Ақмоладағы ат төбеліндей қаламгерлер қауымы үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қолдауымен «Көкшетау қаламгерлері» сериясы бойынша алты ақынның жинақтары басылып шығып, тұсаукесері өткізілді.
«Қысқа жіп күрмеуге келмей тұрған шақта», жазғаным қашан жарық көреді деп алаңдап жүрген ақындарды қолдау өнегелі іс. Бұл жолы белгілі ақын Қайырбай Төреғожаның «Көкжиек», Ерболат Баятұлының «Уақыт шеңбері», Алмас Темірбайдың «Жекебатыр», Ұлмекен Тыныштыққызының «Мен күткен көктем», Абылай Мәуленнің «Лабиринт», Табысбек Үсеннің «Бозжусан» жинақтары жырсүйер оқырманға жол тартты.
Салтанатты рәсімде облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова сөз сөйлеп, ұлттық әдебиетке жасалып отырған қамқорлықтың алдағы уақытта да жалғасын табатындығына тоқталды. Жазушы-драматург, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев жаңа кітаптардың тұсауын кесіп, құттықтау сөз сөйледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында «қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру, сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға ат салысу» деп атап көрсетілген, – деді Жабал Ерғалиев, – адам жанын сәулелендіретін әдебиет. Әдебиетке қамқорлық – болашаққа жасалып отырған жанашырлық деп ұғуымыз керек. Жақсы жырға сусап отырған жалпақ жұртқа тарту етілген тамаша олжа болды бұл!
Өлең оты алаулаған жиын барысында Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахат, Мәлік Ғабдуллин мұражайының директоры Құдайберлі Мырзабек, белгілі өлкетанушы Мұрат қажы Ыдырысов ақ тілектерін білдірді. Жинақтары жарық көрген алты ақын қол ұшын берген облыс басшылығына, кітаптардың түрлі-түсті, сапалы басылып шығуына жанашырлық жасаған қос ақын Қуаныш Оспан мен Мерген Тоқсанбайға алғыстарын білдірді.
Көкшетау қаласы