Еліміздің «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына енгізілген өзгертулерге байланысты соғыс ардагерлері мен жетімдер үйінде тәрбиеленетін балалар мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезектен тыс пәтер алуға құқылы.
Еліміздің «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына енгізілген өзгертулерге байланысты соғыс ардагерлері мен жетімдер үйінде тәрбиеленетін балалар мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезектен тыс пәтер алуға құқылы.
Осы заңға орай облыс әкімі Қанат Бозымбаев ата-ана қамқорлығына зәру 15 жеткіншекпен жылышырайлы кездесу өткізіп, оларға тиесілі пәтер кілттерін салтанатты жағдайда табыс етті. Пәтерлі болған жетімдердің арасында Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйін 2008 жылы бітірген Александр Муравьев деген жігіт те бар. Үйленіп, бір баланың әкесі атанған ол бүгінде қала маңындағы Шөлдала ауылында пәтер жалдап тұрып жатқан болатын. Тараз қаласындағы «Бәйтерек» шағын ауданынан берілген «өз үйі – өлең төсегінің» табалдырығынан аттаған ол «мына бақыт, мына сый-сияпат рас па, өтірік пе?» дегендей, қуаныштан жылап жіберді. Осындай тағы бір пәтер иесі Айдос Қойлыбаев әлі 9-сыныпта оқып жүр екен. Енді, міне, ол да өзінің үй-жайы жоқ әпкесі екеуі баспаналы болғанына қуанып, пәтерлерінің табалдырығынан оң аяқтарымен аттады.
Бүгінде Тараз қаласындағы Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйінде – 283, ал Меркі ауданындағы В.Савва атындағы балалар үйінде 144 жетім бала тұрғын үйге зәру.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Тараз.