бұрын келіп, күндіз-түні науқастарға зілдей ауа баллонын тасып, шын мағынасында адамдарды өлімнен құтқарып жүрген ерікті азаматтар. Зілдей ауыр баллондарды мейірбикелер таси алмайды, тіпті әкеліп бергеніңде өз беттерінше жалғай алмайды, себебі оған ер адамның ғана әлі келеді. Мұнда дәрігерді сирек көресіз, себебі ауру көп, ал олар өте аз, бәріне үлгермейді» деп жазды. Өзін батырға санамайтын қарапайым ердің ерлігі!
Кеңес өкіметі антисоветтік үгіт жүргізді деп 10 жылға кесіп, 6 жылдан соң Ельциннің араласуымен бостандыққа шыққан шансон жанрының мықты өкілі Александр Новиков айтпақшы, еркек деген сыртқы пішінімен ғана еркек жаратылысты адам емес, ол – бар болмысымен дархан, кең адам. Ол сан гүлді жиған дестелер шоғырына, жиынтығына ұқсайды. Дүниеде еркекке біткен ұсақтықтан жаман ештеңе жоқ. Ұсақ еркек – қай кезде де ұсақ. Бір жерде кең, бір жерлерде ғана ұсақ еркек деген болмайды. Ұсақтық бар ма, онда ол адамнан кеңдік күтпе. Ер адамның әрбір сәттегі, әр ісіндегі дархандығы, оның дестесіндегі гүлдердің жиынтығы тәрізді. Дестедегі гүлдердің түрлілігі мен молдығы оның бойындағы кеңдігі мен масштабының қаншалықты екенін анықтайды. Сол сияқты ер бойындағы ерлік пен іріліктің көрінісі тек қысылтаяң сәттерде ғана емес, күнделікті өмірде де табылып тұрса-шы, шіркін!