Алматы қаласында Медициналық санитарлық алғашқы көмек (МСАК) жөніндегі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Алматы декларациясының 35 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті.
Алматы қаласында Медициналық санитарлық алғашқы көмек (МСАК) жөніндегі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Алматы декларациясының 35 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті.
Осыдан 35 жыл бұрын алғаш рет әлемнің 134 мемлекеті бас қосып Алматы декларациясын қабылдаған еді. Сол келісім бойынша медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамытуға басымдық беріліп, мұны бүкіл әлемдік денсаулық сақтау жүйесі үшін басты бағыт етіп ұстану тәртібі айқындалған-ды. Медициналық көмек көрсету жобасының басты қағидалары мен даму элементтері де осы Қазақ жерінде бір ізге түскен.
1978 жылғы Декларацияда тұжырымдалған МСАК философиясы халық денсаулығын сақтау саласында әлемдік бірегей стратегия әзірлеуде алғашқы әрекет ретінде танылып, «2000 жылға қарай денсаулық барлығы үшін» қағидасын жариялаған Алматы декларациясын Бүкіләлемдік денсаулық сақтау хартиясы деп жариялаған.
Халықаралық конференция аясында Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық бюросының директоры Жужанна Жакаб, БҰҰ Балалар қоры-ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Джун Кукитаның қатысуымен Алматы декларациясын қабылдаған Республика сарайының қасбетінде ашылған мемориалдық тақтаның салтанатты рәсіміне қатысып, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде келешекте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алғашқы медициналық көмек көрсету жөніндегі кеңсесінің орналасатын жерінде болды. МСАК бойынша алғашқы кеңсе ДДҰ атқарушы директорының шешімімен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен аталмыш жоғары оқу орнының іргесінде 2014 жылы өз жұмысын бастайды.
Әлемнің алпыстан аса мемлекетінен айтулы мамандар келіп қатысқан халықаралық конференцияны Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова салтанатты түрде ашып, алқалы жиынды өзі жүргізіп отырды. Адамзат денсаулығының бүгіні мен келешегі сөз болған отырыста Премьер-Министрдің орынбасары Е.Орынбаев, Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Волков, Алматы қаласының әкімі А.Есімов, ДДҰ ЕБ директоры Ж.Жакаб, ЮНИСЕФ бағдарламасының директоры Н.Алипуи, Еуроодаққа қарасты 27 елдің атынан Литва денсаулық сақтау министрі В.Андрюкайтис, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ш.Аккая, Парламент Сенатының әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы А.Бижанов, Ресей денсаулық сақтау министрінің орынбасары И.Каграмян, Ислам әріптестік ұйымының бас директоры С.Алпай және 1971-82 жылдары денсаулық сақтау министрі болған, қазіргі «Қазақ тағамдану академиясының» президенті Т.Шарманов сөз алып, әлемдік деңгейде күллі адамзаттың болашағына қызмет етіп отырған бұл ынтымақтастық қатынастың маңыздылығына тоқталды.
Бұдан әрі екі күнге созылған халықаралық конференция аясында әр алуан секциялық жұмыстар жүргізіліп, медициналық заманауи құралдар мен көмек көрсетудің тиімді шаралары туралы көрмелер ұйымдастырылды. Әр елдің медицина мамандары өздерінің тәжірибесімен бөлісіп, өзара пікір алмасу және жан-жақты пайдалы кеңестер беру мүмкіндігіне де ие болды.
Бірлескен жұмыс нәтижесі халыққа, әсіресе, ауыл тұрғындарына денсаулық сақтаудың қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, профилактикалық бағдарламалардың тиімділігін көтеруге, инфекциялық емес ауруларды туындататын тәуекел факторларымен күресті күшейтуге зор ықпал ететін болады. Жиында талқыланып, мақұлданған шешімдер «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын 2014-2015 жылдары іске асыру барысында жоспарланып отырған Медициналық санитарлық алғашқы көмек көрсету реформаларына негіз болары хақ.
МСАК жөніндегі Алматы декларациясының 35 жылдығына арналған халықаралық конференция шеңберінде еліміз Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық бюросының директоры Жужанна Жакаб 2014-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі екі жылдық келісімге қол қойды.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.