• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 28 Қыркүйек, 2020

Туыстары 80 жыл бойы іздеген қазақ жауынгерінің сүйегі табылды

290 рет
көрсетілді

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары із-түссіз кеткен қазақстандық жауынгер Тікшекеев Қайыржанның сүйегі табылды. "Atamnyn Amanaty" қоғамдық бірлестігі мен Украинадағы "Вертикаль" мамандандырылған іздеу бірлестігі жауынгерді туған жерінде жерлеу үшін 10 күн ішінде елге алып келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тікшекеев Қайыржан 1916 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Майданға 1940 жылы шақырылды. Қазіргі таңда жауынгердің сүйегі Украинадағы (Киев) Қазақстан Республикасының әскери атташесіне берілді. Қазақстанға жеткізілген соң немересі Тікшекеев Маратқа ресми түрде табысталады. Солдатты жерлеу рәсімі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Дәуқара ауылында өтеді. Шараны ұйымдастыруға Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі көмектеседі.

"Осыған дейін төрт қазақстандық солдаттың сүйегін елге әкелдік. Тікшекеев Қайыржан бесіншісі. Біздің іздеушілер және Украинадағы іздеушілер бірлестігі үлкен жұмыс атқарды. Олар қазақстандық солдаттың сүйегін тапты. Ал біздің іздеушілер жауынгердің туыстарын тапты. Осылайша бұл оқиғаның басы мен аяғы біріктірілді. Біз үшін Тікшекеев Мараттың қуанышына себепкер болу үлкен мәртебе. Әкесі, анасы, әжесі іздеген. Араға 80 жыл салып қазақстандық жауынгерді таптық. Осы ұзақ жолды бізбен бірге өткен барша азаматтарға шын жүректен алғыс айтамыз", дейді "Atamnyn Amanaty" қоғамдық бірлестігі басқарма төрағасының орынбасары Райгүл Мұшанова.

Тікшекеев Қайыржанды іздеу жұмыстары ұзақ жылдар бойы жүргізілді. Осы жылы қазақстандық солдаттың сүйегі табылып, оны Қазақстанға әкелу мүмкіндігі туды. Sputnik  Қазақстан баспасөз орталығында өткен онлайн брифинг барысында жауынгердің немересі Тікшекеев Марат айтып берді.

"Атамды іздеу жұмыстары 80 жылға созылды. Тікшекеев Қайыржанды оның анасы Жәмиля өмір бойы іздеді. Тікшекеев Қайыржан жалғыз ұлы болатын. Соңғы хатын 1941 жылдың шілде айында алды. Одан кейін баласымен байланысы үзіліп кетті. Хабар-ошарсыз кетті деген қағаз алдық. Атамызды әжем іздеді, әкем іздеді. 2004 жылы әкем дүниеден өтті. Атамыз майданнан жазған 12 хатын маған аманат етіп қалдырып кетті. Ары қарай іздеуді мен жалғастыратынымды айтты. 2009 жылы ас бердік. Осы жылы Украинада атаңыз табылды деген хабарды естіген соң, қатты қуандық", дейді ол.