• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тарих 28 Қыркүйек, 2020

Шығанақ ауылынан ғұн-сармат баласы табылды

1276 рет
көрсетілді

Ойыл ауданы Ш.Берсиев атындағы ауылдық округінің орталығы Қаратал ауылынан 3 шақырым Қаздыарал атанған елсіз, құмдауыт жерде ежелгі адамдар тұрағы болған. Ежелгі қоныстан 500 метр жерде Ойыл өзені ағып жатыр.

 

Биылғы шілденің басында Қаратал ауылының тұрғыны Ақынғали Бақтиярұлы осы маң­нан ескі құмыра тауып алып, содан іле-шала Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің қызметкерлері мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологтары сол төңіректе қазба жұмыстарын жүргізді. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологі Аслан Мамедовтың айтуынша, Ақынғали Бақтиярұлы құмнан кездейсоқ суырып алған қола дәуірі адамының дүниесі бастапқы орнынан табылмаған. Соған қарағанда ежелгі өрке­ниет­тің асыл бұйымдары үшін әр кезеңде Қаздыаралда тонау­шы­лық әрекеттер жалғасып келгенге ұқсайды.

Бұл жолы музей қызмет­кер­лері мен жергілікті архео­логтар аралары өте жақын орналасқан үш жерлеу орнын тапты. Бір шұңқырдан тізелері бүгілген күйі қатар жерленген екі ересек адам мен жандарында шашылып жатқан ұсақ малдың сүйектері табылды. «Мұнда ер адам мен әйел қатар жерленген сияқты, шашылып жатқан марқа қозының сүйектеріне ұқсайды», дейді аудандық музей қызметкері Бекет Мырзағалиев.

Осы шұңқырдың жанынан ауыл адамдары қайта көмген тағы бір жерлеу орны табылды. Археологтар осы жерде ежелгі заман адамын жерлеген орында кездесетін заттардың табылмағанын айтады. Бұл да ежелгі заманда тоналған зират болуы мүмкін. Ал үшінші шұң­қыр­да ересек адам мен жасөспірім бала бірге жерленген. Бұл жерде ересек адамның бас сүйегі болмай шықты, жанында құмыра, қола жапсырмалар мен пышақ көлденең жатыр. Ересек адамның қа­сына жерленген баланың со­пақша, ерекше созылған бас сүйегі қазба жұмыстарына қа­тыс­қандарды таңғалдырды. Бұл ғұн-сармат дәуірінің жерлеу орнына ұқсайды. Өйткені жаңа туған сәбидің басын қысып байлап, сопақша етіп созып үлкейтуді ғұн-сарматтың ақсүйек тайпалары жақсы көрген екен. Осы арқылы билеушілер династиясы қара тайпалардан ерекшеленіп отырған. Тұп-тура Мысыр пер­ға­уын­­да­ры­ның «үлгісі».

Осылайша Шығанақ Берсиев соғыс жылдары тарыдан әлемдік рекорд жасаған қараша ауылдың ма­ңынан қола, ежелгі темір дәуі­рі, орта ғасырға дейінгі өр­ке­ниет орындары бірге табылды. Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің қызметкері Медет Құлмұқанов «2012 жылдан бастап Қаратал ауылы тұр­ғын­дарының мал бағып жүріп ежелгі заманның әшекейлерін, жебе, найза ұштарын тауып алып жүргені туралы жария бола бас­та­ған еді. Біз осы жолы құм­да­ғы тұрақтан ерте қола дәуірі, темір дәуірі, ерте орта ғасыр зама­нының жерлеу орындарын қатар таптық. Өзгертілген бала сүйегіне қарап, бұл біздің зама­ны­мыздың II-IV ғасырындағы ғұн-сарматтар дәуірінің адамы деп тұжырым жасаймыз. Алайда табылған құмыра, қола бұйым, пышақтардың қай өр­кениет дүниелері екендіктерін анықтауға біздің шамамыз жет­пей­ді. Ойыл өзенінің жаға­сын­дағы осы жер ежелгі адамдар үшін қандай ма­ңыз­ды рөл атқарған? Бұл жерде сұрақ көп».

Әзірге белгілісі, осы қазан айы­нда Қаз­ды­арал­да архео­ло­гия­лық қазба жұ­мыс­­тары тағы жал­ға­сады деп күтілуде.