Жайық өзенінің мәселесі аз айтылып жүрген жоқ. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевты қабылдаған кезде де Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі айтылды. Президент бұл мәселені Үкіметпен бірлесе отырып шешуді тапсырды.
Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі соңғы бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түспей келеді. Бұрынғы ағысы қатты, арнасы толық өзен қазір жоқ. Көктемде өткел бермей тасып, сай-саланы толтыратын асау өзен ол айбарынан айырылған. Махамбет «Ат салмай өтер күн қайда?!» десе, бүгін кей жерінен жас балалар жаяу кешіп өтетін мүсәпір күйге түскен.
Былтыр Батыс Қазақстан облысында су тапшылығынан Жайық өзенінің деңгейі соңғы 50 жылдағы ең төмен көрсеткішті көрсетіп, экологиялық апат дәрежесіне таяп қалған болатын. Яғни Жайықтың орташа деңгейі әдетте 594 см шамасында болса, былтыр оның көлемі 240 см-ден аспады. Оның үстіне биылғы қыс қарсыз, жауын-шашынсыз болды. Экологтардың «Егер су деңгейі осылай құлдырай берсе, Жайық маусымдық өзен болып қалуы әбден мүмкін» деген тұжырымы жергілікті тұрғындарды қатты алаңдатқан.
Бастауынан байланған
Жайық өзені бастауын Ресей аумағынан алады. Орал тауынан шыққан өзен Башқұртстан, Челябі, Орынбор облыстары арқылы Қазақстанға кіреді. Өзеннің жалпы ұзындығы 2 428 шақырым болса, 1 049 шақырымы Қазақстанға тиесілі. Жайық суының 70 пайызы көктемгі су тасқынынан толығады. Ол судың 80 пайызы Ресей аумағында қалыптасады. Соңғы жылдары өзеннің Қазақстандағы бөлігінде су тасымайтын болды. Мұны халық Ресей аумағындағы жасанды су қоймалары мен бөгеттерден көреді.
Бүгінде Ресей Федерациясында Жайық суын реттейтін ірі-ірі 4 су қоймасы, 80 гидротүйін бар екен. Ал өзен арнасын толтыратын шағын-шағын салаларды байлаған топырақ бөгеттердің саны 3100-ге жететін көрінеді. Өзеннің жағдайы өлімші екенін ресейлік ғалымдардың өздері де айтып, дабыл қағуда. Мәселен, Ресей Ғылым академиясы жанындағы Дала институтының директоры, академик Александр Чибилев «қос мемлекет тез арада Жайықты құтқару, ортақ пайдалану бойынша біріккен шешім қабылдамаса, өзен Каспийге жетпей қалуы мүмкін» дейді. Тарихта мұндай болған. Қазір жойыла жаздап тұрған Жем өзенінің аяғы 1939 жылға дейін теңізге тіреліп жататын...
Күткен су келмей тұр
Дегенмен қазақстандық мамандар өзен суының азаюын көбіне жалпы экологиялық құбылысқа балайды. Бұрын Жайықта көпжылдық орташа су көлемі 9,46 млрд текше метр болса, 2006 жылы өзен суы 5,7 млрд текше метрге азайған. Былтыр соңғы 50 жылдағы ең аз мөлшер – 3,5 млрд текше метр су келіпті. «Жайық-Каспий» бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Әзимоллиннің пікірінше, судың аз мөлшерде келуі 2023 жылға дейін жалғасуы мүмкін екен. Мұны ғалымдар ескерткен көрінеді.
Трансшекаралық өзеннің мәселесін оны жағалап отырған Батыс Қазақстан мен Атырау облысы шеше алмайтыны бесенеден белгілі. Қазақстан мен Ресей арасында бірнеше мәрте үкіметаралық отырыс та өтті. Премьер-министр Асқар Мамин Орал қаласына сапарында еліміздің Сыртқы істер министрлігіне Ресейдің тиісті органдарымен жұмыс істеуге, Жайық өзені бассейнінің экожүйесін зерттеп, мәселені шешу жолдарын ақылдасатын біріккен сарапшы орган құру жөнінде тапсырма да берген еді. Бұл мәселеге сол кездегі Сенат спикері Дариға Назарбаева да араласып, тіпті Мәскеуде Ресей мен Қазақстан арасында ортақ жұмыс тобын құру туралы да ұсыныс айтқан болатын.
Нәтижесінде, Қазақстан мен Ресей басшылары екі елге ортақ Жайық пен Ертіс өзендерінің экожүйесін қорғау жөнінде келісімге келді. «Үкіметаралық комиссия шеңберінде Жайық өзені бассейні бойынша Эксперттік кеңес қүрылып, қазір біріккен жұмыстар басталды» деп хабарлады бізге «Қазсушар» мекемесі.
Биыл наурыз айында Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев «наурыз айының басында Орынбор қаласында өткен кездесуде ресейліктер Иреклі су қоймасынан жіберілетін су мөлшерін былтырғымен салыстырғанда 2 есе көбейтуге келіскенін» айтқан еді. Халық қатты қуанды. Алайда күткен су келмеді. Ресейдегі көп қар жерге сіңіп кетіпті.
Не істеу керек?
Былтыр Орал қаласында үкіметтік емес ұйымдардың бастауымен Жайық өзенінің апатты жағдайына арналған қоғамдық тыңдау өтті. Өзен суының азаюының түрлі себебі айтылғанымен, «мәселені шешуге жергілікті деңгейде не істеуге болады?» деген сауал күн тәртібінде тұрғаны анық.
Жергілікті экологтар мен жанашырлардың пікірінше, ең алдымен Жайық өзенінің түбін тазалау керек. Соңғы 20 жылдан бері мұндай жұмыс жүргізілмеген. Өзен түбі таязданып, аралдар пайда болуының бір себебі де осыдан. Дегенмен мұндай шараларды терең ғылыми зерттеулер жасап барып атқару керек. Онсыз да қыл үстінде тұрған өзеннің экожүйесін мүлдем бүлдіріп алу қаупі бар.
Биыл Батыс Қазақстан облысының көп бөлігі су тапшылығын қатты көрді. Облыстың оңтүстігіндегі Жәнібек, Қазталов және Жаңақала аудандарының қажеті үшін Ресейден Еділ суы алынатын. Осы аймақтағы Қараөзен мен Сарыөзенге де көршіден келетін су қажет. 2020 жылы Қараөзен мен Сарыөзенге су сатып алуға республикалық бюджеттен 1 439,0 млн теңге бөлінген екен. Ол 80,3 млн текше метр су алуға жетеді. Ал Батыс Қазақстан облысы қосымша тағы 1 млрд теңгенің жобалық құжатын жасап, республикадан қаржы сұраған. Бұл жыл басынан бері көтеріліп келе жатқан, әзірге шешілмеген мәселе.
Жақында ғана Батыс Қазақстан облысына келіп кеткен Сенат депутаты Нариман Төреғалиев та «Қазсушар» кәсіпорны аймақтық филиалының басшылығымен кездесуде Жайық өзеніндегі жағдайды өңірлік деңгейде емес, мемлекетаралық деңгейде шешу қажеттігін айтқан еді.
Жайыққа жайған алақан
Өзі осылайша суға жарымай отырған жаралы Жайықтың өзі бүгінде Батыс Қазақстан облысының сусаған оңтүстік аудандарына шамасы келгенше нәр беріп отыр. Орал қаласының төменгі жағынан бөлінетін сала арқылы Жайық-Көшім ирригациялық жүйесіне су алынады. Ол жоғарыда айтылған Ақжайық, Қазталов, Жаңақала аудандарында мал шаруашылығын дамыту үшін аса қажет. Кеңес кезінде салынған, қазір кеуіп қалған Азнабай-Тайпақ арнасының бойындағы шаруа қожалықтары да Жайық суынан үмітті. Бастауын Ресейден алатын Қараөзен мен Сарыөзен де судан тарыққалы «бұл өзендердің де арнасын Жайық суымен толтырайық» деген ұсыныстар айтылып жүр.
Ал мұның бәріне Жайықтың суы жете ме?! «Казсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Батыс Қазақстан облыстық филиалының дерегінше, биылғы жарты жылда Жайық өзенінен Жайық-Көшім жүйесіне 401,910 млн текше метр су алуға рұқсат етілген екен. Оның орнына бар болғаны 169,983 млн текше метр су жіберілген. Бұл жоспардың 42,3 пайызын ғана құрайды. Ал жалпы жылдық рұқсат етілген көлем – 607,0 млн текше метр көрінеді.
Су неге алынбай отыр? Өйткені Жайықтағы су деңгейі мүлдем төмендеп кеткен. Жайық өзенінен Көшім каналына бұрын су өз күшімен ағып шығатын болса, қазір қосымша күш керек.
Келесі жылы қосылады
– 2019 жылы «Қазсушар» мекемесінің облыстық филиалы 2,8 млрд теңге жұмсап, Шаған өзеніне су алынатын арна табанының кей тұстарын тазартып шықты. Круглоозерный ауылы тұсындағы көпір Жайық-Көшім суландыру жүйесіне баратын су ағынын тежеп тұрғандықтан, оны айналып өтетін арна қазылды. Осылайша судың өту қарқынын 15-20 пайызға көбейттік, – дейді Батыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ринат Шәуенов.
Бүгінде сушылар аз суды ысырапсыз пайдалану қамын жасап жатыр. «Қазсушар» филиалы су арналарын тазалап, канал бойындағы гидрореттегіш құрылғыларға жөндеуге кіріскен. Жәнібек суландыру жүйесіндегі 35 шақырымдық Қамысты ауылдық су арнасы қайта жасалып, Қазталов ауданындағы Талдыапан көлтабанына шығар арна тазартылған. Ақжайық ауданының Қараша каналы аршылған.
Басқарма берген мәліметке қарағанда, Киров-Шежін магистралды арнасының IV кезеңін жаңарту барысында Жайық өзенінен су алу үшін механикалық насос стансасын салу жоспарланып отыр екен. 8 насос агрегаты жүзбелі сорғы стансасында орнатылмақ. Бұл жоба 2021-2022 жылдары жүзеге асырылмақ.
«Бұл жұмыстар табиғи жайылымдық алқаптарды жақсартып, арна бойындағы суармалы жер телімдерін де сумен қамтамасыз ететін болады. Ресейден сатып алатын су мөлшеріне мұқтаждық азаяды. Қуаңшылық салдарын Жайық суымен реттейміз» – батысқазақстандық сушылардың әзірге тапқан амалы осы.
Өзенге тұсау салынды...
Жақында жергілікті басылымда Жайықтың Көшім каналына су шығатын тұсында үстінен су сырғып ағып өтетіндей арнайы бөгет қою қажеттігі туралы идея жария болды. «Оның ең басты қызметі – суды қажетті деңгейге дейін көтеру, яғни жасанды тосқауыл қою арқылы суды көтерген кезде ол каналдарға өз күшімен аға береді. Сөйтіп тез арада оңтүстіктегі бүкіл канал-көлдерді, Қараөзенді суға толтырамыз. Ағысы қатты Жайықта бұл әбден жүзеге асатын шаруа. Ешқандай насостың, басқа да құрылғылардың қажеті жоқ. Су көлеміне қарай бөгетті көтеруге, не түсіруге болады. Шығыны насоспен айдағанмен салыстырғанда анағұрлым аз екені айтпаса да түсінікті. Бұдан қалаға да, далаға да пайдалы» деп жазады әріптесіміз Тоқтар Кенжеғалиев «Орал өңірі» газетінде. Бірақ бұл жобаға Жайық-Орал бассейндік инспекциясы қарсы. Өйткені бұл экологиялық талаптарға қайшы, өзендегі балықтардың табиғи қозғалысына кедергі келтіреді.
Дегенмен оңтүстік аудандардағы халықты, мал шаруашылығын су тапшылығынан құтқару үшін қазір облыс басшылығы амалсыздан төтенше әрекетке барыпты. Көзімізбен көрдік, Жайық өзенінің дәл Көшім каналына су шығатын тұсында ағысқа кесе көлденең етіп жүк таситын баржаны қойып қойыпты. Жоғарыдан келген ағыс баржаның қабырғасына тіреліп, Жайық-Көшім ирригациялық жүйесіне қарай лықсып жатыр. Ал Ақжайық ауданының төменгі бөлігіндегі Қарауылтөбе, Базартөбе ауылдарының тұсында өзен деңгейі тіпті төмендеп, паром қайырлап, қайраңдап қалыпты...
P.S. Президент Батыс Қазақстан облысының әкіміне өңірде етті мал шаруашылығын дамытуды және осы бағытқа ғылыми тұрғыдан баса мән беруді тапсырды. Ал мал шаруашылығын дамыту үшін су қажет. Сондықтан өңірдегі су тапшылығын шешудің балама нұсқаларын тез арада қарастыру керек. Жалғыз Жайық бәріне жетпейді ғой.
Батыс Қазақстан облысы