Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте экологиялық білім мәселесі талқыланды.
Бірінші болып сөз алған БҰҰ Даму бағдарламасы тұрақты даму және урбанизация бағдарламасының үйлестірушісі Фируз Ибрагимов экологиялық орталықтар құрылатынын айтты.
«Біз мемлекеттік деңгейде енгізілетін экологиялық тәрбие бағдарламаларын енгізу бойынша халықаралық тәжірибені, атап айтқанда, АҚШ, Еуроодақ елдері, Германиядағы жағдайды зерделедік. Табиғатқа ұқыпты қарау мәдениеті Қазақстанмен көрші елдердің өзінде жолға қойылған. Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстанда 2000 жылдардың басында қабылданған арнайы бағдарламалар бар. Экологиялық тәрбие тұрғысынан бір деңгейде болу үшін мектеп жасына дейінгі балалардан бастап ересек ұрпаққа дейін жобаны әзірлейміз. БҰҰ ДБ аясында соңғы 5 жылда 42 Назарбаев зияткерлік мектебінде «Климаттық қобдишалар» енгізілді. Жоба басқа оқу ошақтарында да қолданылып, өз нәтижесін беріп келеді. Біз балаларды табиғатқа ұқыпты қарауға, жер ресурстарын, су, орман және жайылым жерлерін тұрақты пайдалануға, білім мен ғылымды үйренуге мектеп қабырғасынан бастап баулимыз», деді Ф.Ибрагимов.
«Серпін» Ұлттық білім және инновация палатасының төрағасы Мұрат Әбеновтің ойынша, жүйелі берілген экологиялық тәрбие мен білім өндіріске пайдасын тигізеді. Сондықтан өндірістік орындар да өз кезегінде өскелең ұрпаққа экологиялық білім беруге мүдделі болуы керек.
«Ұлттық табиғи парктер ірі компанияларға берілді. Мысалы, Іле Алатауында қонақтарды қабылдайтын орталықтар бар. Онда балаларды жергілікті табиғат ерекшеліктерімен таныстырады. Яғни балалар демала жүріп білім алады. ЭКСПО кезінде қоқысты қайта өңдеу, одан энергия алу сияқты халықаралық деңгейдегі керемет технологиялар тәжірибеге енгізілді. Еліміздегі бір ұйым балаларды тың технологиямен қоқысты сұрыптап, оны дұрыс пайдалануды үйретеді. Компания оны қайта өңдеу арқылы пайда көреді. Жалпы, балалардың экологиялық білімін қалыптастыру үшін барлығымыз бірігіп әрекет етуге тиіспіз. Әр саланың өз бағыты бар. Сондықтан бұл міндетті тек Білім және ғылым министрлігіне артып қоюға болмайды», деп атап өтті М.Әбенов.
Қазақстан NUR ALEM павильонының жетекшісі Әсем Омар тәрбиенің алғашқы нәрі баланың бойына алдымен отбасында сіңірілетініне тоқталды.
«Экологиялық білімді қалыптастыру – әр отбасының міндеті. Баланың бойындағы туған жеріне, табиғатқа, қоршаған ортасына деген қамқорлық сезімін, жанашырлық қабілетін әке шешесі, ата-әжесі ояту керек. Ата-бабамыздың ұлан-байтақ жеріне немқұрайды қарамау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Тастаған қоқыс ертең өзімізге ауру болып жабысатынын түсінуге тиіспіз. Ауаның, айналамыздың, судың таза болуы бәрінен бұрын өзімізге керек, өйткені сол ауаны өзіміз жұтамыз, суды ішеміз, айналада жүреміз. Бастысы, осыны балаларға түсіндіруіміз қажет», дейді Ә.Омар.