Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Отырыста жыл басынан бері бөтен мүлкін ұрлаудың алдын алу бойынша атқарылған шаралар мен өңірлікқұқық бұзушылық профилактикасының 2020-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалуы туралы айтылды.
Биылғы 8 айдың көрсеткіші бойынша өңірімізде тіркелген ұрлық қылмысы 58% төмендеген, атап айтсақ, ұялы телефон ұрлығы 59%, пәтер ұрлығы 64%, көлік ұрлығы 69%, мал ұрлығы 14% азайған. Жалпы материалдық шығын 81 млн теңге болып отыр.
Облыс әкімі полиция департаменті басшылығы менқала, аудан әкімдеріне ұрлықтың барлық түрлеріне профилактика бағытында жұмысты күшейтуді тапсырды.
"Бірінші кезекте қылмысты болдырмауға, жолын кесуге бағытталған профилактикалық шаралардың күшейтілуі қамтамасыз етілсін, ұрлықтың алдын алуда учаскелік полиция инспекторларының жауапкершіліктері арттырылсын. Ұрлықтың түрлері бойынша "Қылмыстық картаға" сәйкес жергілікті полиция қызметінің патрульдеу маршрутын ұрлыққа бейім тұрғын аудандарға қайта бағдарлау қажет. Сонымен қатар, көпқабатты үйлердің кіреберістерін темір есіктермен, электронды құлыптармен, домофондармен, бейнекамерамен жабдықтауды ұйымдастыру керек. Пәтер ұрлығына тосқауыл қою үшін бірлесіп, тұрғындардың өз баспаналарының қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау қажеттігі түсіндірілсін. Ауыл тұрғындарына қараусыз малдың ұрыға жем болатынын ескертіп, пада мен бақташыларды жалдау тиімділігі кеңінен түсіндірілу керек. Сондай-ақ, малдарды сәйкестендіру мен таңбалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілсін және құзырлы органдарымен бірлесіп, ет өнімдерін сату және өндеумен айналысатын орындарға бақылау күшейтілсін", деді облыс әкімі.