Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 75 жыл толды. Кеңес Одағы мен фашистік Германияның арасындағы алапат майданға қазақ даласынан жүз мыңдаған адам жұмылдырылды. Қатардағы жауынгерден бастап әскери білімі бар санаулы қазақ офицерлері соғыс қимылдарына қатысты. Солардың бірі де бірегейі болған Шәкір Жексенбаев туралы қазіргі ұрпақ біле ме екен?
Шәкір Жексенбайұлы Жексенбаев 1901 жылы 28 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Орда ауданы Шоңғай ауылында дүниеге келген (кей деректер бойынша Қарақол ауылында). Хан ставкасы (қазіргі (Бөкей Ордасы) поселкесінде бастауыш училищені (қазіргі мектептің 8 кластық білім деңгейімен) бітіріп, аталған оқу орнының педагогикалық курсына оқуға түскен. 1918 жылдан бастап жергілікті кеңесте жұмыс істеген.
1919 жылы 1 Үлгілі қазақ атты әскері полкіне ерікті ретінде жазылып, бөлімше, взвод командирі, эскадрон командирінің көмекшісі болды. Жыл соңында Орынбор қаласы Борисоглебский Кавалерия училищесіне жіберілді. 1920 жылы оны бітірген соң осы оқу орнының бастығының көмекшісі, кейіннен Қызыл армияның Әскери академиясына (М.Фрунзе атындағы Әскери академия) оқуға түсті. 1924 жылы әскери қызметте болып, 1927-1928 жылдары Қазақ АКСР әскери комиссарының орынбасары болып, Украинадағы әскери бөлімдерде қызмет етті. 1931 жылы Жоғары әскери-техникалық курстарды бітірді, Қиыр Шығыс армиясының ерекше химиялық қызметінің бастығы, Батыс бағыттағы химиялық қорғаныс бөлімі бастығының аға көмекшісі, Брянск майданының химиялық қорғаныс бөлімінің бастығы болды. Оның басшылығымен рота қызметтерінде жоғары жарылғыш от жаққыштар құрылады, түтін перделері кеңінен қолданыла бастайды. 1944-1945 жылдары Орталық, кейіннен 2-ші Балтық жағалауы және Ленинград майдандарының химиялық қызметінің бастығы болады. Соғыс аяқталған соң 1949 жылға дейін К.Ворошилов атындағы Әскери академияның химиялық қорғаныс кафедрасының бастығы болып қызмет етті, әскери округтердің химиялық қызметін басқарды. 1949 жылдан отставкаға кеткенге дейін В.В.Куйбышев атындағы Әскери инженерлік академияның кафедра басшысы және аға оқытушысы болды. Отставкада жүріп бірнеше жыл Мәскеу қалалық ДОСААФ өртке қарсы қорғаныс мектебінде командир-нұсқаушы болып жұмыс істеді. «Ленин», төрт рет «Қызыл Жұлдыз», екі рет «І дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды. 1988 жылы қайтыс болып, Мәскеу қаласында жерленген.
Азамат соғысының ардагері Хамит Дәулетұлы Чуриннің Қазақстан Президенті архивіне сақтауға алынған жеке қорында Ш.Жексенбаевқа қатысты бірнеше іс сақталған. Аталған істердің бірі Ш.Жексенбаевтың өз өмірі мен Қызыл армия қатарындағы қызметі, естелік мемуарлар кітабын дайындау, қоғам өкілдерімен кездесуі туралы көптеген мәліметтер келтіретін жеке жазған хаттарынан тұрады. Хат алмасу 1943–1978 жылдарды қамтиды.
1944 жылғы 18 қаңтардағы хатын генерал: «Өз сезімімді білдіретін лайықты сөз таппай отырмын. Өмірде сондай сәттер болады, басыңдағы жағдайды қағазға да түсіре алмайсың немесе айта алмайсың. Сол жағдай дәл қазір менің басымда тұр. Сен мені түсінеді деп ойлаймын»... деп жүрекжарды сөзімен бастайды. Өзінің алғыс сезімін, құрметін, ілтипатын айта отырып, ширек ғасырдың, шалғай қашықтықтың кедергі жасамастан, алыс мектептегі жылдар туралы қымбат сәттерді бөлісіп, назар аударғанына ризашылығын білдіреді. Өзі туралы соңғы алған мамандығы бойынша жұмыс істеп жатқанын, 1940 жылғы шілденің басында болған әңгімелесуін еске алады. Соғыс кезінде жазылған соңғы хаты 1944 жылғы 18 мамырда келген. Содан кейінгі уақыттағы хаттары сақталмаған немесе Х.Чурин музей, архивтерге өткізген болуы мүмкін. 1970 жылғы 11 желтоқсанда Хамитке жазған хатында Ш.Жексенбаев: «Сәлеметсің бе, Хамит! Мектеп орындығынан бергі досым және жолдасым Хамит, иә, менің де жетпіс жылдығым таяп қалды. Мендегі бұл уақыт тіптен жақын – 28 ақпан 1970 жыл. Ал біз 1915 жылдан бастап дос болып келеміз, 55 жыл толыпты – жарты ғасырдан астам уақыт» деп басталады хат. 1976 жылғы 11 қаңтарда жазған хатында Ш.Жексенбаев «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісіне берген сұхбаты, әңгімесі жайында айтады. Алматыдан арнайы келген тілші, Шәкірдің Әскери академиядан «байдың баласы» ретінде шығарылып, оны бітіре алмай кеткен» деген пікірін білдіреді. Сол туралы «иә, 1921 жылы комиссия өмірбаяндық анықтамам жоқ болғандықтан оқудан шығару туралы мәселе қойды. Бірақ соңынан менің жастығым мен ұлтымды ескеріп, оқуда қалдырды, солайша мен академияны 1924 жылы бітірдім. Бәлкім кейбіреулер менің қызметіммен танысқысы келген болар» деп айтады. Кейінгі хатында да аталған тілшінің мақаланы жазып бітіргендігін, Чуринмен жолыққысы келетіндігін айтқанын баяндап, оның «менің әлеуметтік шыққан тегімді білгісі келіп жүрген сияқты, әңгімесін байқап көрерсің» деген өтініш жасайды. «Мені байдың баласы деген әңгіме өршіп тұрған секілді, әлгі тілші соны анықтауға келген болар. Осы бір бос әңгіме мені қауіптендіреді» деген күдігін білдіреді. 1976 жылғы 3 мамырдағы хатында: «Мына тілші өзінің «байдың ұлы болғаннан кейін оқудан шығарылған екенсіз ғой?» деген сұрағын қойып алып, жауап күтпей кетіп қалып еді. Сол сұрақ мені қатты ойландырды. Иә, мен бұл жөнінде М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияның архивінен барып нақтылап келдім, шығару туралы шешім 1922 жылы 20 қыркүйекте қабылданған, екі аптадан кейін 20 қазанда, РК (б) П ОК хатшылығының шешімімен оқуға қайта қабылдандым». Әр тыңдаушының аппеляциясы сақталмаған, бірақ қайта қалпына келтіру туралы шешімде Ш.Жексенбаевтың саяси мотивте, бай баласы ретінде емес, командирлік бөлімшелердің тәжірибесіздігі мен дайындықтың әлсіздігі себебінде оқудан шығарылғандығы анықталды. Денсаулығының әлсіздігінен ол екінші жылға қалдырылған. Оның ойынша: «Куйбышев қазақтарды, олардың жағдайын жақсы білгендіктен, мені Академияға қайта қабылдауға шешім шығарды». Ата-анасы туралы бірнеше мәліметтер беріп кеткен: «менің атам, тегім мен әкемнің атындағы атам 40 жыл бойы Бөкейхан ұрпақтарының малшысы болып, революцияның алдында орта шаруа болды. Оның үш ұлы мен үш қызы өзімен бірге тұратын. Тұңғыш немересі болғандықтан әжем бауырына басты, балалығымды солармен өткіздім. Әкем екі бауырымен жазда Төменгі Басқұншақта тұз өндірісімен немесе Бөкейхановтарға жалданып шөп шабумен айналысты, жекеменшік жері болмады, кейде Саратов-Астрахань теміржолында жұмыс істеді. 1918 жылы мен барлық мал мен ауылшаруашылық құралдарын жинастырып «Ақ ниет» ауылшаруашылық артелін құрдым. Оның өзінің жарғысы мен басқармасы бар еді. Мен Қызыл армия қатарына шақырылған соң ол артель тарап кетті. Әңгіме болып жатқан кезеңде 1922 жылғы күзде әкем Айталының орта шаруасы болды. 10 аты, 3-5 түйесі, 8-9 сиыры және 5-6 қойы бар еді. 1929 жылы әкем М.И.Калинин атындағы колхозға кірді, 1935 жылы қайтыс болғанға дейін колхозшы болып жұмыс істеді. Анам мен інім колхозда 1957 жылға дейін жұмыс істеді. Інім Сатбай 1939-1946 жылдары Кеңес армиясы қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатардағы жауынгер, саяси жетекші, (штурман), аға лейтенант ретінде қатысты, ешқайсысы ешкімді жалшылыққа алмаған, өз еңбектерімен күнелтіп өмір сүрді. Атам Жексенбай да, әкем Айталы да репрессияға ұшыраған жоқ, барлығы өз ажалдарымен Шоңғай немесе Қарақол – М.И.Калинин атындағы колхозда өмірден өтті», деп деректермен бөліседі.
Батыс Қазақстан өңірінің тумалары, азамат соғысы мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері Шәкір Жексенбайұлы мен Хамит Дәулетұлының ұзақ жылдарға созылған байланысын көрсететін құжаттар архивте сақтаулы. Екеуінің арасындағы тығыз қарым-қатынасты олардың хат-хабарлары айқындап береді. Хат жазу үрдісі жоғалып бара жатқан бүгінгі заманда кеңестік қоғам мүшелерінің байланысы үшбу хатпен жалғасқандығын көреміз. Өкінішке қарай, хаттар толық сақталмаған, үзік күйде. 1943 жылы жазылған хат пен 1960 жылдардағы хаттар арасында біршама үзіліс бар.
Шәкір Жексенбаевтың Қазақ үлгілі атты әскер эскадронын құруға қатысқаны, химиялық қаруларды пайдалану, химиялық шабуылға тойтарыс беру тәсілдерін оқытып үйретудегі ерен еңбегі де ескерусіз қалған жоқ.
Оның алғашқы кеңестік қазақ атты әскерінің негізін қалаушы екендігі, химиялық қаруға қарсы қорғаныс әдістерін саралаушы маман ретіндегі ерен ерлігі ел есінен кетпеуі тиіс. Ер есімі – ел есінде.
Әлия СҮЛЕЙМЕНОВА,
Қазақстан Республикасы Президенті архивінің бас сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты