• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қыркүйек, 2020

Астық жинаудағы алғашқы арпалыс

166 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда жастарға кәсіптік-техникалық білім беру – өте маңызды. Краснояр ауылындағы агротехникалық колледждің кешегі білім алушылары қазір өз мамандықтары бойынша абыройлы еңбек етіп жүр.

Осындай жастардың бірі Қасым­хан Қайыркенов «Ұмай жер» жауап­­кершілігі шектеулі серік­­тес­тігін­де комбайншы болып істейді. Әріп­тестері жас ком­байн­шының бойындағы теориялық білім мен өз мамандығына деген сү­йіс­­пен­шілігін жоғары бағалайды. Өй­кені Қасымхан колледжде оқып жүр­ген кезінде осы шаруашылықта тәжі­рибеден өтті. Тәжірибелік жұ­мыс барысында өзін жақсы жа­ғы­нан көрсете білді. Әрдайым жұ­мыс­­қа ынталы әрі табанды жас­тың қолы­нан іс келетініне сенім біл­дір­­ген шаруашылық басшылары аталған колледжді бітіріп келген соң бірден жұмысқа қабылдады.

– Комбайншы болу оңай-оспақ шаруа емес, – дейді Қасымханның өзі, – күзгі егін орағы кезінде уақыт­пен санаспай жұмыс істеу керек екен. Оның үстіне техниканы бүге-шігесіне дейін меңгергенің жөн. Осы орайда колледжде тиянақты білім берген ұстаздарыма айтар ал­ғы­сым мол. Сол білімнің нәти­же­сінде жаңа техниканың қыр-сы­рын иге­ріп, тәжірибесі толысқан аға буын­ды өкшелей еңбек етудеміз. Мен әуел баста осы мамандықты таңдап алғаныма қуаныштымын. Өйткені «Ас атасы – нан» демекші, дала ер­лері­нің ақ адал еңбектерінің өте абыройлы шаруа екендігіне көзім анық жетіп отыр. Біз елдің ырысы мен берекесін келтіруге тырысудамыз.

Әдетте, жастарға деген сенім олар­дың бойындағы кәсіби білік­тілік­ке қарай орнығады. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде колледж оқу­шы­ларының заманауи техниканы игеруге деген ынтасының зор­лы­­ғын және сол талап биігінен шы­ғып отыр­ғандығын айқын көруге бола­ды. Егер еліміздің әрбір жасы Қа­сым­­­­хан құрбыларындай болса, ауыл ша­ру­а­шылығы да, өзге салалар да қарыш­тап алға жылжитындығына күмән жоқ.

Биыл алғаш рет астық жолын­дағы арпалысқа қатысып, әбден шың­­далған Қасымхандардың алар биігі алда. Ілкіден жалғасқан еңбек тәжі­­ри­бесін жете меңгерсе, кәсіптік-тех­­ни­калық колледждегі теориялық бі­лім­­мен ұштастырса, дала төсінде та­ба­ны тастан таймаған тарланбоздай есе­лі еңбек еткен даңғайыр ди­қа­н­дар­дың жолын жалғастыратын болады.

Қазір алғашқы егін орағында тәп-тәуір тәжірибе жинап шыңдалған Қасымхан өзінен кейінгі буынға тәлімгер болып жүр.

 

Ақмола облысы