Бүгінде білім – адам капиталының басты құндылығына айналды. Білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Педагогика ғылымында оқушылардың сапалы білім алуы күнделікті беріліп жатқан білімнің нәтижесін тұрақты, жүйелі бақылап отыруға тәуелді. Әлемдегі үздік инновациялық мектептер өз жұмысының нәтижесін үнемі күрделі мониторингтік бақылау жасап қана сапалы білім беруді қамтамасыз етеді. «Білім сапасын анықтайтын өлшем жүйесі жасалынбайынша оның сапасын көтеру мүмкін емес. АҚШ-та білім сапасын дамытуға бөлінген қаражаттың 20-25%-ы білімнің мониторингтік, тестілік бақылау жүйесін жетілдіруге жұмсалады» дейді белгілі педагог-ғалым А.Құсайынов («Егемен Қазақстан», 05.02.2016 жыл).
Тестілік сынақ Еуропа елдерінде бұдан бірнеше ғасыр бұрын енгізілген. Оның басты артықшылығы – білім беруші мекемеге тәуелсіз бақылау жүйесі; субъективті ықпалдың болмауы; бақылауға адамдық фактордың қатыспауы; мемлекеттік стандарт талабына сәйкес жалпыға бірдей білімді бағалау шкаласының қолданылуы; әр оқушының білімі мен біліктілік деңгейін айқындап, оларға уақтылы талап қою арқылы сапалы білім беруге қолайлы жағдайдың жасалуы.
О баста, 2004 жылы елімізде тұңғыш рет ҰБТ моделі енгізілгенде белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор А.Құсайынов «...ол талапкер мен түлектердің білім сапасын әділ бағалауды және білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықты жоюды қамтамасыз етуі керек» («Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы»: Алматы-2013, 131-бет) десе, сол кездегі еліміздің Білім және ғылым министрі Ж.Құлекеев: «ҰБТ-ның мақсаты – мұғалімнің әділетсіз бағалауымен күресу. Өткен жылдары біз үздік аттестат иелерінің оқуға түсер алдындағы емтиханда екі алғанын көп көрдік. «Алтын белгіге» үміткерлердің 30 пайызы ғана білімін дәлелдеді. Ең бастысы, енді ата-аналар қай мектепте, қай мұғалім қандай пәнді жақсы оқытатынын білетін болды» («Время» газеті, 24.06.2004 жыл) деген еді.
Осы жылдары білімді бақылаудың мемлекеттік ұлттық бірыңғай тестілеу моделі түлектердің білім стандартын қандай дәрежеде меңгергенін, мұғалімдердің білім берудегі кәсіптік шеберлігін анықтауда мол тәжірибе жинақтады. ҰБТ моделінің жылдар бойы атқарған тарихи миссиясы – білім сапасының өсуіне қолайлы жағдай жасауы. Оқу орнына түлектерді қабылдау олардың білім дәрежесіне қарай жүргізіліп, білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықты жоюда ерекше рөл атқарды.
Жалпы білім беруде білім сапасына қатысты ҰБТ моделі, сөз жоқ, бірден өз мүмкіндігін толық көрсете алған жоқ. Алғашқы жылдары білім сапасын тестілік бақылау мен бағалауда кемшілік те, қиындық та болды. Ең бастысы, мектеп жаңа жүйені қолдануға практикалық та, психологиялық та жағынан дайын емес еді.
Ең алдымен ҰБТ мектеп бағдарламасындағы білім стандартының мазмұнын тест сұрақтары арқылы қамтып, аз уақыт ішінде жүздеген оқушының білім деңгейін анықтау мүмкіндігіне күмән болды. Екіншіден, ҰБТ-ның жоғарғы балдық көрсеткіші талапкерлердің білім деңгейіне сәйкес келетініне, олардың жоғары оқу орындарында ауқымды, жан-жақты білім алуларына қолайлы жағдай жасайтынына да күмәнді көпшілік бірден сене қойған жоқ. Тағы бір басты мәселе – ҰБТ-ға берілетін уақытқа қатысты еді. Тестілік мемлекеттік емтиханға берілетін уақыт көлеміне де қарсы пікір аз болған жоқ Бірақ ғалым-әдіскерлердің пікірлері, жалпы мектептердің практикасы, өз тәжірибемізде ҰБТ-да берілетін 3 сағат 30 минут уақыт жеткілікті екенін көрсетті.
Алайда ҰБТ моделін мониторингтік бақылау жүйесінде, сапалы білім беруде тиімді қолдана отырып, мол тәжірибе жинақтағанымызға қарамастан, мектепте тестілік бақылаудың рейтингі тым төмендеп кетті. Тіпті ҰБТ-ны мектептің, білім сапасының рейтингі болудан қалды деп арқаны кеңге салушылар да көбейді.
Бірінші кезекте, білім стандартының меңгеріліп отыруын қамтамасыз ету, жай мектептерден бұрын, жоғарғы сыныптарда бейінді білім беруді қатаң, бірыңғай оқушының қабілет-икемділігіне қарай жүзеге асыра отырып, оларды оқу орындарына даярлау, ең алдымен, гимназия, лицей, дарынды балалар мектебінің міндеті. Бірақ күнделікті білім берудің сапасын қадағалап, педагогикалық мониторингтік жүйенің тиісті дәрежеде жүзеге асырылмауы, жаңа типті мектептердің өзінде де білім сапасы жай мектептен көп ілгері бола алмай отыр. Өйткені білім сапасын айқындайтын өлшем жүйесінің әлсіздігі, ҰБТ рейтингінің екінші кезекте қалуы білім сапасын уақтылы айқындап, олардың статустарына сәйкес қатаң талап қоюға мүмкіндік бермейді.
Еліміздегі жалпы білім беруде ҰБТ рейтингінің ең жоғары болған 2010 және 2011 жылдары тестілік бақылауда түлектердің орта балдары 84,8-ден 96,6 балға дейін көтерілсе (ол кезде тестінің ең жоғарғы балы – 125 болатын-ды), соңғы жылдары ол көрсеткіш 65,5 балдан (2019 ж.) 64,0 балға дейін (2020 ж.) төмен түскен (қазіргі тестінің ең жоғарғы балы – 140 болғанына қарамастан).
Сонда түлектер бұдан он жыл бұрын тестілік 125 сұрақтың 96,6-на дұрыс жауап беріп, 77,2% әжептәуір білім дәрежелерін көрсетсе, соңғы жылдары тестінің 140 сұрағынан 64,0 балл жинап, мүмкіндіктің орта дәрежесіне де қол жеткізе алмаған.
Сол 2010 жылдары республика бойынша жаңа типті мектептердің ішінде Орал қаласының мамандандырылған дарынды балалар мектебі түлектерінің тестілік орта балы (41 оқушы) 120,7 болып, 100% грантпен жоғары оқу орнына қабылданған екен, кейінгі жылдары мұндай жоғарғы балдық деңгей мүлде кездеспейді (мәліметтер Білім және ғылым министрлігінің сайтынан алынды).
Білім сапасына тікелей қатысты бұл өзгерістерден, соңғы жылдары ҰБТ-ны білімді бақылаудың өлшем жүйесінен алып тастауға дейін барып, оның рейтингін төмендетудің мектептегі білім сапасына қаншалықты кері әсер еткенін нақты көруімізге болады. Осы негізде күнделікті білім беру процесінде, оқушының міндетті меңгеруге тиіс, пән бағдарламасының білім стандартындағы минимум білімді (тест сұрақтарын) тиянақты, жан-жақты, жүйелі меңгеріліп отырылуын қамтамасыз ету екінші кезекке шығып, онымен жаппай репетиторлар айналысуда. Олар негізінен кешкі ақылы мектептер; жекелеген педагогтер; соңғы жылдары тіпті волонтерлер де оған қатыса бастады.
Қазіргі түлектер ҰБТ-ға әзірлену үшін мектептен тыс репетиторлар жалдауына, «шпаргалка» әзірлеуге және де тікелей тестінің дайын жауаптарын сырттан көшіріп алу үшін түрлі байланыс құралдарын қолдануға мәжбүр. Мұндай көрініс барлық жерде әдеттегі жағдайға айналып барады. Тіпті жалпы білім беретін мектептердегі мұғалімдердің өздері осы бағытта жұмыс істейді десе де болады.
Мысалы, республикалық тест орталығы директорының ақпаратына қарағанда, алдыңғы жылы тестілік сынаққа қатысқан 88 583 түлек тестілеу барысында 84 мыңнан астам тыйым салынған зат, оның ішінде 40 мыңнан астам электронды құрылғы мен 44 мыңнан астам қағаз түріндегі шпаргалка қолданған («Егемен Қазақстан», 4 шілде 2017 жыл). Бұл – тек ресми деректер. Сонда біздің түлектеріміз ҰБТ-ны толыққа жуық шпаргалка көмегімен тапсырады деген сөз. Тестілік бақылауда әжептәуір жоғары балл жинап, грантпен түскендер де, «Алтын белгі» алғандардың да оқу орнында үлгере алмай, оқудан шығып жатқандары сөз жоқ, ҰБТ-да шпаргалкамен емтихан тапсырғандар.
Қазіргі біздің жағдайымызда түлектер мемлекеттік тестілік емтихан кезінде шпаргалкамен де жоғары балл жинайтынына күмәнсіз қарайтын дәрежеге жеткен сияқты. Ал ол оқушылардың күнделікті білім алуға деген ынтасына да жалпы мектептің, мұғалімдердің сапалы білім беруге деген жауапкершілігіне кері әсер етіп отырған бірден-бір жағдай.
Сондықтан мемлекеттік емтиханда түлектердің қандай да болсын шпаргалка қолдануына үзілді-кесілді тыйым жасау керек. ҰБТ моделінің, білім сапасын объективті анықтайтын қызметін өзіне қайтара отырып, оның сапалы білім берудің басты факторына айналуына қолайлы жағдай жасауға тиіспіз.
Тестілік бақылаудың басты қағидасы – сырттай тәуелсіз бақылау. Оның нәтижесі жоғары болуына мүдделі қандай да субъективті фактор оған қатынаспауы керек. Сонда ғана тестілік білімді бақылау, бағалау моделі білім стандартының орындалу деңгейінің объективті көрсеткіші бола алады. Сондықтан алдағы уақытта «Ұлттық тестілеу орталығы Үкіметтің немесе Президент Әкімшілігінің құзырына берілуі керек» дейтін ұсынысты жүзеге асыратын да уақыт жеткен сияқты. Сонда ҰБТ моделі Білім және ғылым министрлігіне тәуелсіз, сырттай еліміздің жалпы білім беру жүйесіндегі білім стандартының орындалу деңгейін объективті анықтайтын бірыңғай өлшем жүйесі қызметін атқара отырып, мұғалім мәртебесінің өсуіне де, білім сапасына да оңтайлы ықпал етер бірден-бір білімдік факторға айналған болар еді.
Толықтай алғанда, рухани жаңғыру кезеңінде білім сапасына қойылып отырған талаптарды жүзеге асыруға қолбайлау болып отырған кемшіліктерді жойып, қол жеткен бар инновациялық тәжірибені алға дамыта білуіміз қажет-ақ.
Нәсіпқали ДӘУЛЕТОВ,
«Құрмет» орденінің иегері, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор
Асқар АМАНБАЕВ,
М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университеті қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент
Батыс Қазақстан облысы