Күз жұқпалы аурулардың бас көтеретін кезі. Жалпақ әлемнің жанын қусырған жаман тұмау тағы да бір айналып соға ма деген қауіп бар. Әлемнің әр қиырында аурулар саны көбейіп отыр. Тіпті кей елдерде алғашқы толқын аяқталмаған сыңайлы. Әп дегенде абдырап қалғанымыз да рас. Енді қапысыз қамданбасақ, болмайтын түрі бар.
Биыл облыста бюджет қаражаты есебінен ресейлік «Гриппол+» вакцинасы сатып алынды. Сынақтан өткізілген вакцина 15 қыркүйектен егіле бастады. Екі жұқпалы індет бір-бірімен қабаттасып кетпеуі үшін екпе егу екі апта бұрын басталған екен. Биыл медициналық ұйымдар мен облыстық бюджет бөлген қаржыға 82 мың доза сатып алынды. Бұл мөлшердегі екпе жергілікті тұрғындардың 11 пайызын қамтиды. Оған қоса ақылы вакциналау жүргізіледі. Жалпы, кез келген жұқпалы ауруға қатысты иммунитет екі апта ішінде қалыптасатын көрінеді. Ал вакциналау бұл індетті алдын алудың спецификалық түрі. Облыста екпе жасауға арналған 200-ден астам кабинет дайын, медициналық қызметкерлерге вакциналауға қатысты арнайы семинарлар ұйымдастырылып, медбикелер екпе егу бойынша аттестаттаудан өтті. Екпе егу кезінде міндетті түрде ақпараттандыру келісімі толтырылады.
Облыста індеттің таралу шегінде жағымды және жағымсыз жақтары бар. Карантин шаралары қатаң болған тұста, аймақта эпидемиялық жағдай жақсарып, көрсеткіштер төмендеген, ал карантин сақталмаған кезде жағдай нашарлаған. Жалпы, облыс аумағында індет қайталанатын болса, қазір резервтік 6 мың төсектік орын дайын тұр. Оның 5 мыңнан астамы медициналық мекемелерде болса, қалғандары колледж, сауықтыру орталықтарының базаларында. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, егер алда-жалда індет дендеп, бұл төсектік орындардың 50-70 пайызы толса, онда облыста карантин шаралары қолданылады. Математикалық модельдеу негізінде есептелген алдын ала болжам бойынша 15 қараша кезінде індеттің таралуы күшейе түседі деген жорамал бар. Алдыңғы болжамдар бойынша берілген есептеулер расталды, сондықтан бұған бейжай қарамау керек.
Қазір де эпидемиолог, вирусолог мамандар жетіспейді. Маман тапшылығы әлі де сезілуде. Облысқа қажетті 219 медицина қызметкерінің 37-сі жетіспейді. Қарағанды медициналық университетінде санитарлық қызмет мамандарын жедел оқыту курстары ашылды. Осы курстарда облыстың бірнеше адамы білім алып жатыр. Бұл әрине, жағдайды толық шешпейді, бірақ аздап сеп болуы мүмкін.
Елді мекендерді медициналық көмекпен қамту үшін арнайы мобильді бригадалар құрылды. Ақкөл және Атбасар аудандарында жақын ауылдар мен шалғай елді мекендердің тұрғындары келіп, ПТР тестілеуден өтуі үшін ветеринарлық лабораториялар базасында орталықтар ашылды.
Халықты балалар ауырады деген ақпарат алаңдатып отыр. Өңірге білікті медицина қызметкерлері келіп, арнайы дәріс оқыды. Басқа мемлекеттердің балалар инфекционистері де осылайша дабыл қағуда, яғни балалар да полиорганды жетіспеушілік синдромына ұшырауы ықтимал. Сол себепті карантин жеңілдетілгенде балалардың ұжымдық орталықтары толық ашылған жоқ.
Санитарлық эпидемиолог мамандардың жетіспеушілігі ведомстволарды қысқарту мен еңбекақының аздығынан туындап отырған жағдай. Эпидемия орын алса, эпидемиолог мамандарға көп жүк түседі. Эпидемиялық ортаны зерттеу, тексеру, алдын алу шараларын ұйымдастыру, осының барлығына көп уақыт кетеді. Жалпы, бұл қызметте жұмыс істейтіндерге мемлекет тарапынан дәрігерлерге көрсетілетін қолдау секілді жағдай жасалуы керек.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусинаның айтуына қарағанда, бүгінге дейін өңірде лабораториялық жолмен дәлелденген 3468 оқиға тіркеліпті. Індетке шалдыққан науқастардың 40 пайызы оның симптомды түрімен ауырса, қалғандарында ауру белгілері байқалмаған. Сонымен бірге 1 тамыздан бастап облыста 461 адам вирустық пневмонияға шалдығыпты. Осы оқиғалардың басым көпшілігінде азаматтар медициналық мекемелерге өздері хабарласып, денсаулық жағдайлары бойынша шағымданған, олардың саны 1378 адамды құрайды. Ал 1228 адам індет жұқтырған науқастармен тығыз болғандықтан жұққан. 862 профилактикалық скрининг кезінде анықталған. Соңғы өткен тәулікте лабораториялық жолмен анықталған 4 оқиға тіркелді. Күнделікті өсім 0,1 пайызды құрады. Соңғы аптада 16 науқас тіркелді. Алдыңғы аптамен салыстырғанда өсім көрсеткіші төмендеді.
– Пневмониямен ауырып жатқан науқастар аз. Күз маусымына орай вирустық індеттер бас көтеруде, – деді Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов, – бүгінде өңіріміздегі стационарларда 68 науқас осы індеттен емделіп жатыр. Бұрын ашылған 2200 төсектік орынды әзірге 360-қа дейін қысқарттық. Көкшетау қаласында облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері, Степногорскіде №2 көпбейінді ауруханасы осы бағытта жұмыс істейді. Қалғандары өздерінің негізгі бағыттары бойынша қызмет көрсетуде. Кез келген уақытта біздің медициналық мекемелер коронавируспен күресуге қайта жасақталуға дайын. Мамандарымыз алғашқы толқыннан бастап оқып, дайындалды. Әрине, бастапқыда қателіктер мен кемшіліктер де болды. Оның барлығын қорытып, сабақ алдық. Сондықтан екінші толқынға біздің медициналық мекемелер дайын. Өткен толқында тыныс алу аппараттарының жетіспеушілігі қиындық туындатты. Бұл жағдай қайталанбас үшін 500-дей оттегі концентраттарын облыстың медициналық ұйымдарына бөліп бердік. Оның 400-дейі гуманитарлық, демеушілік көмек негізінде сатып алынды. Бұдан бөлек 40 ӨЖЖ аппаратын ауруханаларға сатып әпердік. Алдағы күндері республикалық бюджет қаржысы есебінен тағы 60 ӨЖЖ аппараты келу керек. Жалпы, облыс бойынша ӨЖЖ аппараттарын толық қамтып отырмыз. «Тыныс» зауыты облысқа 17 портативті аппарат сыйлады. Олардан тағы 60 аппарат өзіміз сатып алдық.
Жеке қорғаныс құралдары мен дәрі-дәрмек екі айға жетерлік. Маска қоры медициналық ұйымдарда 6 айға жететіндей мөлшерде. Облыстық бюджеттен дәрі-дәрмек пен дәрілік препараттарды сатып алуға 166 млн теңге бөлген. Қазір «СК-фармациямен» келісімшарт жасалып, жақын арада олар дәрілерді жеткізіп береді.
– 2-3 ауданда цифрлық рентген аппараттарынан қиындықтар туындады. Қазіргі уақытта 2 аппарат сатып алынып, біреуі Аршалы ауданына жіберілді. Әлі де екеуін сатып аламыз, олар қазан-қараша айларында жеткізіледі. Республикадан 8 жылжымалы медициналық кешен әкелінді. Олар ауылдық елді мекендердегі адамдардың денсаулығы үшін күресуге көмек береді. Бұл кешендер рентген аппаратынан бастап, УДЗ, лабораториямен және қажетті құралдармен жабдықталған. Олар елді мекендер арасында жүретін болады. Сонымен қатар 58 жедел жәрдем көлігі жеткізілмек. Олар келсе, облыс орталығындағы қолданыстағы кейбір көліктерді аудандарға береміз. Бұдан бөлек реанимация палаталарына кереуеттер мен кереует жанына қосылатын мониторлар алынды. Бұл жағынан ірі ауруханалар толығымен жабдықталды, – деді басқарма басшысы.
Сонымен бірге брифинг барысында коронавируспен балалар да ауыратындығы, алғашқы кезеңде бірен-саран оқиға тіркелгендігі айтылды. Облыс орталығында жаңа инфекциялық аурухана салынып жатыр. Бұл аурухана қазан айының басында аяқталуы тиіс. Онда коронавирус індетімен күресуге арналған барлық қажетті аппараттар болады. Аурухана 200 төсектік орынға есептелген. Бұл қалалық көпбейінді аурухананың филиалы болмақ.
Ақмола облысы