Ұстаздар күніне орай Нұр-Сұлтанда дарынды қыз балаларға арналған Bilim-Innovation мектеп-интернатының жанында ағаш отырғызылып, экологиялық акция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мектеп аумағын абаттандыруға Нұр-Сұлтан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия өкілдері, сонымен қатар әкімдік қызметкерлері қатысты.
"Қазіргі таңда мұғалім мамандығы өте маңызды. Өйткені, мұғалімдер - жас ұрпақтың ақылшысы. Мектептің айналасы әсем әрі жасыл, ал қыздар бақытты және әрқашан жақсы көңіл-күйде болғанын қалаймыз", дейді жергілікті полиция қызметі елордалық ювеналды полиция бөлімінің бастығы, кәмелетке толмағандар істері және оларды қорғау жөніндегі комиссияның мүшесі Нэлля Дощанова.
Ұстаздар күніне орай мұғалімдерге азық-түлік себеттері мен әкімдіктің алғыс хаттары табысталды.