Израиль елінің Реховот қаласында орналасқан Вайзман медициналық ғылыми-зерттеу инсититутының профессоры, қатерлі ісік дертін емдеудің танымал маманы Рони Сегер мырза ұялы телефонды әр кез қолданған тұста бөлінетін электромагниттік өріс барлық тіршілік иелеріне, cоның ішінде адам ағзасына аса үлкен зиян тигізетінін дәлелдеп шықты.
Бұдан бұрын да финляндиялық ғалымдар ұялы телефоннан бөлінетін радиоактивті сәуле адамның жұлын-жүйке жүйесі мен мидағы қан тамырларына кері әсер ететіні жайлы мәлімдеген еді. Іле-шала швециялық мамандар да ұялы телефонды үздіксіз 10 жыл қолданған адамның есту қабілеті әдеттегі тұлғалармен салыстырғанда 39 пайыз нашарлағанын байқаған.
Сол сияқты аустралиялық дәрігер-ғалым нерв жүйесі һәм ісік ауруларының білгірі Вин Куран ұялы телефон пайдаланатын 100 адамға физиологиялық тұрғыдан салыстырмалы зерттеу жүргізіп, бақылаудың нәтижесінде бұлардың көбінің ми қабатын ісік шалу зиянын байқаған. Бұл дерт арада 10 жыл өткенде тіпті ұлғайып, өлім қаупін туғызарын анықтаған. В.Куран мырзаның пайымдауынша, әлем бойынша темекінің салдарынан жылына бес миллион адам ажал құшатын болса, болашақта ұялы телефон зиянынан өмірден өтетіндер саны бұдан да бірнеше есе көп болары хақ дейді.
Жоғарыдағы ғаламдық қауіпті тенденция біздің ел тұрғындарын да айналып өтпесі анық. Дәл қазір республика көлемінде телекоммуникацияның дамуына байланысты, элекетромагниттік өрістер жойдасыз өсе түсуде. 1990 жылмен салыстырғанда елімізде, оның ішінде үлкен және моноқалаларда, электромагниттік өрістің таралуы ондаған есе өсіп, тіпті ірі қалаларда оның мөлшері қалыпты нормадан 1000 есе артқан көрінеді.
Яғни, қалыптан тыс көбейген электромагниттік өріс адамның нерв жүйесіне, ішкі ағзаларына, физиологиялық дамуына зиян келтірумен қатар, ескі ауруларын қоздырып, адамның сергек ойлау, жақсы көру, дұрыс есте сақтау қабілетін әлсіретіп, жыныстық ағза және эмбрионның дамып жетілуі мен қызметіне теріс ықпалын тигізеді екен. Әсіресе жүкті әйелдердің электромагниттік өріс аумағында болуы іштегі нәрестені туа бітті кеселге ұрындырары ғылыми тұрғыдан дәлелденіп отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын «екіқабат әйелдердің ұялы телефон пайдалануы оның денсаулығына орасан зиян тигізеді» деп иондық емес сәуледен қорғану жөніндегі Ресей ұлттық комитеті де дабыл қаққан болатын.
Қазіргі таңда күллі адам баласы, әсіресе жастар күндіз-түні «соткаға» жабысып, бір сәт ажырамайды. Түнімен музыка тыңдайды, бір-бірімен хат-хабар алмасады. Ғалымдар ұялы телефонды қуаттандыратын қондырғы адамнан жарты метр алыс болғаны жөн дейді. Егер бұдан жақын болса, онда жоғары кернеулі электр сымының астында ұйықтағанмен бірдей екен.
Сондай-ақ ұялы телефон пайдаланушылар қатаң ескеретін жайт – құрылғыны тоққа қосқан күйде пайдаланудың қатері. Мұндай жағдайда, яғни тоққа қосулы телефон антеннасы жоғары деңгейде радиация шығарады да қызған құрылғы адамның дене мүшелерін, соның ішінде миын қыздырып денсаулығына кері әсер етеді. Тіпті кейбір жағдайда сапасыз смартфон салдарынан пайдаланушы өмірімен қоштасу жайлары да тіркелуде.
Мысалы, өткен жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылында қуатталып тұрған ұялы телефонды пайдаланудың кесірінен тоқ соғып 15 жастағы бойжеткен көз жұмса, жақында ғана аталған облыстың Қаратал ауданында 14 жастағы оқушы тоққа қосулы телефонмен сөйлесіп отырғанда құрылғы жарылып, жас өмірі қыршын кетті.
Британдық әлеуметтанушы Энтони Гидденс: «Біздің қоғам нашақорлар мен маскүнемдерден қашады. Оларды ұнатпайды. Болашақта ұялы телефонның зияны бұл екеуінен де асып түсерін адамзат әлі сезіне алған жоқ», десе, айфонның атасы Стив Джобс отбасы мүшелеріне үй ішінде ұялы телефон қолдануға тыйым салып, бос уақыттарын кітап оқуға жұмсайтын қатаң үрдіс қалыптастырғанын мәлімдесе, ежелгі көрші қытай ағайындарда ұялы телефонның зиянын қара бұқараға ескерту үшін Хэйхэ қаласының орталығына «Смартфон ұстаған үлкеннен кітап құмар бала артық» деген ойды ишара етіп үлкен ескерткіш орнатыпты.
Сөз соңында, айтарымыз ақын бауырымыз Қуаныш Қолқаев: «Басып озған зияны, Талай-талай «мықтыны», Адам бүгін ұялы, Телефонның тұтқыны. Құлыпсыз сол түрмеге, Құмар-ақ жұрт шетінен. Қонақта да, үйде де, Көз алмаймыз бетінен...» дегендей, «ұялы телефонның тұтқыны» болудан сақтанайық ағайын!