Қостанайдағы І.Омаров атындағы қазақ драма театры ХХІ маусымын Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Ана» повесінің желісімен қойылған «Құс жолы» премьерасымен ашып отыр. Драмалық шығарманың режиссері – Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Абдықадыров.
Театр ұжымы аталған туындыны әуелі мамыр айында сахналап, Жеңістің 75 жылдығына тарту етуді көздеген. Алайда карантин кедергі болып, көрермен көптен күткен қойылыммен күзде ғана қауышып отыр.
Қырғыз режиссері адамзат тарихында қанмен жазылып қалған сұрапыл соғыстың өшпес зардабы мен өлшеусіз қайғы-қасіретін қойылымның бас кейіпкері – Толғанайдың талайлы тағдыры арқылы шынайы ашып көрсете білген. Толғанай – аяулы жары мен енді ғана ер жеткен үш бірдей ұлы майданда қаза тапқан құсалы ана. Көкірегіндегі шері тас болып қатқан бақытсыз әйел. Жалғыз алданышы – жастай жесір қалған жалғыз келіні мен колхоздың ауыр шаруасы ғана. Қойылым барысында соғыс жылдарындағы ауыл тұрмысы мен тылдағы әйелдердің жанкешті еңбегі көременнің көз алдынан тізбектеле өтіп, сахнада ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңдегі адалдық пен опасыздық, қатыгездік пен сүйіспеншілік сияқты кереғар қасиеттердің тайталасы таразы басына тартылады. Сахналық туындының көркемдік шешімі Толғанай Ана мен Жер Ананың диалогы арқылы көрініс тапқан.
Спектакль кейіпкерлерін кілең жас актерлер сомдаған. Көпшіліктің көзіне жас үйіртіп, көрермендер залын әлсін-әлсін шыққан күрсініске толтырған әсерлі туындының сәтті сахналануын театр әртістерінің шеберлігіне телідік.
Жаңа маусымның ашылу салтанатында театр ұжымын мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов құттықтады.
– Жеті айдан артық үзілістен кейін әртіс пен көрермен қайта қауышқан тамаша кеш болып жатыр. Қатары жас мамандармен толыққан театр труппасы өзінің жоғары кәсіби деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп, репертуарын кесек туындымен толықтырып отыр. Алдағы уақытта театрдың 20 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтіп, өнер қайраткерлеріне құрмет көрсетуді көздеп отырмыз, – деді басқарма басшысы.
Көрермен қауым үзіліс кезінде таяуда ғана ашылған театр мұражайын тамашалап, өнер ордасының тарихымен танысты.
Қостанай облысы