Таяуда емханаға таксилетіп жетуге тура келді. Жүргізуші мен көлікке отырар-отырмастан қайда баратынымды сұрап алды да, әңгімені көсілтті келіп. Сондағы айтатыны – емхана дәрігерлерінің біліксіздігі. Мен өзімнің қан қысымым көтеріліп, емхана дәрігеріне қаралған соң ғана көзім шайдай ашылып, сергіп қалғанымды айтып, жақсы дәрігерлер де көп қой дедім. Жүргізушім мені естімеген сыңай танытып, жүрегі ауыратынын айтты. Осыдан біраз жыл бұрын астанаға екі рет жолдамамен барып тегін ота жасатыпты.
– Содан жақсы болып қалып едім, соңғы кезде жүрегім тағы мазалай бастады. Енді Ресейге барып ота жасатамын. Шекара ашылмай жатыр. Әйтпесе...
– Ресейде ота жасату қымбат шығар. Бағасын білдіңіз ба? – деп едім, самарқау ғана «Бізге тегін ғой» – деді де, алдымыздағы «Nissan Juke»-ті дәу де болса әйел адам жүргізіп келе жатқанын айтып, оны сыбай жөнелді.
– Тегіні қалай?
– Үлкен ұлым Екатеринбургте тұрады. Оған Қостанайдағы шешемнің үйін сатып, сол жақтан пәтер алып бердім. Өзім сол жерде тұруға ықтиярхат алып алғанмын. Бір жылға жарайды. Сосын мерзімін тағы создыртып аламын. Шекараның бірде арғы бетіндегі, бірде бергі бетіндегі адамбыз. Қай бақшаның жемісі тәтті, соны жейміз. Ал сендердің қазіргі Отан, мемлекет деп жүргендерің әншейін алдамшы ұғым, жерлес. Нағыз Отан одақ еді ғой, – деп ырс-ырс күлді. Манадан бері молдован ба деп отыр ем, енді сығанға жори бастадым. Көзінен «Менің сенен артықшылығым да осында» дегенді оқығандай болдым. Көңілім су сепкендей болып көліктен түстім. Ішімді бір нәрсе күйдіріп барады. Қызғаныш емес. Әлгінің екіжүзділігі мен сатқындығы. Өзім өмір бойы кие тұтып келген қастерлі ұғымдардың ол үшін түкке алғысыз екеніне күйіндім.
Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Былтыр ақпарат алу үшін Nur Otan-да өткен жиналысқа бардым. Шаруамды бітіріп, жұмысқа қайтып келе жатырмын. Астымдағы өз көлігім. Күздің суық жаңбыры құйып тұр еді. Жол шетінде қол көтеріп тұрған кейуананы анадайдан байқадым. Әлдеқайда асыққан машиналар тоқтамай өтіп кетіп жатыр. Бүгіле бүрісіп тұрған кәрі кісіге жаным ашып кетті. Тоқтап артқы есікті ашып, – отырыңыз, – дедім. Тоқтамай кеткендерге кейіс айтып, маған алғысын жаудырып жатыр:
– Әпкем біраздан бері төсек тартып қалды. Өздігінен жүріп-тұра алмайды. Соған тамақ пісіріп, күніне екі рет әкеп беріп тұрамын. Жарты сағат бойы ешкім тоқтамайды, сені құдай жарылқасын, 200 теңге беремін, – деп мекен жайын айтты.
– Үйіңіз жұмысыма жақын екен, өзім де сол жаққа бара жатырмын, ақшаңыздың керегі жоқ. Өзіңіз нешедесіз? – деймін.
– Желтоқсанда 90-ға толамын.
– Әпкеңіз ше?
– Галя 95-тен асып кетті ғой.
– Балаларыңыз жоқ па? Олар неге қарамайды?
– Бар ғой. Галяның 2 ұл, 1 қызы, менің 3 ұлым, немере-шөберелеріміз бар, құдайға шүкір. Бәрі Ресейде ғой. Күн сайын хабарласып тұрады.
– Енді балалардың қолына барып тұрмайсыздар ма? Жалғыз қиын ғой.
– Пәтеріміз өтпей жатыр. Тағы екі үй бар. Бізді соларды қарау үшін тастап кетті. Біздің үй орталықта ғой. Қымбат, ешкім алмайды. Арендаға берейік деп едім, балалар көнбеді. Еурожөндеу жүргізіп тастаған. Бөтен адам тұрса тоздырып жібереді дейді.
– Қаншаға сатып алып едіңіздер?
– Кезінде өкімет берген үйлер ғой. Осында жұмыс істедік. Кім білген бұлай боларын...
Кемпірді жеткізіп тастап, қайтар жолда тағы ойға баттым.
Осы екі оқиғадан кейін қос азаматтығы немесе ұзақ мерзімге тұруға ықтиярхаты бар қосмекенділерге күмәнмен қарайтын болдым. Ел ішінде жүрген соң, көріп-біліп жүреміз, осы аймақтың ең құйқалы жерін иемденіп, диқаншылық етіп дән егіп, жер еміп байып отырған көп отандастың бала-шағасы шекараның арғы бетінде өмір сүріп жатыр. Сол жаққа үйін салып, күйін жасап қойған. Жерден түскен пайдасының 90%-ын сол жаққа жөнелтіп отырады. Тіпті, әбден қоң жинап алған соң, мемлекеттен ұзақ мерзімге жалға алған жерді миллиондаған ақшаға сатып, көшіп кеткендер де бар. Олар үшін бұл жер – жайлы жұмыс орны. Бар болғаны осы ғана.
Ата заңның 10-бабы мен «Азаматтық туралы» Заңның 3-бабы Қазақстан азаматына басқа мемлекеттің азаматтығын қосарлап алуға тыйым салады. Заң бойынша, шет мемлекеттің азаматтығын қабылдаған Қазақстан азаматы отыз тәулік ішінде Ішкі істер органдарына немесе Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне шетел азаматтығын алғанын хабарлап, қолындағы Қазақстан Республикасының паспортын немесе жеке куәлігін тапсыруы міндет.
Өкінішке қарай, заңды белден басып шетел азаматтығына ие болып, екі елдің арасында еркін сайрандап жүргендерге тұсау болмай тұр. Мәселен, биыл 8 айдың ішінде тек Рудный қаласының өзінде қос азаматтыққа ие 5 адам анықталған.
Қалалық полиция басқармасына қарасты көші-қон қызметі бөлімінің бастығы Біржан Аманбаевтың айтуынша, заңбұзарлар шетелдік азаматтық алу фактісі туралы ішкі істер органдарына хабарлап үлгермедік немесе ұмытып кеттік деген себептерді алға тартып өздерінің іс-әрекеттерін ақтап алуға тырысқан.
– Бұл 5 азамат ӘҚБтК-нің 496-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы баптың 1, 2-тармақтарына сәйкес, мұндай адамдарға Қазақстан азаматының төлқұжатын заңсыз пайдаланғаны үшін жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Сондай-ақ шетел азаматтығын алғаны туралы тиісті органдарға уақтылы хабарламағандардың мойнына 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл жүктеледі немесе Қазақстан аумағынан шығарылады, – деді Б.Аманбаев.
Қостанай облысы