Мемлекет басшысының мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру идеясын жүзеге асыру бағытында Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті тіл жанашырларының қатысуымен «Тіл тұтастығы – ел тұтастығы» тақырыбында онлайн конференция өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылып отырған бұл шараның басты мақсаты – қоғамда тіл мәселесін көтеріп жүрген азаматтардың пікірін тыңдау, қазақ тілін елдегі ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру бағытындағы ұсыныстарын талқылау, шешу жолдарын айқындау екен.
Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба мұндай кездесуден нақты пікір мен ұсыныс күтетінін ашып айтты. «Бұрын Одақ құрамында болдық, тілдік орта жоқ деп ақталдық. Дәл қазір «қауіпті кезеңді» бастан кешіп жатқандаймыз. Неге? Өйткені осы отыз жылдай уақыт ішінде мектепке барған бала жоғары оқу орнын аяқтап, елге қызмет жасайтын жасқа жетті. Отыз ауыз қазақша сөз үйренбеген адамнан не күтуге болады?! Әрине, мемлекет тарапынан қазақ тілін дамыту бағытында қыруар шаруа атқарылды. Бір ғана еліміздегі 99 тіл үйрету орталықтары бойынша 514 мыңнан астам адам оқып шықты. Олар ортамызда жүр ғой. Тілге қажеттілікте тудыратын өзіміз. Енді талап ететін уақыт жетті. Әйтпесе қоғамдық көлікте, дүкенде, қызмет көрсету саласында ана тілімізді өгейсітіп, өзге тілдің көмегіне жүгініп жүрген өзіміз. Ендігі жерде тілге жанашыр болып жүру аз, қорғаны болуымыз керек. Комитет жанынан «Тіл қорғаны» онлайн тобын құрып отырмыз. Еліміздің әрбір азаматы тіл төңірегіндегі сорақылықтар, көшедегі жарнама олқылықтары туралы мәліметін кез келген уақытта жібере алады. Заңгерлеріміз бар, бәріміз көтерілген мәселені шешуді ұйымдастырамыз», деді Әділбек Күнесханұлы.
Онлайн бас қосуда белгілі саясаттанушылар Дос Көшім, Расул Жұмалы, қоғам белсендісі Серік Ерғали, заңгер Абзал Құспанов, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, «Қазақ үні» ЖШС президенті Қазыбек Иса, «Тіл майданы» жобасының басшысы Қуат Ахметов, тағы басқа тіл жанашырлары қатысып, өз ойларын ортаға салса, Қазақстан Республикасы Парламенті мен Президент Әкімшілігі, Бас Прокуратура, Қазақстан халқы Ассамблеясы қатарлы құзырлы органдардың жауапты мамандары пікір алмасты.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты және Мәжіліс депутаттары А.Қапбарова мен Г.Шиповских тілдің маңызына терең тоқталды. Геннадий Геннадьевич инновациялық, түрлі технологиялар ғасырында жастарды қызықтыратындай сапалы контент мәселесіне тоқталды. «Әсіресе шетелден келіп жатқан атақты фильмдерді дубляждау жалғаса беруі қажет. Голливудтық кинолар қазақ тілінде сөйлеп тұрғанын көргенде кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Тағы бір өзекті мәселе – мемлекеттік қызметкерлерге қатысты. Өкінішке қарай, олардың ішінде өз ойын қарапайым қазақ сөздерімен жеткізе алмайтындар кездеседі, бұл, әрине, тұрғындар тарапынан орынды реніш туғызады», деді ол.
Белгілі саясаттанушы Дос Көшім қазақ тілі ахуалын орыстілді азаматтарымызға түсіндіру мәселесі кейінге ысырылып қалғанына өкініш білдірді. Тіпті «мемлекеттік тіл», «латын қарпіне көшу» деп күнде айтып жүрген дүниеден мақұрым қалған отандастарымыз жөнінде айтып, егер осы бағытта жұмыс жүргізсе, олардан тіл саясатының басты қағидаттары бойынша сөзсіз қолдау табуға болатынын өз тәжірибесінен мысал келтіре отырып жеткізді.
Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы тәуелсіздіктің елең-алаңында тіл тарихынан ойып орын алған «бүгінгінің Княгиндерін» табу керек деді. Оның ойынша, Парламентте үш мыңнан астам заң қабылданса, соның әрбір сөзінің қазақша баламасы бар. Ендеше, осындай өмір сүруге қабілетті, бай тілдің бағын байлау күнә, Тіл саясаты Комитетіне арнаулы құзыр беріп немесе өз алдына бөлек Агенттік ашу керек екен.
Мәдениеттанушы Серік Ерғали нақты ұсынысын айтып, мемлекеттік тілде қызмет көрсету салаларының тізбесі он жыл бойы бекітілмей келе жатқанына қынжылыс білдірді. «Жарнама, көпшілік орындағы ақпарат туралы мәселеде сөзді кім қалай түсінсе, солай беталды жаза беру аудармашылық кәсіптің сертификатталмай келе жатқанынан», деді ол.
Танымал заңгер, тіл тәжірибесіне заңдық-практикалық тұрғыдан белсене атсалысып жүрген тұлға Абзал Құспан мәселеге мына қырынан келіп: «Дүние жүзі елдерінің оң тәжірибесіне көңіл бөлген дұрыс. Мысалы, Нидерланд бұдан он жыл бұрын өз Конституциясына елге келген барлық иммигранттардың нидерланд тілін білу міндеттілігі туралы норма қосты. Испанияның Конституциясына сәйкес, бұл елдің әрбір азаматы испан тілін білуге міндетті. Бельгия елінде азаматтық алудың бірден-бір шарты сол елдің тілін ғана емес, салт-дәстүрінде жеткілікті білу», деді.
Бұдан кейін жиынға қатысушылар: мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілді еркін меңгерген азаматтарды ғана алуды «Мемлекеттік қызмет туралы» заңымен міндеттеу керек, бұл мемлекеттік қызметті қазақ тілінде тұтынушылардың құқығын қорғайды деген ұсынысын білдірді.