• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Қазан, 2020

Білікті білім ордасы

1162 рет
көрсетілді

Шәкірті биіктен көрінсе ұстаз мерейі артады. Әмбе білім ордасының бәсекеге қабілетілігі түлектерінің деңгейімен өлшенсе керек. Тарихы терең, тағылымы мол «Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын М.Арын атындағы №24 «Экономика және бизнес» арнаулы лицейі сол үдеден шығып келеді. Бүгінде Талдықорған қаласында орналасқан білім шаңырығы еліміздегі ең таңдаулы мектептердің бірі.

Түлеп ұшқан түлектері сапалы білімнің нәтижесінде мемлекеттік тестен сүрінбей өтіп, тегін оқуға жолдама алатынын бұған дейін ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. 2015 жылдан бері ҰБТ нәтижесімен өңір көлемінде көш бастап, Қазақстанның үздік 27 математикалық мектептер қатарына қосылды.

Жалпы, лицейде 62 мұғалім қызмет етеді. «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, лицей директоры Мария Галиева бастаған білікті мамандар тәлімді шәкірт тәрбиелеп, көптің ыстық ықыласына ие болып жүр. Атап айтсақ, Марзия Кожагельдинова, Туғанай Аяпова, Мұрат Буланов, Гүлбаршын Долаева, Салтанат Ибраева, Рысхан Байшығашова, Қиса Маулет, Бақыт Нұрғожаева, Камида Тулеметова, Зиялы Абилова, Гаухар Асылбекова сынды ұлағатты ұстаздар топтасқан ұжымның берекесі жарасқан. Қазіргі қашықтан оқыту технологиясы негізінде «Daryn.online» платформасын кеңінен қолданып,  аудио-сабақтар арқылы оқушылардың білімін жетілдіруде.

Лицей мұғалімдерінің «You Tube» каналындағы онлайн сабақтары да бүгінде ең қажетті ресурс көзі болып табылады. Өз каналдары арқылы тәжірибелерін ортаға салып, оқушыларға тиімді ақпараттар таратып жатыр. Биылғы білім саласындағы өзгерістерге қарамастан, 2019-2020 оқу жылында бітірген 61 оқушының  56-сы мемлекеттік грантты қанжығалаған. Бұл еліміздегі ең үлкен нәтиже. Оған халықаралық байқаулар орын алған оқушыларын қосып салмақтап көріңіз.

Балаларының жеткен жетістіктеріне риза болған ата-аналардың мектеп ұжымына айтар алғысы шексіз. Атақты ғалым Мұхтар Арынның есімін арқалаған білім ордасының әлі де үлкен белестерді бағындырарына сенеміз.