Бүгін Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-сұхбат барысында №18 қалалық емханасының бас дәрігері Майя Большанова медициналық мекеменің коронавирус инфекциясының болуы мүмкін жаңа толқынына дайындығы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Egemen.kz
Пандемия кезіндегі негізгі міндет медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету және алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлерінің қауіпсіздігі", деді М.Большанова.
АМСК ұйымдарында "таза" және "лас" аймақтар құрылды. Эпидемияға қарсы режимді сақтау, аймақтарға бөлуді сақтау бойынша бақылау күшейтілді. Кіреберістерде күнделікті инфекциялық бақылау жүргізілетін санитарлық бекеттер қойылды.
Жұқтыру қаупінің дәрежесіне сәйкес ЖҚҚ-ның жеткілікті санымен қамтамасыз етілді;
Эпидемияға қарсы іс-шаралар, ЖҚҚ дұрыс пайдалану қағидаттары бойынша персоналды үздіксіз оқыту, ЖҚҚ дұрыс пайдалануды бақылау жүзеге асырылады;
Инфекциялық аурулары бар, оның ішінде індетке күдікті пациенттерге медициналық көмек көрсетуді тек сүзу (фильтр) аймағында және үйде мобильді бригадалар жүзеге асырады. Емхана жанынан құрамында дәрігер, медициналық бике, психолог немесе әлеуметтік қызметкер бар 6 мобильді бригада құрылды. Сондай-ақ, пандемия кезінде қажетті дәрі-дәрмектер қоры дайындалды.
Сонымен бірге, аурудың белгілері бойынша стандартты сұрақтармен жадынамалар әзірленді. Халық арасында әлеуметтік желілер, БАҚ, медициналық ұйымның сайтында бейнероликтер арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
"Тұрғындардан бетперде режимін, әлеуметтік қашықтықты, алдын алу шараларын, вакциналық профилактиканы сақтауды сұрағым келеді. Қазір емханаларда тұмауға қарсы тегін вакцина жүргізілуде, бұл егде жастағы пациенттер, балалар, жүкті әйелдер үшін тұмау вирусынан сақтану шараларының бірі", деді М.Большанова
Мамандар, ауру белгілері байқалған жағдайда бірден медициналық мекемелерге жүгіну қажет екендігін еске салады.