• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
07 Қараша, 2013

Блумбергтің дәуірі аяқталды

347 рет
көрсетілді

АҚШ-та барлық штаттар мен қалалардың мэрлерін сайлау болып өтті. Елдің ең алып шаһары – Нью-Йоркті 1989 жылдан бері алғаш рет демократ басқаратын болды. Яғни, аталған қала үшін сайлауда 52 жастағы адвокат Билл де-Блазио жеңіске жетті.

 

АҚШ-та барлық штаттар мен қалалардың мэрлерін сайлау болып өтті. Елдің ең алып шаһары – Нью-Йоркті 1989 жылдан бері алғаш рет демократ басқаратын болды. Яғни, аталған қала үшін сайлауда 52 жастағы адвокат Билл де-Блазио жеңіске жетті.

2001 жылдан бері Нью-Йоркті ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келген Майкл Блумберг үш рет қатарынан қалабасы болып сайланғандықтан, заң бойынша төртінші мәрте сайлауға қатыса алған жоқ. Ал Детройт мэрі болып 55 жастағы Майкл Дагган сайланды. Ол сайлаушылар дауысының 55 пайы­зын алған. Бұл қаланы ерекше айтып отырған себебіміз, оның тұрғындарының 82 пайызын афроамерикалықтар құрайды. Сондықтан 1973 жылдан бері алғаш рет қалаға ақ нәсілді адам басшылық жасайтын болды.

 

Рахмон өз жеңісіне сенімді

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ел президентін сайлауға қатысып, өз дауысын берді. Оның қоры­тын­­дысы бойынша, Э.Рахмон жаңа мерзімге қайта сайланбақ ниетінде. Ол ел астанасы – Душанбе қаласындағы сайлау учаскелерінің бірінде дауыс берген.

Тәжікстандағы президенттік сайлау кеше жергілікті уақыт бойынша таңғы 6.00-де басталып, кешкі 20.00-ге дейін жалғасты. Бүкіл ел бойынша 3 мыңнан астам сайлау учаскелері ашылды. 60 учаске елден тысқары жүрген тәжік азаматтары дауыс беру үшін шетелдерде жасақталды. Ал сайлауға президенттіктен үміткерлер ретінде тағы бес кандидат қатысты. Олар: Аграрлық партияның өкілі, академик Толиббек Бухориев, Экономикалық реформалар партиясының серкесі Олимджон Бобоев, Коммунистік партия серкесінің орынбасары Исмоил Талбаков, Социалистік партия серкесі Абдухалим Гаффоров және Демократиялық партияның серкесі Саидджафар Исмонов.

 

Каримованың президент болғысы жоқ

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнар Каримова президенттік амбициядан бас тартып отыр. Ол бұл туралы өзінің твиттерінде жазды. Оның атап өтуінше, ол өзін саясаткер санамайды және Өзбекстанды әйел басқару керек, өйткені, әйел еркектен ақылдырақ деген ұстаныммен де келіспейтінін білдірді.

«Бұл не сандырақ?! Ешкім ешқашан президенттік туралы талқылаған емес және талқылап та жатқан жоқ. Бұл қуатты да жігерлі және халық таңдаған ер адамның шаруасы», дейді респуб­лика басшысының қызы. Жалпысында, Гүлнар Каримова бүгінде 75-тегі ел президенті Ислам Каримовтің ықтимал ізбасары ретінде қарастырылып келген еді. Бірақ, соңғы кездері, кейбір БАҚ-тардың ақпараттарына қарағанда, ол көпшілікке жеккөрінішті күйге ұшыраған секілді. Тіпті, оны әкесі сабап салған деген де әңгіме бар.

 

Қытайда тағы да жарылыс

Қытайдың Шаньси провинциясындағы Тайюань коммунистік партиясы қалалық комитетінің ғимараты алдында бірнеше жарылыс жасалды. Оқиға салдарынан бір адам қаза тапса, сегізі жараланған. Мұны «Синьхуа» агенттігі хабарлады.

Жарылыс кеше шамамен таңертеңгі сағат 7.40-та жасалған. Жарылыс, кейбір деректерге қарағанда, жетеуден кем болмаған. Оқиғаға куәгерлердің бірі «Синьхуа» агенттігіне Инцзэ көшесінде микроавтобус жарылғанын мәлімдеген. Ал Қытай телевизиясының хабарлауына қарағанда, бомбалар гүл клумбаларына жасырылыпты. Осы оқиғадан сәл бұрын, дәлірек айтқанда, 28 қазан күні ел астанасы – Пекин қаласының орталығында қолдан жасалған жол-көлік оқиғасы орын алып, бес адам көз жұмғаны белгілі.

 

Кеңес басқыншылығының құны қанша?

Латвия министрлер кабинеті кеше елге кеңестік басқыншылықтан келген залал көлемін анықтайтын комиссия жұмысын қайта жандандырды. Бұл іске әуелде әділет министрлігі бастама­шы­лық танытса, комиссияны қаржы­ландыру Сеймде (парламент) мақұлданған болатын.

Комиссия құрамында прокуратураның, әскери мұражайдың, Балтия мен Солтүстік зерттеу орталығының, Басқыншылық мұражайының, Басқыншылықты зерттеу қоғамының, Латвия университетінің, сондай-ақ, бірқатар министрліктердің –экономика, қорғаныс, сыртқы істер және өңірлік даму министрліктерінің өкілдері бар. Латвия әділет министрі Янис Борданстың пікірінше, кеңестік басқыншылыққа Кеңес Одағы кінәлі болса, оның мұрагері Ресей де сондай деңгейде жауапты. Осы ретте Латвия Ресейден өтемақы алуға үмітті секілді.

 

Бапкер 18 кг. героинмен ұсталды

Мәскеуде Есірткі айналымын бақылау жөніндегі федералды қызмет өкілдері дзюдо жаттықтыру­­шысын 18 килограмм героинмен ұстаған. Бұл туралы кеше «Интерфакс» агенттігі хабарлады.

28 жастағы Тәжікстан азаматы «Щелково» спорт кешенінде дзюдо күресі бойынша жаттықтырушы болып істейді екен. Жақында ол тұрғын үйдің бір бөлігін сатып алса, құқық қорғау органдарының деректері бойынша, есірткі сақтайтын орын ретінде пайдаланып келген. Үйді тексеру барысында 2 килограмм героин табылса, тағы 2,7 килограмы жаттықтырушының жалдайтын пәтерінен шыққан. Қалған 13 килограмм героин ұсталғанның гаражынан алынған. Енді бапкер өмір бойы түрмеге отыру жазасына кесілуі мүмкін.

 

Беларусь оппозиционері тұтқындалды

Польшаның Щитно қаласында беларусьтік оппозиционер Сергей Пономарев қамауға алынған. Бұл туралы «Белсат» телеарнасы хабарлады. Оппозиционер екі саяжай үйін өртеді деп айыпталып отырған көрінеді.

Күдікті аталған іс бойынша қыркүйек айында-ақ тұтқындалса, әңгіме С.Пономарев туралы болып отырғаны кейін анықталған. Полиция күдіктіні оқиға орнында ұстаса керек. Ал ол өзінің әрекетін өртенген үй иелерінің бірі қарызын бермей жүргендігімен түсіндіруге тырысыпты. Ал прокуратура өкілінің сөзіне қарағанда, С.По­номарев өзінің кінәсін толық мойнына алған. Кейін белгілі бол­­­ғанындай, өртенген үйлер иесінің бірі Беларусь азаматы екен. Енді оппозиционер он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.

Соңғы жаңалықтар